Жаңалық

Қазақ даласындағы 12 өзен

Қазақ даласында үлкенді-кішілі 85 мыңнан астам өзен бар.

Бұлардың 93 пайызы 100 шақырымға жетпейтін өзендер-ді. Қазақстан аумағында ұзындығы 1000 шақырымнан асатын 7 өзен, 500 шақырымнан асатын 12 өзен бар.

Су шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында, ұзындығы 500 шақырымнан асатын 12 өзен жайлы аз-кем ақпарат бере кетуді құп көрдік.

Нұра – толығымен Қазақстан аумағында ағып өтетін өзен. Ұзындығы – 978 шақырым. Қарқаралы тауларынан басталып, Теңіз көліне құяды. Ұзындығы 10 шақырымнан асатын 200 шақты саласы бар. Өзен суы ауыз су ретінде де пайдаланылады.

Торғай – тек Қазақстан аумағында ағатын өзен. Өзен ұзындығы – 825 шақырымды құрайды. Қостанай облысынан бастау алатын өзен Ақтөбе облысына дейін ағады

Ойыл – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарымен ағатын, ұзындығы 800 шақырым болатын өзен. Өзен арнасы жер асты суларымен және жауын-шашынмен толығып тұрады.

Сарысу – Қарағанды, Қызылорда жерімен өтетін, ұзындығы 800 шақырым болатын өзен.

Жем – Ақтөбе мен Атырау облыстарына тиесі жерді басып өтетін өзен. Ұзындығы – 712 шақырым. Каспийді бойлай ағады.

Талас – негізгі бөлігі Жамбыл облысының жерімен ағатын, ұзындығы – 661 шақырым болатын, қазақ, қырғызға ортақ өзен. Қазақстанға Таластың 453 шақырымы тиесілі. Өзен суы көктем мен күзде ауыз суға да жарамды болады.

Үлкен өзен – Қазақстан мен Ресей аумағындағы өзен.  Қазақстандағы бөлігі Қараөзен деп аталады. Ұзындығы – 650 шақырым. Батыс Қазақстан аумағында орналасқан.

Кіші өзен – Қазақстан мен Ресейге ортақ өзен. Қазақстандағы бөлігі Сарыөзен деп аталады. Еділ мен Жайықтың алабында ағады. Ұзындығы – 638 шақырым.

Елек – Қазақстан мен Ресей жерлерін басып ағатын өзен. Ұзындығы – 623 шақырымды құрайды. Жағасы тік жарлы келеді. Қар және жер асты суларымен толығып отырады.

Ырғыз – Ақтөбе облысына тиесілі жерлермен ағатын, ұзындығы – 593 шақырым болатын өзен. Бастауын Мұғалжар тауларынан алады.

Сағыз – Ақтөбе мен Атырау облыстарына тиесілі жерлермен ағып өтетін, ұзындығы – 511 шақырымды құрайтын өзен. Өзен суы өте тұзды. Мұны өзеннің тұзды жағалауларынан да аңғаруға болады.

Шідерті – Қушоқы тауынан бастау алатын өзен. Ұзындығы – 502 шақырым. Ертіс-Қарағанды канал жүйесімен ағады. Суы орташа минералды. Бөгенде балық аулау кәсібі жолға қойылған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button