Жаңалық Мақала Редакция таңдауы

Қазақ батырлары және олардың сауыт-жарақтары

Батыр деген кім? Оның сауыт-жарағы қандай және неден жасалған? Батырлардың шынайы кейпі қандай болған?

«Батыр – жаугершілік кездер мен әскери жорықтарда жеке ерлігімен көзге түскен ержүрек, қаһарман адамдарға берілетін құрметті атақ. Батырлық – жеке адамға тән патриоттық қасиет».

Сонау арғы бабаларымыз үйсін күнбилерінен бастап түркі дәуіріндегі Оғыз батыр, Тоныкөк батыр, одан кейінгі кездерде өмір кешкен Қобыланды, Ер Тарғын, Ер Қосайдан Қабанбай, Бөгенбай дәуіріне дейінгі аралықта көшпенділер елінің өмірінен батырлық пен ерліктің ерен тұлғалары жаратылып, соған катысты ұшан-теңіз жыр-аңыздар туған. Сонымен бірге солардың ерлігін әйгілеуге лайықты өзіндік сауыт-жарақтары да болған. Олардың сауыттарының, яғни қорғаныс немесе шабуыл киімдерінің мынадай түрлері бар:

1. Кеудені қорғайтын жарақтар. Оның кеудеге кию арқылы қолданылатын түрі және «шарайналар» деп аталатын денеге байлау, тағыну арқылы қолданылатын түрі болған.

2. Басты қорғайтын жарақтар – дулығалар.

3. Қолды, аяқты қорғайтын қосымша жарақ түрлері – жеңше, тізелік, балтырлықтар.

4. Қолға ұстап қолданылатын жарақ –қалқан.

5. Аттың денесін корғайтын жарақтар – ат сауыттары, ат томағалары, т.б.

ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫНЫҢ САУЫТ ТҮРЛЕРІ

Көбе сауыт. Табиғаттағы құстардың қауырсындарының, жыланның, балықтың қабыршақтарының сыртқы түріндей, тырнақтың көбесі сияқты бірін-бірі жауып тұратын сауыт түрі «көбе сауыт» деп аталады. Көбе сауыт көбінде металдан жасалады. Сырттай қарағанда жыланның қабығына ұқсап кететін мұндай сауыт әрі көрік, әрі айбат береді.

Кіреуке сауыт. «Кіреуке» сөзі «селдір», «торлы» деген мағынаны білдіреді. Құстың селдір, жіңішке, ұлпа жүндері «кіреуке жүндер» деп аталса, селдір, торлы шымылдықты «кіреуке шымылдық» дейміз. Демек, кіреуке сауыт дегеніміз – тор тәрізді сауыт. Бұл сауытты болат немесе темір «шығырықтардан» тоқу, өру арқылы жасайды.

Берен сауыт. «Берен» сөзі тілімізде «берен» немесе «бегренг», яғни «берік», «асыл болат» мағынасын білдіреді. Ежелгі сақтар дәуірінен бермен қарай көп колданылып келген мұндай сауыт кеудені қорғап тұратын тұтас темір тақтадан дайындалып, сыртын шегелермен өрнектеп шығарады. Қабанбай жырындағы «ақ берен деген сауыт бар, жағасы бар, жеңі жоқ, ағайынды адамның өкпесі бар, кегі жоқ» дегендегі «ақ берен» – осы.

Жалаңқат сауыт. Бұл сауыт түрі металдан тұтастай соғылып жасалған екі бөліктен – кеуделік және арқалық бөліктен тұрады. Жалаңқат, яғни жалаңқабат делінуіне қарағанда бір ғана қабаттан тұратын болса керек. Сыртқы формасы жеңсіз кеудеше пішіндес, белден сәл ғана түсіп тұратын қысқа болады. Екі бөлігі бір бүйірінен топсалар арқылы, бір жағынан және екі иық тұсында бау немесе ілгек арқылы байланған. Жалаңқаттар алғашында қалың теріден жасалып, кейін темірден соғылған.

Қаттама сауыт. Ол матадан, жұмсақ киізден тігіліп, мақтамен, жүнмен сырылып жасалған. Сырт киімдерді қорғаныс сауыты ретінде кию шығыста өте ертеден келе жатқаны мәлім. Көне грек тарихшысы Геродоттың жазуынша, ассириялықтардың осындай матадан сырылған сауыт түрін Египет патшаларына сыйға тартқан. «Сауыт матадан тігіліп, түрлі жануарлар суреттерімен кестеленіп, алтынмен әшекейленген және шашақтар тағылған», – деп жазады ол (Геродот 11,153- бет). Осы тәріздес сауытты теріден, киізден дайындап қазақ батырлары да оны қорғаныс сауыты ретінде киген.

Торғауыт сауыт. Қазақ батырлар жырында «тоғыз қабат сауыт», «тоғыз қабат торғауыт, сегізінен өтеді», «Көбіктінің үстінде – тоғыз қабат ақ сауыт, шапсаң қылыш кеспейді, атсаң оғың өтпейді» («Қобыланды батыр» жырынан) деген жыр жолдары кезігеді. Осыған қарағанда және «торғауыт» деп аталуына қарағанда бұл сауыт әу баста моңғол батырлары киген сауыт болса керек. Кейін оны көшпенді елдердің басқалары да пайдаланған тәрізді. Оның әлденеше қабатты, бәлкім, тоғыз қабатты сірне терілерден сырылып жасалғандығы мәлім. Зерттеулерге қарағанда, оның сырты әртүрлі ою-өрнектермен безендіріліп, әшекейленген. Қазындыларға қарағанда, мұндай қорғаныс сауыттарын шығыс халыктары бұрын көп пайдаланған екен.

Шарайна. Ерте кездерде жауынгерлер қарудан қорғаныс ретінде сырт киімнің кеудесіне, арқасына, иығына дөнгелек болат тақталар бекіткен. Олардың бетін тегістеп, жылтыратып, қоятындықтан жүрт оны «шарайна» деп атап кеткен.

Дулығалар. Сыртқы көрінісіне қарай дулығалар – көбелі дулыға, кіреукелі дулыға, зерелі дулыға, қаттамалы дулыға, жалаңқат дулыға деп бірнеше түрге бөлінеді. Ал жасалу пішініне қарай да өзіндік атаулары болады.

1. Бөрік пішіндес дулығалар. Төбесі онша биік емес, дөңгеленіп келеді, кейбірі бірнеше сайдан құралады немесе тұтас соғылады. Жиегінде құрсауы болады немесе дөнес қырмен бөлектеніп тұрады.

2. Қалпақ пішіндес дулығалардың төбесі биік, үшкір немесе сопақ болады, кейбіреуінде қалпақтікіндей жиегі болады.

3. Телпек (тақия) пішіндес дулығалардың төбесі аласа, жеңіл жасалады. Бастың үстіңгі жағын ғана жауып тұрады. Оны жеке өзін де немесе дәу дулығаның астынан киеді.

4. Күләпара пішіндес дулығалардың төбесі биік болмайды, желкелік, құлақтық бөліктері болады. Мұның кейбірі тұтас, кейбірі бөлек жасалады. Дулығалардың сыртына орнататын ілгектері, баулары болады. Сондай-ақ сүйек немесе металл тіліктерді де орнатылады.

Ат сауыты. Көне грек тарихшысы Геродот: «Олар (массагеттер) аттарына да мыстан жасалған, кеудені жауып тұратын сауыт кигізеді. Ал жүгендерін, шылбырларын алтынмен әшекейлейді», – деп жазады. Демек, ат сауыттары сонау сақ дәуірінен бермен қарай бар. Қазақ батырларының ат сауыты теріден, киізден, металдан әртүрлі етіліп әрі өрнектеліп, бүгінгі күнгі ат кежімі немесе ат жабуы пішіндес етіліп жасалған. Қобыланды жырындағы:

Бурылға қыз Құртқа,

Алтыннан жабу оюлап,

Құлағын тігіп қиюлап,

Балағына түсірді, –

деген жолдар – осының дәлелі.

ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫНЫҢ ҚАРУЛАРЫ

Ату қаруыжақ (жай, садақ). Бұлардың ішінде «жақ, «жай» (жа) сөздері ату қаруы ретінде барлық туыстас Түркі халықтарында осылай немесе осыған жақын сөздермен аталады. «Бұл атау «Оғызнама» жыры мен Күлтегін ескерткіштерінде де бар. Жақ серпінді етіп ағаштан немесе сүйектен жасалған», – деп көрсетеді Зейнолла Сәнік. Ату міндетін атқаратын бөлігі – «адырна», оған керілген оқты тіреп қоятын жібін «кіріс» деп атайды.

Кірістен оқ заулап жүріп дәл кетті,

Нақ сақпанның тасындай оқ сарт етті…

«Шақшақ Жәнібек батыр» жырында кезігетін осы жолдардан да оның қандай орында қолданылғандығы мәлім болып тұр.

Садақ. Садақтың арғы тегі сақтар дәуірінде дүниеге келген. Тарихта «скифтер садағы», «ғұн садағы», «түркі садағы» деген садақ түрлері кезігеді. Қазақ садағы осылардың біршама дамытылған түрі. Серпінді, кірістен босатылғанда қарсы жаққа иіліп тұрады. Қазақ садақтары жасалған шикізатына қарай «қайың садақ», «қарағай садақ», «үйеңкі садақ» және қайыңның қабығымен қаптаған сарғыш түсіне қарай «сарсадақ» деп аталған. Еспенбет жыраудың «сарсадақ іліп беліме, айғайлап жауға тием деп» дегені соны білдіреді. Мұндай садақтар «саржаға» деп те аталған. Кейін келе мылтық қаруы жалпыласқан соң ату қаруының қатарына ол да келіп қосылып, дала соғысында көп қолданылған.

Түйреу қаруы – найза. Жақын қашықтықта, қоян-қолтық айқаста түйреу міндетін атқаратын қару – найза. Оның қарсыласты мерт қылатын негізгі бөлігі – басы, қолға ұстайтын жері – сабы. Найзаның ұзын келген, екі басы да үшкір. Сауытты тесуге арналған түрі «сүңгі» деп аталады. Айқаста сүңгінің екі жақ басы бірдей қолданылады. Найзаның басындағы темірден жасалған түйрейтін бөлігі «жебе» делінеді. «Ер Қосар» жырындағы «жебелі найза қолында, бес мың қолдың соңында» деген сөзі соның белгісі. Жебенің «ұшы», «қыры» бар. Сапқа орнатылатын бөлігі – ұңғысы. Ұшы мен ұңғысының арасында кейбір найза жебелерінің дөңгеленіп келген «күмбезі» болады. Найза сабының қолға ұстайтын тұсына және төменгі жағына қайыстан ілгек жасайды. Жорық кезінде сол ілгектермен қолдың қары мен үзеңгінің басына іліп кояды.

Жыда – найзаның қысқа түрі. Көне түркі заманында ол көбінде жаяу соғыста қолданылған. Найзанын қабы да осылай аталған. Кейінгі атты соғыс кезінде найзанын ұзындығы 1,5-2 метр етіп жасалатындықтан, найзаның бұл түрі қатардан қалып қойған.

Найзаның сабына әртүрлі ағаштар орнатылалы. Соған қарай ол «қайың найза», «қарағай найза», «емен найза». тб., деп аталған.

Найзаға батырлар әртүрлі дәреже белгілері ретінде ту, байрақ, қыл (жібек) шашақтар, жалаулар (желек) таққан. Ту – қолбасылық, байрақ – әскербасылық, батырлық дәрежесінің, жалау – әскер бөліктерінің айыру белгісі. Ал шашақ батырлар белгісі болып саналған. «Жалаулы найза жанға алып» (Ақтамберді), «шашақты найза қанға сүңгіп тұншықпай» (Шақшақ Жәнібек), «қолбасы ер Қабанбай ту ұстаған, қайраты қаһарланса, құрыштаған» («Кабанбай» жырынан), т.б. міне, осындай жалауына, шашағына, ұстаған туына карап батырлардың дәрежесі парықталып отырған.

Кесу қаруықылыш, семсер, сапы. Қоян-қолтық айқаста кесу міндетін атқаратын қару – қылыш. Сондықтан қазақта «қылыш міндеті – кесу» деген мақал бар. Бұл қарудың ертеде қолданған екі жүзді, түзу түрі «семсер» деп, семсер сияқты түзу, бірақ қылыш сияқты бір ғана жүзі бар түрі «сапы» деп аталған. «Көн садақты, семсерлі, кынапты қара сапылы» («Сырым батырдан») деген жыр жолдары соның дәлелі.

Қылыш (семсер, сапы) бөліктерінің атаулары мынадай: кесетін темірі – болат, қолға ұстайтын бөлігі «сап» деп аталады. Ол ағаштан, мүйізден жасалады, ұштары алтындалып, асыл тастармен әшекейленеді. Сабындағы қолға іліп алу үшін тағатын жіп – бүлдірге. Бүлдіргенің ұшы кішкентай шашақпен бітеді. Қылыштың (семсердің, сапының) сапқа кіргізетін бөлігі жете, сабы мен қылыштың болаты түйіскен жеріндегі қолды тіреп тұратын темір «балдақ» деп аталады. Кесу қаруының алғашқы үлгілері біздің заманымызға дейінгі VІІ ғасыр мен біздің заманымыздың ІІІ ғасырлары аралығында жасаған сақ, скиф, сарматтар заманында дүниеге келген. Олардың алғашқы семсерлері қысқарақ – 70 см мөлшерінде жасалған, оны «ақинақ» деп атаған. Кейбір қылыштардың басы ауыр болуы үшін жалпайынқырап келіп, сырт жағы шығыңқы болады. Оны «жалман» дейді. Қылыштың кейбір түрін шапқанда ағынмен жайратып түсіру үшін жалмандарын үлкейтіп жалпақ етіп жасайды. Ондай ауыр, үлкен қылыштар қынсыз, жалаң ұсталған. Қылыштың мұндай түрін казақтар «алдаспан» деп атап, оны жоғары бағалаған. Мұндай ауыр қаруды тек қарулы, мықты батырлар ғана ұстаған.

«Ер Шобан» жырында айтылатын «ақтабан ару торы ат жайлаған, алдаспан ауыр қылыш байлаған» деген сөздер соны меңзейді. Қазақ батырлары парсылардың «исфахан» қылыштарын да пайдаланып, оларды «наркескен» деп атаған. Наркескендердің болаты алқымынан бастап қайқы болып келеді де, кесу күші жоғары болады. Сол катарда арабтардың «зұлпықар» деп аталатын қылышын да қолданған. Мұндай екі басты қылыштар кейінгі кезде пайғамбарымыз Мұхаммедтің және хазіреті Ғалидың есімімен бірге аңызға айналып, зұлпықар жаннаттан түскен төрт касиетті қылыштың бірі саналған.

Шабу қаруыайбалта. Қарудың бұл түрі де сонау сақ заманынан келе жатқан көне қару болып есептеледі. Оның үстіне айбалтаны казақ батырлары көп қолданған. «Қарыс кірген жалманынан айбалта, дал-дұ қылып алды басын суырылмай» («Шақшақ Жәнібек» батыр) деп айтылады батырлар жырында. Басының формасына қарай айбалталардың негізгі төрт түрі болған. Бірінші – атуға арналған түрі, екінші – айбалтаның жарты ай формасындағы дөңгеленген (кесуге арналған) түрі, үшінші түрі – жалманың жіңішке сына тәрізді түрі, төртіншісі – жалманың сәл жалпақтау, жаруға да, кесуге де қолайлы түрі. Көп жағдайда айбалтаның басы өрнектеліп, түрлі тастармен безендіріледі. Оны білекке іліп алу үшін бүлдірге бау тағып қояды. Оның белге немесе кісеге іліп қоятын түрлері де болған. Ал ұзақ жорықта айбалталар тақымда, тебінгінің астында жүреді. Батырлар жырында «ақ балта», «көк балта», «ала балта» деген сөздер кезігеді. Мұндағы «ақ», «көк» сөздері болатына қаратылып айтылған. Ал « ала балта» оюына байланысты айтылған ба – ол жағы даулы. «Толғамалы ала балта қолға алып, топ бастадым, өкінбен» (Доспанбет жыраудан).

Соғу каруы – шоқпар, гүрзі. «Ер қаруы – бес кару» дегендегі қарудың соңғы түрі – шоқпар. Ол ұру, соғу қаруы Ұруға арналған бөлігі – басы, қолға ұстайтын бөлігі сабы. Басының сабымен түйіскен жері «сағағы» деп аталады. Шоқпарды қазақтар соғысқа да, ауыл арасындағы барымта, жанжалдарға да қолданған. Ерте кезде басы тастан жасалған тас шоқпарларда болған. «Тарлан атқа кідіріп, ер салғанша асықты, ат басындай тас шоқпар тақымына басыпты» («Қобыланды батыр») делінеді ескі жырларда.

Бастары металдан құйылған ауыр шоқпар түрі – гүрзі (күрзі, күрсі, гүрсі деп те айтылады). Гүрзілер темірден, шойыннан, қорғасыннан құйылған. Оның салмағы бірнеше батпан болып келеді.

Қорғасын шойын құйдырған,

Қабын темір бұдырған,

Басын болат қаптаған,

Сабын темір саптаған,

Бес жүз батпан салмағы,

Берік болса, күрсісі…»

(«Манас» жырынан).

Шоқпардың үшінші түрі – әскербасыларының лауазым белгісіне айналған, басы алты, сегіз тілімді болып, темірден жасалған шоқпардың жеңіл түрі. Шығыста мұндай шоқпарларды сұлтандар ұстаған. Оны «бұздыған» деп атаған (кейде «бұздырған» деп те атайды). Мұндай шоқпар Орта Азияда әскербасылық белгі ретінде ту, байрақ, шашақты найзалармен бірге берілген. Бұздығандар алтынмен әшекейленіп, асыл тастармен безендіріліп, өрнек салынып, саптары металмен қапталған. Оның соққысы қатты болған.

Шоқпардың төртінші түрі – басы сабына қайыспен немесе шынжырмен бекітілген шоқпардың дойыр түрі. Мұны қазақтар «бос мойын» деп атаған. Бос мойындардың қайысы немесе шынжыры «айналсоқ» арқылы еркін қозғалатын етіп бекітіледі.

Басы кейде жұмыр, кейде қырлы болып жасалады. Жасалуына қарай шоқпарлар «шойын шоқпар», «жез шокпар», «өт шоқпар» деп аталса, салмағына карай «бес батпан шокпар», «он екі батпан күрзі», т.б. атаулары болған. Бес қаруды соғыста, жорықта калай алып жүрудің тәртібі болғаны сияқты, үйде де оның ілінетін өз орны болған. Жақ (мылтық), қылыш, айбалта, шоқпарлар киіз үйдің оң жағына – керегеге ілінеді. Ал найза, сүңгілер сыртта – киіз үйдің белдеуіне қыстырылып койылатын болған, оған коса байрақ, ту, шашақты найзалар да ілінген. Бұл – батырдың кім екендігін әйгілейтін белгі әрі оның жорықта емес, үйде екендігін білдіретін белгі. «Ер Кеңес» жырында айтылатын:

Үйде тұрған сұр жебе,

Керегеде – ақ берен,

Мұны да белге салады.

Үй сыртында ақ сүңгі,

Суырып қолға алады…» –

деген жолдар соның дәлелі.

«Ер қаруы – бес қару» аса бағалы зат болғандықтан, ол мемлекетаралық қатынастарда хан-патшаларға, елшілерге сыйлық ретінде таратылған. Батыр ұрпақтары бес қаруды ата мұрасы ретінде сақтаған. Мұрагері болмағанда батырмен бірге жерленген немесе сындырылып, бұзылған. Бұдан өзге дала соғысында қамшы, қанжар, арқан, кездік, пышақтар да қолданылған, бірақ бұлар «ер қаруы – бес қару» қатарына кіре алмайды. Батырлық қаруға жатпайды. Бұрынғылар мұндай ұсақ каруды ол қатарға қоспаған.

ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫНЫҢ КЕЛБЕТІ

Батырларды ең әуелі қару-жарағынан, жалау, ту, байрағынан парықтаса, одан кейін айдар, тұлым, кекіл, бұрым, сақал-мұрт коюынан да айыра білген. Әдетте көшпенділердің шаш кою үлгілерінің өзіндік төрт түрі бар. Бұл шаш кою үлгілерінің көшпелі түркі халықтарының тілінде бірдей аталуы – олардын ортақтығының белгісі. Оның казақ тілінде «айдар», «кекіл», «тұлым», «бұрым» деп атайды.

Айдар кою. Моңғолдардың айдар қоятынын ертедегі Еуропа саяхатшылары: «Ерлері шаштарын қырып, төбелеріне төртбұрышты етіп шаш қалдырады», – деп жазған. «Манас» жырында «артында айдар шашы бар, торы айғырдын жалындай» дегеніне қарағанда, қырғыз батырлары да бұрын айдар қойған. Ал қазақ ертегілерінде хан, батыр болатын балалардың «алтын айдармен» туылатындығы айтылады. Қазақ ауыз әдебиетінде «жауын қуып қашырған, айдарынан жел есіп» деген жыр жолдары кезігеді. Айдар туралы «Қамбар батыр», «Ер Қосай» жырларында да айтылады. «Абылай» жырында «қос айдарлы ұл кетті, кос тұлымды қыз кетті» деген сөздер бар. Осыған қарағанда байырғы қазақтағы «айдар қою» батырлықтың бір белгісі ретінде каралғандығы мәлім.

Тұлым қою. Көшпенділердің өзіндік шаш кою үлгісінін екінші түрі – тұлым қою. Тұлым екі шекеге қойылады да, әртүрлі жібек шашақтармен сәндеп, иыққа немесе кеудеге төгілдіріп қояды. Түркі халықтарында осындай тұлым болатындығын ертедегі жұңго, иран, Еуропа жазбаларынан да кезіктіруге болады. Мұның казақ арасында барлығын В.Радлов та жазған. Тұлым – ерекшелеу, касиеттеудің белгісі, сондықтан оны ханның, батырлардың балаларына қойған. «Қамбар батыр» жырында «шекесінде Қамбардың бар екен алтын тұлымы, сұрап алған құдайдан Әлімбай ханның құлыны» деген сөздер бар. Осы себептен болар тұлымды, кекілді балалар ауылда қазір де кездеседі.

Кекіл қою. Шаш қоюдың көшпелі халықтарға тән үшінші үлгісі – кекіл қою. Кекіл – маңдай алдына қалдырылатын шаш. Кекілді ғұндар да, түркілер де қойған. Еліміздің жазба деректеріне қарағанда, монғол хандары Шыңғыс хан, Құбылайларда да кекіл болған. Моңғолдар оны «кукел» | («хухел») деп атаған. Көшпенділердің әскери өнерін қабылдаған орыс, украин, казактар да кекіл койған. Қазақтың көне жырларында кекілді айдар мен тұлым сияқты алтынға теңейді. «Ер Қосай» жырында «кекілі қойған – сары алтын, жамылған тоны бәрі – алтын» деген сөздер кезігеді. Бұрынғы кезде қазақтар тұлым сияқты кекілді де әрлеп, әсемдеген. «Хикаят Көрұғұлы» жырындағы «қызыл гүлді біз тереміз, зер кекілді біз өреміз» деген сөздер бұған дәлел. Кейін келе кекіл – ұлдарға ғана, тұлым қыздарға немесе «осы ұлдың артынан қыз туса екен» деп дәмеленген ұл балаларға ырымдап қоятын болған.

Бұрым көшпелі халықтардың ұлттық этнографиялық белгісі ретінде ежелгі бейнелеу өнерінің түйіні болған. Хандар да, ақсүйектер де, сондай-ақ қарапайым адамдар да бұрым қойған. Айдар, кекіл, тұлымдар жоғары жік адамдарына тән делінсе, бұрым барлығына тән. Бұрымды ертеректе әйелдер ғана емес, ерлер де қойған және бұрымның ұшына шашбау, маржан, кілт сияқты заттарды сән үшін асып (тағып) жүретін болған. Қазақ ертегілерінде қазақтардын да бұрын осылай істегендігі айтылады. Бұрымды сәндеп өріп, екі иықтан төмен түсіріп қою сән-салтанаттай есептелген. Ислам діні кіргеннен кейін қазақтардағы көшпенділерге тән мұндай салт өзгеріп, айдар, тұлым, кекіл қою да біртіндеп жойылып, бұрымды – әйелдер, кекілді – ұлдар, тұлымды – қыздар қоятын болған.

Батырлардың сақал-мұрт қоюы. Көне наным бойынша ерлердің сақал-мұрты олардың күш-қуатымен байланыстырылады. Байырғы сақ, түркі қыпшақ батырлары жөніндегі бейнелеу өнерінің ескерткіштеріне және археологиялық қазындыларға қарағанда, батырлар өзіне лайық сақал-мұрт қойып, оған батырлықты әйгілейтін айбаттылықтың бір түрі ретінде қараған. Олар ұзын мұрт койып, оны ширатып, құлақтың үстіне қарай қайырып қоятын болған. Сол сияқты көшпенділерде сақал қоюдың да әр түрі, айталық, қаба сақал, шоқша сақал, т.б. түрлері болған. Ислам діні кіргеннен кейін қазақтарда көшпенділердің сақал-мұрт қою үлгісі өзгеріп, жалпы, мұсылмандарға тән қысқартылып, күзелген. Жіңішке мұрт, қысқа сақал қойылатын болды. Керейлер шығысқа қоныс аударғанда Тіленші би келіп, Жәнібек батырдан «Кім боласыз?» – деп сұрағанда, Жәнібек батыр: «Мұсылманбыз», – деп жауап береді. Сонда Тіленші би: «Мұсылмандығыңызды мұрт қойысыңыздан танып тұрмыз…», – деп барып, сөзін сабақтайды. Осыған қарағанда Мұсылмандардың да өзіндік сақал-мұрт кою салты болғандығы мәлім.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button