Қазақ сыныбын таңдаған 1-сынып оқушыларының саны артты
Еліміздегі балаларды 1-сыныпқа қабылдау жүргізіліп жатыр.
Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, үш айдың ішінде балаларды 1-сыныпқа қабылдауға 320 мыңға жуық өтініш түсіп үлгерген. Оның ішінде балалардың 70%-ға жуығы мемлекеттік тілде оқуды таңдады.
Балдырғандарды мектепке қабылдау 1 сәуірде басталған болатын. Ал құжат қабылдау мерзімі 2022 жылғы 1 тамызда аяқталады. Бірақ жауапты ведомство ата-аналарға құжатты тездетіп тапсыруға кеңес береді.
Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова: «Ата-аналарға құжаттарды тезірек тапсыруға кеңес береміз, өйткені қабылдау 1 тамызда аяқталады. Ал 1 тамыздан бастап мектептерде оқу-тәрбие үрдісін сапалы жоспарлау мен ұйымдастыру, оқулықтарды тарату, сыныптарды қалыптастыру және басқа да ұйымдастыру жұмыстары басталады. Құжат қабылдау басталғанына үш ай өтті және осы уақыт ішінде 320 мыңға жуық өтініш түсті. Оның 82%-ы электронды форматта қабылданды. Сонымен қатар мемлекеттік тілде білім алғысы келетіндердің үлесі бүгінде 70%-ға жуықтады. Қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қабылдау бойынша ең жоғары көрсеткіштер Қызылорда (92,4%), Түркістан (89%) және Маңғыстау (87,1%) облыстарында тіркелді», – деді.
Оқу-ағарту министрлігі азаматтарға ыңғайлы болу үшін қызметті автоматтандырған еді, осыған орай ата-аналар құжатты egov.kz веб-порталы арқылы тапсыра алады. Сондай-ақ олар құжатты дәстүрлі қағаз форматында да өткізуге құқылы. Жаңа оқу жылында 400 мыңнан аса бала 1-сыныпқа барады деп күтіліп отыр.