Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі – Қасым-Жомарт Тоқаев

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясының отырысы өтті.

«Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік болса ғана, тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек. Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген ұшқары, яғни күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әрбір азаматы өз болашағын Қазақстанмен тығыз байланыстыруы керек екендігін, сонда ғана халқымыз біртұтас ел болып тұра алатындығын айтты. Ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап кемсітуге жол берілмейтіндігін атап өтті.

«Халқымыздың ынтымақ-бірлігі бұл – тағдырдың бере салған сыйы емес. Бұл – ең алдымен, жұртымыздың күнделікті табанды еңбегінің арқасы екенін дұрыс түсінуіміз керек. Сондықтан біз бірлігімізді күн сайын нығайтып отыруымыз қажет. Яғни татулық пен келісім халқымыздың өмір салтына айналуға тиіс. Әйтпесе, елдікті сақтап қалуымыз өте қиын болады. Жақсы тілек айту – халқымыздың қанына сіңген қасиет. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтылмаған. Мен барша отандасымызды еліміздің береке-бірлігін бағалай білуге шақырамын. Шын мәнінде, ел бірлігін нығайту үшін қызмет ету – ең жауапты әрі сауапты іс. Елдікті бұзу, бірлікті шайқалту, бұл – заң алдында – қылмыс, құдай алдында – күнә. Осыны бәріміз терең түсінуіміз қажет», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала беретіндігін айтты.

«Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет. Осы ретте асырасілтеушілік пен даңғазалыққа жол бермей, парасатты әрі дәйекті түрде әрекет еткен жөн. Мемлекеттік тілді оқымаған және тиісті деңгейде меңгермеген азаматтар тіл білмегені үшін қысым көрмеуге тиіс. Сонымен қатар біздің қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажет. Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болады. Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ қаншалықты патриот екенін көрсетеді. Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет. Тіл мәселесіне қатысты барлық пікірталас этникалық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button