Қазақ постмодернизмі (бастау )
Екі мың он екінші (2012) жылы Алматыда «Өнер» баспасында Бекет Нұржановтың «Модерн. Постмодерн. Культура» атты таңғажайып кітабы басылып шықты.
Сол жылы, Әлмира Наурызбаева мерейтойы өтіп жатқан күні, ұстаз-философ бізге жарық көрген жаңа кітабын сыйлады. Содан кейін, біз, қазақ елі, көп уақыт өтпей, ауыр қазаға ұшырадық: күтпеген жерден, аяқастынан Бекет Ғалымжанұлы дүние салды.
Артынан «Модерн. Постмодерн. Культура» атты мазмұнды кітабы қалды. Тамаша туынды, құнды еңбек, алтын қазына. Біз үш қайтара оқыдық. Сөзін белгілеп, сөйлемінің астын сызып… бірден айтарымыз: іргелі жұмыс – заманауи классика.
Оған дейін қазақ әдебиеті бізді постмодернист-жазушы деп атап үлгерді. Бір әріптесіміз: «Дидар Амантай жазушы емес, ол – постмодернист», дегенді де айтты. Бекет Ғалымжанұлы кітабын мұқият оқып, анық дұрыс жолда келе жатқанымызды аңғардық: біз, негізінен, модерндік қаламгерміз.
Бекет Нұржанов философиялық туындысына үлкен дайындықпен келген екен. Көп ізденген, түпнұсқадан қараған, жан-жақты пысықтаған, тосын, батыл тұжырымдар жасаған, әйтеуір қолға алған күрделі сан-салалы тақырыптың түбіне жеткен.
Ой-пікірі сұңғыла, жинақы, жүйелі. Зады, құнттап жазғаны көрініп тұр. Сауатты талдаған, тереңдігі бірден сезіледі. Тыңғылықты дайындығы жүйрік қаламынан көрінеді. Есімізде, кезінде университет қабырғасында жүргенімізде, бізге «XX ғасырдағы маркстік емес философия» пәні бойынша дәріс оқыған еді.
Жалпы, қазақы ортада, алаш қоғамында модернизм/постмодернизм туралы қажетсіз әрі негізсіз дау көп. Бұл мәселе бойынша бір кітап оқымағандардан бастап, бір кітап оқыса да, ештеңе түсінбегендер – аса белсенді, айрықша ынталы, беделі де зор. Қоғамдық пікір қалыптастырады.
Бекет Нұржанов – ешкімге еліктемейтін философ. Ешқандай мектепке қосылмайтын, басқаның уәжіне байланып қалмайтын, дабыраға көңіл аудармайтын еркін ойшыл. Кітабында, ұлы теорияларға – елеңдемей, алаңдамай, мойын бұрмай – таза өз пікірін, төл көзқарасын білдірген екен. Әлем философиясын өз ұстаным-тұғыры, таным-түйсігі тұрғысынан жете зерттеген, жан-жақты талқылаған.
Қазақстан, қазақ көзімен қараған деуге де әбден негіз бар. Орыс тілді әлемнің о бастан постмодернизмді жатсынғаны, жатырқағаны белгілі әрі аса заманауи табиғатына таңырқап, ғаламдық масштабтағы салтанатынан шошып, қабылдай алмағаны да рас еді. Ресей теріс пейіл танытты. Зұлымдық пен жақсылық туралы кешеден қалыптасқан, бір тараптан, ескірген төл түсініктеріне постмодернизм идеологиясының қазіргі күнгі күрделі образы қайшы болды.
Ал, қазақ әлемі орыс тілді кеңістіктің ажырап келе жатқан бір бөлігі болса да, көрші елдің тегеурінді стратегиялық болжамының жетегіне ерді.
Біздің елде бұл проблемамен таза айналысып жүрген ешкім жоқ. Салалық әдебиет те қат. Білмесе де, не екенін танымаса да, қазақтың негізгі бөлігі әлі күнге шейін қарсы. Өкінішті жағдай.
Ел постмодернизм философиясын құбыжық көреді. Ол – ойдан шығарылған теорияның жемісі емес, болмыстан қол үзген дербес санадан туған жоқ, біреудің мүдделілігін де байқамадық.
Постмодернистік концепция мазмұны – тарихи қалыптасқан ситуациядан туады. Орнаған «заман сиқы осы» – еркімізден тыс. Жақсы ма, жаман ба, жат па, туыс па, ұнай ма, ұнамай ма, еншімізге тигені, маңдайымызға бұйырғаны. Бас тарта алмаймыз, қуануға да ыңғайсыз. Ғылым мен техника дамуы, өзара тығыз байланысы, жыл сайын, жұма сайын өзгеруі «Жылдам қоғам» орнауына алып келді.
Біз «Жылдам қоғам» деген түсінік енгіздік. Ол – процесс емес, нәтиже қоғамы.