Жаңалық

Қазақ көгінен ерте аққан жұлдыз

Бұл фәниден жүректі де, білекті де кетеді қайта оралмайтын сапарға. Десе де, кей тұлғалар артындағы қалың ұрпағы мәңгі есте сақтарлықтай азаматтық қарекеттер жасап өткен. Қазақ ұлтының іргесі мығым, рухы асқақ екені анық. Осындай ұғымның қалыптасуына ықпал еткен ерекше тұлғаларымыз, арқалы бабаларымыз. Бабалар ізімен жүріп, жаңылған кезіміз болған емес.

Ел бірлігі, халықтың сауаттылығы, қараңғылықтан құтылу, данышпандыққа ұмтылу сынды қоғамдағы айтулы мәселелер төңірегінде қалам тербеп өткен ұлыларымыздың бірегейі – Сұлтанмахмұт Торайғыров. Оның жалынды, рухты жырлары әлі күнге дейін тіліңе оралып тұратыны таң қалдырады ғой, шіркін!

Біздің бүгінгі жазбамыздың кейіпкері 1893 жылы 28-қазанда Көкшетау облысы, Қызылту ауданында дүниеге келген.

Бар-жоғы 27 жыл өмір сүріп, оның үстіне жетімдік зардабын тартып өскен Сұлтанмахмұтты тағдыр сынақтары сындыра алмады. Ол өзінің діттеген мақсатына жету жолында ештеңеден тайсалған жоқ.

Анасынан 3 жасында айырылып, 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болған Сұлтанмахмұттың әкесі сол уақыттарда Баянауылға жақын маңға қоныс аударады. 1908 жылы жалынды жастың молда тәрбиесінде болғаны, молданың шабыт қысып, таланты қайнарынан аса төгіліп тұрған ақынды өлең жазғаны үшін жазалағаны Торайғыров туралы барлық деректерде кездеседі.

Мұқан, Әбдірахман, Тортай есімді молдалардың алдынан өткен Сұлтанмахмұт 1911 жылы жаңаша оқыған азаматқа жолығып, содан білім алуға бел буады. Нұралы есімді ұстазы жас дарынның өзгеше тұлға боларын байқап, оған қазақ, татар тілдеріндегі басылымдарды, әдеби туындыларды оқытады. Жас ақынға қажеті де осы еді. Оның әдебиетке деген махаббаты күн өткен сайын өршіп, өзінің ынта-шынтасымен білім жолына ден қояды.

Небәрі 19 жасында ғана Сұлтанмахмұт Торайғыров әлі күнге дейін қазақ әдебиетінің алғашқы қатарларында тұратын «Қамар сұлу» романын жазуды бастайды. Сонымен қатар, шәкірт тәрбиелеп, өзінің орысша білімін жетілдірумен айналысады.

1912 жылы есігін ашқан Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесін бір жыл ғана оқып, денсаулығына байланысты аталған оқу ошағымен қош айтысқан. Даңқты тұлғаның шабыты шалқып, салмағы басым шығармалар жаза бастаған тұсы – осы кез.

«Оқып жүрген жастарға», «Тәліптерге» («Шәкірттерге»), «Ендігі беталыс», «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Мағынасыз мешіт», «Жарлау», «Досыма хат», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Түсімде», «Жазғы қайғы», «Қымыз», «Кешегі түс пен бүгінгі іс» сынды өлеңдері дүниеге келіп, шәкірт тәрбиелеу, ел ісіне араласу, халық мұңын көтеруге жараған уағында, яғни, 20 жасында «Айқап» журналына жауапты хатшы болып, жұмысқа орналасады.

«Айқап» журналындағы жұмысы ілгері басып, туындылары жиі-жиі жарық көріп тұрғанымен, өкпеге түскен дерт Сұлтанмахмұтты Баянауылға қайтуға мәжбүрледі. Бұл – 1914 жыл еді.

Бір жылға жуық уақыт көркем табиғатты туған жерінде дем алған, ем алған Торайғыров орысша оқу жолына түсуге шешім қабылдайды. 1916 жылдан Семейде «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметі құрылғанша Шығыс Қазақстандағы Қатонқарағайда, Томскіде орысша оқып, әлем әдебиетінің бай мұрасымен танысып, біліммен сусындайды.

Өзінің ізденіс нәтижелерін саралап, қоғамдағы жағдайларға жіті назар аударып, беталыстың қайда бара жатқанын аңғарған ол «Алаш» ұранын көтерген ұлт қайраткерлерінің қатарына қосылуды құп көреді.

Бірақ 1918 жылы асқынған дерті қайтадан елге қайтуға мәжбүрлейді. Елге келгенімен жас жігіт совдеп жұмыстарына араласып, қоғамдық жұмыстарды белсенді атқаруға атсалысады. Сонымен қатар, ел ішіндегі дау-дамайларды, келіспеушіліктерді әділ шешуге қызмет жасайды. Сонымен қатар, өзінің әдеби білімінің аясын кеңейтуге жұмыс жасап, алғашқы поэмасын жаза бастайды.

«Қара қазақ:

Басында ол қарағым тұр ғой дайын,

Тез ұзақ өмір берсін бір құдайым.

Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,

Білемін бұл үш ердің айтпай жайын.

Кешегі қара күнде болмап па еді,

Бірі күн, бірі шолпан, бірі айым.

Солардан басқа кеше кім бар еді,

Қазақ үшін шам қылған жүрек майын».

Бұл – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Таныстыру» атты алғашқы поэмасындағы ұлт қайраткерлері Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов сынды азаматтардың ерлік ісіне, ұлт үшін аянбай қызмет ететініне алғыс ретінде айтылған жолдары.

Рас, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шәкірт кезінде жазған өлеңдеріне көркемдік тұрғысынан сараптама жасар болсаңыз, біршама қателіктер табарсыз. Дегенмен, оның сол уақыттағы замана талабын түсінуге деген талпынысы, «халқым үшін, ұлтым үшін» деген ақ ниеті барлығынан жоғары тұруы тиіс.

«Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып, күн болам!

Қараңғылықтың көгіне,

Күн болмағанда, кім болам?

Мұздаған елдің жүрегін,

Жылытуға мен кірермін!» – деген жолдар «Шәкірт ойы» атты өлеңінен алынған. Аталған өлең жолдарынан жас ақынның, жас қайраткердің ел мен ұлт жауапкершілігін өз мойнына арта алуы, жастық буына түсіп кетпей, азаматтық іс жолына бет бұруы таңдай қақтырады.

Қазақ даласындағы таптық жікті көріп, наразы болған жас ағартушы, ақын сол уақыттарда «Кедей» поэмасын жазады. Аталған шығарманың мазмұндық мәні әлі күнге дейін өз күшін жоймай, қазақ әдебиетінің құнды мұралары қатарында тұр.

1920 жылдың 21-сәуірі – қазақ ұлтының көгінен жарық шашып тұрған жұлдызы аққан күн. Тәнге түскен дерт ұлт қайраткерін қыршын алып тынды. Небәрі 27 жыл ғана ғұмыр кешкен Сұлтанмахмұт Торайғыров та кетті солай бабалар ізімен аттанып.

Биыл – ерен еңбек етіп, елі үшін еңіреп өткен ағартушы-ақынның туғанына 125 жыл. Сұлтанмахмұттың мерейтойы жер-жерде аталып өтіп, оның құрметіне жас буынның рухын ояту үшін түрлі шаралар жүзеге асырылуда.

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жас буынды рухты, ұлт үшін қызмет ететін азамат етіп тәрбиелеуді міндеттеп берген еді.

Ұлттың руханиятын байыту үшін, санасын тазалау үшін Сұлтанмахмұт сынды бабалардың өсиетін, олардың қиын кезеңде ел үшін жан пида етіп жасаған еңбектерін кеңінен насихаттай білуіміз керек.

Ұлт аман тұрса, оның көгіне шығып, халықтың маңдайына біткен жұлдызы атанатын қазақ әрдайым бола бермек. Бізге «Рухани жаңғыру» кезеңінде бірлік, білімге деген ұмтылыс, рухтылық, ұлт пен ел үшін жан пида дерлік сана қажет.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button