Қазақ тілі «бөтен сөзбен былғанып» барады
Қазақ тілі «бөтен сөзбен былғанып», грамматикалық заңдылықтардан жаңылып, дүрегей тілге айналып барады. Қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, мемлекеттік лауазым иелері ортасындағы көпке танымал көкелеріміздің өзі «үлкен рахметтен» жаңылар емес («көп рахметті» көпсінеді, «үлкендеу» бір рахмет айтсам да жетер дейтін шығар). Сол көкелердің алдында түшкіріп қалсаңыз «Бер тәңір!» деп тілек тілеудің орынына «Сау болыңыз!» деп «қоштасып» кете барады. Игі жақсылардың бірі ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың қазаққа қазақ тілінде сөйлесуге орыстардан именгенін көргенімізде жағамызды ұстадық. Қоғам қайраткері үкіметтегі биік лауазымдағы тұлғаның пиғылы солай болса, қарапайым халыққа не сын қоярсыз.
Мынау әлемді аузына қаратқан ақпарат заманында телеарналар мен тарихта өзіндік орыны бар, тіл жанашыры газеттерімізге сенім артып едік, олардың өзі тіл бұзарларға айналды. Қазақ тіліндегі сөздердің бір-бірімен тіркесу заңдылықтарын аяққа басып, орыс тілінен сөзбе-сөз аударған жасанды тіркестер жасап, сол тікенек тіркестерді тілдік норма ретінде қалыптастырып алды. Мәселен жылқаның бәрі «атқа» айналды. «Абай» телеарнасы: «Ботай жазығында «атты» қолға үйретті» («Түркі әлемі» тарихи бағдарлама. 29-маусым), «Ат үйірлері» («суретші Айнұр Бекбергенованың туындылары жайлы» 26-маусым).
Сол сияқты аттан жығылмайтын «құлайтын» болдық. Бұрын «Жатыр едім көгалда пішен шауып, ақбоз аттан жығылдым есім ауып» деп әндететінбіз, енді ақбоз аттан «құлайтын» болдық. Бұрын тұтас дүниені бөлшектеп, бөлшек дүниені құрастыратынбыз. Енді құрастырмайтын «жинайтын», бөлшектемейтін «шашатын» болдық. (Калашников автоматын шашып, қайта жинау, ауылшаруашылығы техникаларының бөлшектерін жинау). Сол сияқты атқа мінбейтін «отыратын» болдық, киіз үйді тікпейтін «құратын», жақпайтын «бұзатын» болдық. Мұндай қисынсыз тіркес қазіргі баспасөзде тілдік нормаға айналды.
Алла жаратқан ақыл ес мүшесі ми әу бастан жалғыз еді, біз жұлынтұтаны да ми болдырып алдық: «Қыз баланың «бас миы» шайқалған» деген диогназ қойды». (Қыз баланы белгісіз біреудің соққыға жыққаны жайлы 23-маусым күнгі жаңалықтар, 31-канал жүргізушісі), «Бас миы» жарақатын алған» (Шаңғы базасында балаларды көлік соққаны жайлы. 30-қаңтар «Қазақстан» телеарнасы тілшісі Жақсыбек Кемал).
Қазақ телеарналарындағы отандық және аударма кинолардың тілі де тікенек. Бір ғана мысал келтірсек, ұлттық арнадан жүріп жатқан Түріктің «Бауырлар» сериалының кейіпкері екіқабат Шеңгүл ханым таудан құлап түсік тастағалы жатқанда Акиф мырзының: «Көмектесіңдер, екіқабат әйелдің «суы ағып кетті» деп қайта-қайта иен даланы басына көтере айғайлағанына жастар жағы сөз мәнін түсінбей аңтарылып қалғаны анық. Мүмкін, бәз біреулер әйелдің кіші дәреті шығып кеткен болар деп ойлаған болар. Ал қазақ тілінде «суы ағып кетті» емес, «баланың беті ашылып кетті» деп айтатынын білетін қазақтардың парықсыз бірінің күлкісі келсе, ана тіліне жаныашыр парасатты бірінің мәңгүрттігімізге жылағысы келген шығар.
Міне, «бас миы» суалып, «суы ағып» құрғап қаллғандардың қазақша сөйлеу сиқы осындай. Қош, қазақ тілін білмейді деп басқа ұлттың өкілдеріне мін тағамыз, ұлттық тіліміздің тазалығына жауапты, тіпті, үлгі көрсетуге тиіс журналистер мен өнер адамдарының, зиялы қауым, басшылардың қазақша сөйлеген түрі осы болса, өзгелерге қалай өкпелейміз.
Өнер адамы дегеннен шығады, бәлдір батпақ тілді эстрада әншілері емес, халық әндері мен халық компазиторлырының әндерін айтатын екі «жұлдызымыздың» бірі күлкіңді келтіреді. «Ақ дариға» әнінде «Бәйгеден екі ат келер ойнақтаған» (Бір ат озып келмеуші ме еді.) «Сары жез құман-ай» әнінде «Көзіңнен айналайын, ашып-жұмған-ай» деп шырқайды. Қазақ көзін ашып-жұмып отырған қызды сұлу қыз емес, жыпық қыз дейді. Дұрысы «көзіңнен айналайын ақыл тұнған-ай». «Ақтамақ» әнінде «шыққан күндей жарқ етіп бұлт астынан» деудің орынына «Шыға келсең жарқ етіп бұлт астынан» дейді. Бұлт астынан перінің қызы болмаса, қазақтың ақтамақ қыздары шықпайды ғой. Мұндай мысалдың онын емес, жүзін келтіруге болады. Кезінде көлемді мақала да жазғанмын. Қайталап отырғаным халық әнін айтатын әншілерміз, басшылар, тілшілер, аудармашылар сияқты ұлттық тіліміздің жанашырларының тіліне теріскен шығарған тіркестерінен қалған көңілдің наласы.
Бірақ тіліміздің мұның бәрінен артық жанашырлары қазақ тілін зерттеп жүрген ғалымдар (жай ғалым емес, доктор, академиктер) екеніне ешкім шүбә келтірмес. Бір қызығы сол докторлар мен академиктердің редакциялауымен басылған қазақтың бас сөздігі 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» (Алматы 2011 жыл) мен осы сөздіктегі барлық сөзді сыйыстырған (дәйек сөзсіз) «Қазақ сөздігіне» (Алматы 2013 жыл) мұқият үңілсеңіз өзгелерге өкпе артуымыз бекер болып шығады. Қазақша айтқанда «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресіз». Мысал келтірейік, бірақ күлмеңіз. Сиыр қашып кетті – «бұқаға түсіп кетті немесе бұқаға түсіп тоқтап кетті» деп түсіндіреді. Қазақ бұқаға түсіп кетті деп айтпайды. Тіпті қисыны жоқ дөрекі сөз Оқырану – еміреніп осқырту. (Осқырғаны қалай?) Мекірену – малдың төліне мейірі түскенде ыңырануы. (Тойған қой жусап жатқанда ыңыранушы еді) Түсік – туылар мерзіміне жетпей түскен өлі төл. (Мал іш тастайды, әйел түсік тастайды ғой) Серке – бес, алты жастағы тартылған теке. (Пішілген теке болса серке емес сасай, азбан ғой) Төс айыл – аттың бауырын ала көлделең келтіріп тартып байлайтын тартпа.
Осылай кете береді. Әсіресе қазақтың байырғы салт-сана, шаруашылық, кәсібіне байланысты сөздердің түсіндірмесі күлкіңді келтіреді. Әрі мұндай мәнсіз, тіпті, мазақ түсіндірме сөздікте жүздеп емес, мыңдап кездеседі. «Қуырдақтың көкесі» емей немене. Қазақ «ет шірісе, тұз себесің, тұз шірісе, не себесің» дейді. Сөздіктің сиқы жоғардағыдай болса, өзгеден не қайыр! Несіне шырылдаймыз. Шала қазақтың тілін түзету үшін әуелі түсіндірме сөздігімізді түзету керек шығар.
Қорытынды: Шала қазақ пен басқа ұлтты қазақша сөйлетпес бұрын жуналистеріміздің, өнер, мәдениет майталмандарының, тіл мамандарының, зиялы қауым санатындағы басшыларымыздың тілін түзейік. Мен мұны тілімнің зәрін төгейін деп жазып отырған жоқпын. Зәмзәм тіліміздің зәруаттарына деген зарым бұл.
Бодаухан Тоқанұлы, журналист