Қазақ күй аңыздары хақында

Қазақ халқы өзінің ішкі арман-тілегін, қайғы-қасіретін өлең жолдарымен, жырмен, ән мен күймен жеткізе білген. Соңғы зерттеулер қазақ халқында өткен дәуірдің тарихи оқиғаларын бейнелейтін бес-алты мыңға жуық күйдің сақталғанын көрсетті. Қазақ халқының күйлері қаншалықты көп болса, сонша оларға қатысты айтылатын аңыз-әңгімелер бар. Шығармалардағы әуендердің дыбысталу ерекшеліктері өзіндік музыкалық мазмұнымен аңыз-әңгімелерді ілестіруден бөлек, қазақ халқының тарихи өткенінен, тұрмысынан, салт-дәстүрінен мол мағлұматтар береді. Қобызда, домбырада, сыбызғыда, жетігенде, сазсырнайда орындалатын көптеген әуендер мен күйлер белгілі бір жағдай, оқиға төңірегінде дүниеге келген. Бір тарихи оқиғаны музыка арқылы нақты әрі анық жеткізген аңыздар, әңгімелер, ұлағатты сөздер халық жылнамасының сенімді дереккөзі болды. Сондықтан аңыз-әңгімелердің көшпелілер тарихын зерделеуде зор маңызыға ие. Халық ауыз әдебиетіндегі аңыз-әңгімелер сияқты, күй аңыздары да түрлі нұсқамен тараған. Яғни, әуелде күй бір түбірмен шықса, қабілетіне байланысты орындаушылар өз бетімен толықтырып, жақсартып басқа арнада шығарып отырған. Белгілі бір жағдайға, оқиғаға немесе орындаушыға байланысты бір күйдің әртүрлі нұсқасы болуы – заңдылық. Бірнеше нұсқалары бар «Қосбасар», «Қара жорға», «Боз айғыр», «Ақсақ құлан» сияқты халық күйлері соның дәлелі.

Халықтың ежелден келе жатқан дәстүрі бойынша күйшілер күй орындаудан өзара жарыстар ұйымдастырып отырған. Сол кезеңде күй айтысының екі түрі қалыптасқан. Оның біріншісі – «қара тартыс», екіншісі – «түре тартыс» немесе «қайым тартыс» деп аталады. «Қара тартыс» айтысының қатысушылары орындалған күй саны бойынша сайысқа түседі. Яғни, кім көп күй білсе, сол жеңеді. Ал «түре тартыстың» шарты бойынша екінші орындаушы күйдің бірінші орындалған нұсқасын дәлме-дәл қайталауы керек. Қай күйшінің орындауы қарсыласының орындауына ұқсас болады, сол жеңіске жетеді. Айтыстың бұл түріне көбіне тәжірибелі, өзіне сенімді күйшілер қатысатын болған. Сондай-ақ мұндай сайысты бағалайтын төрешінің күйші, күйдің жоғары білгірі болуы шарт. Айтыс төрешісіне алғашқы болып күй тарту мәртебесі беріледі, ол – «бата тартыс» немесе «күй шақыру» деп аталады. Мұндай шарттың болуында үлкен мән бар. Біріншіден, бұл –төрешінің шеберлігін бағалауға мүмкіндік берсе, екіншіден, жарысқа қатысушылардың қызығушылығын арттырып, шабыттандырады.

Айтысқа шығатын атақты күйшілер бақталастарымен кейде апталап, кейде айлап ұзақ жолды артқа тастап келетін болған. Әдетте айтыстар барлық рулардың басын біріктіріп, үлкен жиындар, дүбірлі тойлар мен мерекелерге орайластырып өткізілген.

Айтыстың тағы бір түрі ру намысын қорғауда немесе үлкен дау-дамайдың басын шешу үшін өткізілетін болған. Осындай тосын даулар мен тараптардың ар-намысын, мүддесін қорғайтын айтыс-тартыстарда күй арқылы келіспеушіліктер шешіліп, түсіністік пен бітім орнаған. Мысалы, қазақ пен қалмақ арасындағы кей шайқастар күйшілер сайысының нәтижесінде шешілді. Сонымен қатар мұндай айтыстарға: үйінде жалғыз қалған бойжеткеннің төріне жайғасқан қонақ жігіт, оның шалбарындағы жыртықты байқағаннан соң мысқылмен басталған айтысын, қыз бен жігіттің қалжыңын бейнелейтін белгілі «Қағытпа» күйін, «Қазақ пен қалмақ» күйін, сондай-ақ Тәттімбеттің күйші қызбен тосын айтысын жатқызуға болады.

Күтпеген жерден шығатын мұндай күй айтыстары әдетте халық арасында екі күйшінің біреуіне тиесілі болады. Себебі күйші орын алған жағдайдадың кейіпкері болуымен қатар, сөз тартысының одан әрі таратушысы болады.

Сондай-ақ кейбір күйшілер шығармаларын атақты тұлғаларға, хас сұлуларға, текті кісілер мен батырларға арнап жатады. Мұндай кезде кейіпкердің бойындағы құндылықтар мен асыл қасиеттер күй тілімен сызылады. Яғни, бұл жағдайда күй адамды суреттеп, портретін қалыптастырады.

Күй айтысы қара, түре тартыстар болып екіге бөлінетіні жоғарыда айтылды. Осы күй айтысының біртұтас музыкалық дәстүр ретінде өз ішінде тағы төрт түрі айқындалған. Біріншісі, күйшілердің бір-бірімен алдын ала келісіп келіп айтысатын күйі. Екіншісі, бас қосуларда кенеттен дау шыққан жағдайда туындайтын күй айтысы. Үшіншісі, күйшінің өзі куә болған немесе заманында орын алып, ел жадында сақталған оқиғаға байланысты шығарған күйі. Онда күй тілінде оқиғаның неден туындағанынан басталып, одан әрі қалай өрбігені, соңында қандай шешіммен аяқталғаны айтылады. Күй айтысының төртінші түрі – ақындардың амандасып, саулық сұрасып, бір-біріне күй арнау, сұрақ қойып, жауап алу айтысы. Мысалы, Құрманғазы алғаш рет Дәулеткерейге әскери олжасынан үлес сұрап келгенде, бір-біріне өз ойын, тілектерін күй шумақтары арқылы жеткізген. Демек, бұл жағдайда күй адамның ішкі сезімін жеткізу қызметін атқарған. Олжа сұрауға келген Құрманғазының сәлемдесуіне Дәулеткерей «Бұлбұл» атты күйін орындайды, содан Құрманғазы да қолына домбыраны алып, өз жауабын қайтарады. Құрманғазының жауап-күйіне Дәулеткерей «Бұлбұлдың құрғыры» деген ат қояды. Екі күйшінің ортасында татулық, достық орнатқан бұл күй айтысында бірін-бірі бағалау, құрметтеу жоғары ақындық шеберлікпен берілген. Құрманғазы мен Тәттімбеттің кездесуі де дәл солай өтті. Құрманғазы өзін таныстыра отырып, «Адай» күйін арнаса, Тәттімбет оған жауап ретінде «Көкейкесті» күйін шығарды.

Күйшілер сәуегейлікті де, әйгілі адамдардың өлімін де күй тілімен өрнектеп, жеткізе білді. Мысалы, Шыңғыс ханның Жошы деген баласы құлан айғырдың тебісінен жан тәсілім еткенде, қайғылы хабарды ханға жеткізуге ешкімнің дәті бармаған. Сонда баласының өлгені туралы хабарды Кетбұға жыршы «Ақсақ құлан» күйімен Ұлы ханға жеткізеді. Назарұлы Қожекеңнің «Қарашаштың қазасын естірту», «Жиреншенің Қарашашты жоқтауы» сияқты күйлері де осының дәлелі.

Қазақ күйлерінің дәстүрінде бөлек тақырыптық циклдар ерекше орын алады. Әдетте олардың аттары мен әуендері бір, мазмұндары ұқсас келеді. Олар «Тармақты немесе тізбекті күй» деп аталады. Тармақты күйді мазмұны мен әуеніне қарай 10 түрге жіктеген:

  • «Бақсы сарыны»;
  • «Тоғыз тарау»;
  • «Кеңес күйі»;
  • «Аққу»;
  • «Ақжелең»;
  • «Қосбасар»;
  • «Ақсақ құлан»;
  • «Ноғайлы сарыны»;
  • «Байжұма»;
  • «Кертолғау» тармақты күйлер тізбегі.

Күй адамның көңіл күйін жеткізумен қатар ақжарқын көңілін, буырқанған ашу-ызасын, күйініші мен сүйінішін, қуанышы мен мұңын бейнелейтін, қоғамдағы жауыздық пен әділетсіздікті әшкерелейтін қуатты қару болғаны белгілі. Бұған көптеген әйгілі күйшілердің шығармашылығынан дәлел табамыз. Мысалы, әлімжеттікті, қатыгездікті, қиянатшылдықты бейнелеген Жаяу Мұсаның «Ақсиса» әні, денесін қамшылатуға тапсырма беріп, озбырлық танытқан Жанботаға шығарған Біржанның «Жанбота» әні, жазықсыз жануарға жасалған қарабет-қастандықты көрген Ақан Серінің көкірегін кернеген мұңынан туған, жауыздарды әшкерелеген «Құлагер» әні және т.б.

Ертеде жер дауларын, отбасы құқықтары мен мәселелерін шешуде де күйдің орны ерекше болды. Маңызды істердің бәрі сөздің даналығы, құдіреті арқылы және күйдің сүйемелдеуімен шешілді деуге келеді. Сондықтан күйлердегі аңыз-әңгімелерді тарихи оқиғалардың айнасы деуге болады.

Яндекс.Метрика
Back to top button