Жаңалық

«Қазақ хандығы» сериалы түсірілімінің екінші маусымы басталды

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Centaurus Rustem Abdrashev production» компаниясымен бірлесе отырып «Қазақ хандығы. Алтын тақ»(шартты атауы) атты тарихи сериалының екінші маусымын түсіруді қолға алды.

– «Қазақ хандығы» сериалының бірінші маусымы отандастарымыздың тарихқа деген қызығушылығын оятты. Режиссердің және шығармашылық топтың атына көптеген алғыс хаттар келіп түсті, ғаламтор және әлеуметтік желілер арқылы жылы лебіздер алдық. Көптеген пікірталастар мен сындар да болды. Халық тарапынан осы жобаның жалғасын түсірсе екен деген тілегін аңғардық. Бұл біз үшін өте маңызды.

Жақында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық мәдениетіңді,ұлттық кодыңды сақтай білу. Олар сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» делінген. Елбасымыздың осы жолдауы  фильмнің идеясына негіз болды.  Енді міне, аздаған демалыстан кейін, жасаған жұмысыңа режиссер ретінде емес, қарапайым көрермен ретінде баға беріп, атқарған жұмыстың бәрі де бекер болмағанын түсіндім. Міне енді, ауқымды сериалдың екінші маусымын қолға алып отырмыз. Түсіру тобына сәттілік тілеймін, – деді фильмнің режиссері Рүстем Әбдіраш.

Он бөлімнен тұратын жаңа маусымның сценарий авторлары да бұрынғы сценаристер болмақ.

– Тарихи туындының бірінші маусымы Керейдің хан тағына отыруымен аяқталса, екінші маусымда қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуы, Жәнібектің таққа отыруы суреттеледі, – деді режиссер.

Сонымен қатар, бұл сериалда қазақ хандарының мәдениет және экономикалық орталық – Сығанақ қаласы үшін көрші мемлекеттермен күресі суреттеледі.

Айта кетсек, «Қазақ хандығы. Алтын тақ» сериалы жаз айынан бастап дайындық кезеңде болды. Осы уақыт аралығында режиссерлік сценарий жазылып, қосалқы рөлдерге кастинг өткізілді. Сонымен қатар, негізгі декорациялар қайта өңделіп, екі интерьер тұрғызылды (Рәбия мен бәйбішенің бөлмелері).

– Бірінші маусымда  болған қателіктер мен кемшіліктер ескерілді. Өтпелі кезең натурасының түсірілімдерін жүргіздік. Жылдың соңына дейін сериалдың 40 пайызын түсіруді жоспарлап отырмыз, – деді Рүстем Әбдіраш.

Жоба продюсері Арман Әсенов телехикаяның негізгі түсірілім жұмыстары «Қазақфильм» территориясында тұрғызылған декорацияларда, сонымен қатар, киностудияның павильондарында жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар, осы жобаға арнайы киіз үйлер орнатылып, бірнеше декорациялар тұрғызылатын болады. Ал хикаяның кейбір сахналары Қапшағайдағы «Түркістан» декораясында түсіріледі.

– Түсіру тобының құрамы өзгерген жоқ десе де болады. Дайындық кезеңі барысында әр департамент үлкен жұмыс атқарды. Жаңа костюмдер тігіліп, ескілері қайта өңделді, – деп қосты продюсер.

Режиссер хикаяның актерлер құрамы өзгермегенін, алайда, жаңа маусымда жаңа кейіпкерлердің пайда болатынын да айтты.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тарихи телехикаясының бірінші маусымы үстіміздегі жылы наурыз айында тұсауы кесілген болатын. Сонымен қатар жылдың басында сериалдың кинонұсқасы – толықметражды «Алмас қылыш» фильмі жалпыұлттық прокатқа шығып, көшбасшылардың қатарынан көрінді.

Жобаның идея авторы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Фильмнің сценарийі Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының желісі бойынша жазылған.

«ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ. АЛТЫН ТАҚ»

Қоюшы режиссер: Рүстем Әбдіраш

Сценарий авторлары: Тимур Жақсылықов, Смағұл Елубай, Рүстем Әбдіраш

Қоюшы суретшілер: Мұрат Кәріпов, Еділ Нүсіпов

Қоюшы операторлар: Сапарбек Койчуманов, Александр Плотников

Бас продюсері: Арман Әсенов

Продюсері: Нүргүл Нұржігітова

Костюмдер бойынша суретші: Ажар Әубәкірова

Басты рөлдерде: Қайрат Кемалов, Еркебұлан Дайыров, Досхан Жолжақсынов, Иісбек Әбілмәжінов, Қарлығаш Мұхамеджанова, Аян Өтепберген, Мейірғат Амангелдин, Ниязбек Шайсұлтанов және басқалар.

Режиссер туралы анықтама: Рүстем Жарасханұлы Әбдіраш –режиссер, кино суретші, ҚР жастар одағы жүлдесінің лауреаты, «Тарлан» тәуелсіз жүлдесінің иегері, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі. 1970 жылы 10 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. 1989 жылы Н.В.Гоголь атындағы көркем сурет институтын, 1997 жылы ВГИК жанындағы Бүкілодақтық біліктілікті арттыратын институтын (Л. Шенгелайдың шеберханасы, кино суретшісі мамандығы) тәмамдаған. 1971 жылы Ю.Кобринның режиссерлық шеберханасында оқыған (ВИПК, Мәскеу қаласы).

Кино өнерінде алғашында «Отырардық күйреуі» фильмінде қоюшы суретшінің көмекшісі болып қызмет атқарды(1989-1990), кейін «Бегущая мишень», «Дикий восток» сынды фильмдерде қоюшы суретші болып жұмыс істеді. Мәскеудегі оқуын тәмамдаған соң «Жизнеописание юного аккордиониста» және «Голубины звонарь» фильмдерінде қоюшы суретші болды. 1997 -2001 жж. «Хабар» арнасында телевизиялық бағдарламаларда қоюшы суретші және режиссер болып жұмыс істеді. 2002 жылы «МИР» телеарнасында телевизиялық жобалардың Бас продюсері қызметіне тағайындалды.

2004 жылы Рүстем Әбдіраш өзінің алғашқы режиссерлық жұмысы – «Қаладан келген қыз» фильмін (Жарасқан Әбдіраштың поэзиясының желісі бойынша) түсіреді. Бұл фильм көптеген халықаралық кинофестивальдерде жүлделі орындарды иеленді.

ФИЛЬМОГРАФИЯСЫ. Фильмдердің режиссері:  «В том числе» (1999, деректі фильм),  «Қаладан келген қыз» (2002-2004),  «Құрақ көрпе»  (2007),  «Сталинге сыйлық» (2008),  «Елбасы жолы» киноэпопеясы: «Балалық шағымның аспаны» (2011), «От-өзен» және «Теміртау» (2013), «Тығырықтан жол тапқан» (2014).

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button