Жаңалық

«Қазақ елінің ұмытылмас ұлы тұлғалары»

М.О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазақ елінің ұмытылмас ұлы тұлғалары» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Конференция көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған.

Екі күнге жалғасатын іс-шараға Мәскеуден алып тұлғаның немерелері –Рысқұлов Владимир Владимирович, Рысқұлова Адель Робертовна, Тұрар Рысқұловтың туысы Муратәлі Төлепбергенұлы және ҚР дипломатиялық қызметінің құрметті қызметкері, 2009-2012 жылдар аралығындағы ҚР-ның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков, зиялы қауым өкілдері, шет ел ғалымдары келген. 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын, «Ұлы Дала тұлғалары» ғылыми-көпшілік сериясын жүзеге асыру аясында университетте көпшілік қауымға қазақ ұлт тарихындағы ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірі мен саяси қызметі, республиканың әлеуметтік-экономикалық жағдайын қалыптастыру және дамыту жөніндегі Тұрар Рысқұловтың рөлі мен орны; ХХ ғасырдың қазақ интеллегенциясының көзқарастарында тәуелсіздік үшін күрес және Түркістанның саяси дамуының маңыздылығы, жалпы Қазақстан мен Орталық Азияның халықаралық деңгейдегі сапалы ғылыми зерттеулерінің жаңа бағыттары мен ынталандырылуы және Еуразияның мәдени-тарихи мұрасы үшін Түркі әлемінің құндылықтары бойынша жаңа ғылыми зерттеулер таныстырылды.

Сондай ақ жиында О. Қоңыратбаевтың «Тұрар және Түркістан» атты монографиясының презентациясы өтті.

Конференция барысында ғалым Оразалы Сәбден Тұрартану ғылыми-зерттеу институтын ашуға, тарихшы-ғалым Зиябек Қабылдинов 1931-1932 жылдардағы ашаршылық құрбандарының тізімін жасау жайлы ұсыныс жасады.

Шымкент қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button