Жаңалық

«Қазақ хандығы. Алтын тақ» картинасы көрерменге жол тартты

Кеше Астанада «Қазақ хандығы. Алтын тақ» көркем фильмі алғаш рет көрсетілді. Қала тұрғындары мен қонақтары «Қазақстан» орталық концерт залы лық толтырды. Көркем фильм негізінен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезіне қатысуға келген делегаттарға арнайы ұсынылды.

«Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмі бұған дейін көрерменге жол тартып, ыстық ықыласына бөленген «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» хикаясының жалғасы. Кинотуындының алғашқы бөлігінде Әбілхайыр хандығынан бөлініп, жаңа мемлекет құруға ұмтылған қазақ рулары мен олардың басшысы Керей, Жәнібек хандардың Қазақ ордасы құрудағы әрекеттері сипатталса, жаңа фильмде жалғасы ретінде Шайбани мемлекетінің ұлы патшасы Әбілхайырдың қазасы, Сығанақтың қазақ хандығына қарауы, Керей ханның қайтыс болуы мен таққа Жәнібек сұлтанның отыруы секілді тарихи оқиғалар баяндалады. «Қазақ хандығы. Алтын тақ» кинокартинасы Қазақ ордасына жиі-жиі шабуыл жасап, есін алған Үз Темір қонтайшының Зеңгі батырын жекпе-жекте Жәнібекұлы Қасымның жеңіп, басын алуымен басталып, драмалық тартыс күшейе түседі. Талау мен шабындыға түсіп, алдағы тағдыры тұйыққа тірелген халықтың зардан асып, енді ел үшін қасық қаны қалғанша айқасқа түсуге бар ерлер өрлігіне басымдық беріледі. Әбілхайыр ұлысы мен Моғолстанның екі ортасында өмсір кешкен Керей мен Жәнібек сұлтандардың қалың алашы үшін күндіз отырмай, түнде ұйықтамай, алаң күн кешуі, сөйтіп белді бекем буып, күрес жолына шығу тарихы таспа тілінде кестеленіп отыр.

Жаңадан мемлекет Қазақ Ордасының ішкі-сыртқы жауларымен кескілескен күрес үстінде шынығып ширауы, бұл жолдағы сансыз соқпақтар мен қыруар қиындықтар қапысыз жымдаса көрсетілген. Және Досмұхамед шахтан қалған Моғолстанның енді билеушілерімен дипломатиялық әріптестік саясаты да жақсы сипатталған. Ондағы орда ішіндегі бүліктер мен бұлғақтарды көрсету арқылы Қазақ Хандығының бір ту астында тұруға шақырған бірлік ұраны айқындала түскендей. Картинада Шайбанилер мемлекетінің патшасы Әбілхайыр Қазақ Ордасын талқандап, әскерін бағындыру мақсатында Ноғайлы ханы Мұса емн самарқанд билеушісі Ахметпен одақтасып, жау шебіне жақындайды.

Керей мен Жәнібек деп бекем сайланып, жау жарағын асынып, майдан шебіне жетеді. Алай-түлей бұзылған күн райы кенеттен өзгеріп, аспан шайдай ашылғанда терең жыраның екі жағына шеп құрған жау біріне-бірі айғайласып, амандық сұрасып жатады. Жырау-жыршылар бірлікке шақырып, елдік сөзін айтысады. Сөйтіп соғыс басталады-ау деген шақта шепті қақ жарып Қара Қыпшақ Қобыланды батыр әскерін бастап, қазақ жағына өтеді. Мұны опасыздық деп білген Әбілхайыр жағы тіленіп, жекпе-жек шақырады, хан немересі Шах-Мұхаммед ат ойнатып, «Қасым, қайдасың?» деп ұрандайды. Екі батыр майдан ортасында беттесіп, жеңіс Қасымға бұйырады.

Сүйікті немересін өлді деп ойлаған Әбілхайыр патша табан астында мерт болады. Сонымен екі жақ бітімге келіп, соғыс болмай, бейбіт тарайды. Қазақ Ордасы хан кеңесін құрып, Сібір ханы Ибақ ханмен ақылдаса отырып, шабуылды үдете түсіп, Сығанаққа аттануды көздейді. Фильмнің соңы Сығанақ қаласының алынып, Керей хан қайтыс болып, Түркістан шаһарында Жәнібек сұлтанның ақ киізге хан көтеріп сайлануымен тәмамдалады. Фильм декорациясы мен түсірілім жұмыстарына, актерлар ойыны мен көпшіліктің қатысуы, монтаж шаруасына ауыз толтырып айтарлықтай сын, тағар мін аз.

Әбілхайыр хан мен Асан қайғының тіл қатысуы, Қобыланды батыр мен қалмақ батырының диалогі, Рабия бегімнің от басып өтуі, Керей ханды жерлеу туралы Жәнібек сұлтанға Жаханбикенің хабарлауы қисынсыздау көрінгені болмаса, көзге анық көрініп тұрған үлкен кемшіліктер жоқ. «Көш жүре түзеледі» деген қазақ мақалы бекер емес, алдыңғы бөлімге қарағанда мұнда этнографиялық этюдтер мен эпизодтық ролдер біршама жүйеленген. Ұласпалы хикая ретінде түсірілген картиналарды сығып екі сағаттық көркем туынды жасаудың да өз қиындығы бар.

Қалай болғанда да фильмнің басты идеясына жеткен: Шыңғыс ұрпақтары құрған ордалардың әр қайсысында бытырап жүрген қазақ руларының басын бір жерге жинау, жаңа тұрпатты орда, мемлекет Қазақ Хандығын құрудың жолындағы жанталасты шынайы да көркем суреттеу. Тарихи киноның түсірілімдері Алматы облысында мамырдың басында басталған. Кейінірек түсірілім тобы Түркістан облысында орналасқан «Елтай» ауылы маңындағы «Иір су» жайлауына ауысқан. Түсірілім тобы режиссер Рүстем Әбдірашевтің бастауымен Керей мен Жәнібек хандардың тұрағын – төрелердің ауылын жасап шыққан. Шайбандар мен Қазақ хандығының үлкен ұрыс сахнасы да жайлауда түсірілген.

ФОТО: Джамиля Мурзабекова, Ruh.kz

Сонымен қатар, түсірілімдер Қазақстанның тарихи қалалары – Тараз және Түркістанда өткенін фильмнің продюсері атап өтті. «Екінші маусымның аты айтып тұрғандай «Қазақ хандығы. Алтын тақ». Қазақ хандығындағы ең бір күрделі кезеңдердің бірі. Жәнібек пен Керейдің Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хандығының Сығанақтағы тағы үшін тақ таласы. Бұл маусымда тақты, Ақорданың астанасы Сығанақты қайтару сынды маңызды оқиғалардың айналасында өрбиді. Бірінші маусыммен салыстырғанда бұл әрине әлдеқайда қызығырақ, динамикасы жағынан жылдам. Экшн көп болады. Көрерменге қызықты болады деген ойдамын», – деді фильмнің бас продюсері Арман Әсенов.

https://e-history.kz/kz/publications/view/kazak_handigi_altin_tak_kartinasi_korermenge_zhol_tartti__4966“>QAZAQSTAN TARIHY

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button