Қазақ тарихындағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретіне 300 жыл
XVIII ғасыр 20-шы жылдардың басында шүршіттерге қарсы соғыс жоңғарлар үшін ауыр болды. Алайда 1722 жылы желтоқсанда Боғдыхан Кансидің қайтыс болуы жоңғарлардан төнген қауіпті сейілтті. Кансидің мұрагері император Юнчжэн ауыр және созылмалы соғысты тезірек аяқтауға ұмтылып, 1722 жылдың аяғында ойраттармен бейбітшілік келісім орнатады.
Бұл мүмкіндікті пайдаланып, жоңғар қолбасшылығы өз әскерлерін батысқа қарай көрші қазақтардың шығыс және оңтүстік-шығыс шекараларына жедел ауыстыра бастайды. Ойрат басшылары әскерлердің басым бөлігін шекарада шоғырландыра отырып, 1723 жылы ақпан-наурыз айларында қазақтың Ұлы және Орта жүз көшпенділеріне кенеттен шабуыл жасайды. Ойраттар жоғарғы Ертістен бастап, Шу мен Талас өзендеріне дейінгі үлкен майданға бірнеше ірі әскерлермен басып кіреді. Қыс-көктем айлары көшпелі қазақтардың өміріндегі қиын кезең болатын, себебі бұл уақыттары малдары қыстан аман-есен шығарылып, көктемгі жайылымдарға көшу уақыты болатын. Жоңғарлардың сәтті шабуылына өз қыстауларында орналасқан қазақ ұлыстарының үлкен кеңістікте шашыраңқы болуы және жауға тиісті қарсы тұра алмауы да ықпал етті. Мұхамеджан Тынышбаев жинаған қазақтың сақталған аңыздары бұл шапқыншылыққа қарсы қазақтардың бастапқы кезеңінде әскери тұрғыдан дайын еместігін көрсетеді. Күтпеген жерден тойтарыс бере алмай, қарсылық көрсетпей, қазақтар жол бойында мал, мүлік, қарттар мен балаларын тастап, өз даласынан тыс жерлерге көше бастайды.
Жоңғарлардың шапқыншылығы Қазақстанның, Орта Азияның және Ресей империясының оңтүстік шетіндегі геосаяси картасын түбегейлі өзгертті. Басқыншылардың соққыларынан қашқан көшпелі қазақтар Орта Азия аумағын толтырады. Кіші және Орта жүздің кейбір рулары еділ қалмақтары, қарақалпақтар мен башқұрттардың территорияларына ығысады. Жоңғарлар Қазақстанның оңтүстігіндегі және Орта Азиядағы (Ташкент, Түркістан, Ходжент) қалаларды басып алдаы. 1723-1725 жылдардағы Жоңғар агрессиясы қазақтардың тарихына «Ақтабан Шұбрынды, Алқакөл сұлама» (ұлы апат жылдары) деген атпен енді. Қазақ әскері көрсеткен жекеленген қарсылықтары жаудың күштерінен асып түсе алмады. «…касаки, разделясь на четыре партии, ходили под калмык, под башкиров, под Бухару, под хан-тайшу, – и во всех четырех партии побиты”. Причем джунгарами было разграблено «десять тысяч кибиток» казахов из 50 тыс., а остальные ушли к реке Эмбе».
Аймақтағы көшпелі халқының жан түршігерлік оқиғасы, жалпы күйреуі мен аса ауыр азаптарының бейнесін қазақтардың өздеріне тиесілі көшпелі жерлерден жаппай көшуіне алып келді. Осы ауыр сынақтардың жылдары қазақ халқының тарихи жадында ұлы апат жылдары – «Ақтабан шұбырынды», яғни «халықтың табандары ағарғанша қашуы» деп жазылған. Бұл апат жылдары қазақтар арасында «Алқакөл сұлама», «Сауран айналған, «Қайың сауған» деген сөздер арқылы сол уақыттардағы қазақтардың ауыр жағдайда қалғанын көрсетеді.
Көптеген қазақ рулары Оңтүстік Қазақстан территориясынан Орталық Азияға көшуге мәжбүр болады. Ұлы жүздің көптеген рулары мен Орта жүздің кейбір рулары Ташкенттен ары Ходжент пен Ферғана аймағына тіптен Памир тауларына; Орта жүздің көп бөлігі Самарқандқа; Кіші жүздің рулары Хиуаға қашады. Кейінірек қазақ тарихындағы бұл қаралы заманды ақындар халық жадында «Елім-ай» әні арқылы жырлап, сақтайды.
Сонымен қатар, солтүстік-батыс бағытта Жайыққа Кіші жүз руларының, солтүстіктегі Тобыл, Ор, Үй және Елек өзендеріне Орта жүз руларының жаппай келуі, Сібір және Ноғай даруғаларындағы башқұрттардың ығыстырылуына алып келді. Нәтижесінде, қазақ отрядтарының башқұрт жайылымдарына басып кіруі, екі халық арасындағы өзара жер үшін майда шайқас мен қақтығыстардың басталуына себеп болады.
Қазақтардың жеңілу себептері сол кездегі қазақ жүздерінің ішкі саяси жағдайына байланысты болды. Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін (1715-1716 жж.) қазақ билеушілері өз бетінше ішкі және сыртқы бағытта жеке өмір сүрді. Қазақ хандықтарының бытыраңқылығы мен орталықтанбағандығы, тұрақсыз әскери организация, жоңғарлармен салыстырғандағы әлсіз қару-жарақтар Жоңғар хандығының жеңісіне ықпал етті.
Жоңғар-қазақ соғыстары барысында қазақтар объективті және субъективті қиындықтарға қарамастан Жоңғар әскери экспансиясын тоқтатып, өздерінің этникалық аумағын қорғай алды. Дағдарыстың тарихи кезеңдерінде, этностың тұтастығына нақты қауіп төнген кезде, жаумен күресу үшін Біріккен Қарулы Күштер құрылды. Қазақ хандарының, сұлтандары мен билерінің неғұрлым белсенді бөлігінің әскери ықпалының көтерілу процесі жүріп жатты. Бұл әсіресе XVIII ғасырдың бірінші жартысында көшпелі қазақ қоғамының ішкі және сыртқы саяси өміріндегі батырлардың әскери рөлін күшею процесімен байқалады.
Жоңғар-қазақ әскери қақтығыстары Орталық Азияда, көршілес империялық державалар – шүршіт Қытай мен Ресей империясында әскери-саяси ықпалдың өсуіне тікелей себепші болды, бұл соғыс екі ірі көшпелі халықтың саяси тәуелсіздігінің жоғалуына әкелді. Қорытындылай келе, жалпы қазақ-жоңғар қарым-қатынастары осы кең аймақтағы геосаяси өзгерістерге және болашақ шекараның негізгі контурларының пайда болуына жанама түрде ықпал еткізді.