Қазақ тілін үйрететін қосымша іске қосылды
Павлодар облысында «ANA TILI» орталығы қазақ тілін оқу үшін мобильдік қосымшасын іске қосты. Қосымша арқылы әр қалаушы мемлекеттік тілді өз бетінше үйрене алады.
«Қосымшаның басты мақсаты қазақ тілін жаппай үйрету. Заманауи технологиялардың дамуымен, әр қалаушы тіл орталықтарына бармай-ақ, телефон арқылы үйрене алады. Ол үшін App Store немесе Play market-тен қосымшаны жүктеп алу қажет. Қосымшаның ішінде аудармаға арналған жаттығулар және лексика-грамматикалық тапсырмалар берілген. Сонымен қоса, тапсырма жауаптары мен ұпайларды да «Профиль» бөлімінен көруге болады», – деді «Ана тілі» ЖШС-нің «Тілдерді дамыту және латын графикасына көшіру» бөлімінің басшысы Ержан Советұлы.
Бұл қосымша материалдардың жүйеленуі арқылы ұйымдастырылған интерфейстің қарапайымдылығымен, қызықты тапсырмаларымен және латын графикасына ауысу функциясымен ерекшеленеді.
Оқыту бағдарламасы жаңадан бастаушыларға да, жоғарғы деңгейдегі қолданушыларға да арналғанын.
Қосымшаның ішіне орысша-қазақша сөздік, сөз құрастыру ойындары, сөздік карточкалары, аудио және грамматикалық материалдар, мақал-мәтелдер, тілектер қосылған.
Электрондық пошта мекенжайы арқылы тіркеліп, қосымшаны тегін пайдалануға болады.