Қазақ тілін үйретудің авторлық әдістемесі
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында «Қазақ тілін үйретудің авторлық әдістемесі» тақырыбында семинар өтті.
Іс-шараның мақсаты – тілді үйрету әдістемесі бойынша тәжірибе жинақтау мақсатында оқытушылар мен әдіскерлерге авторлық әдістемелерді әзірлеу және қалыптастыру жайлы білім беру, үздік әдістемелік идеяларды ортаға салу, әдістемені жетілдіру.
Семинарда жаңашыл педагогтардың нәтижеге бағытталған жеке авторлық әдістемелері және үздік әдіс-тәсілдері республикалық тілдерді оқыту орталықтары мен білім беру саласының тіл мамандарына таныстырылады. Сондай-ақ осы семинар аясында авторлық әдістемелерді қалыптастыру жолдары, олардың ерекшелігі, тиімділігі, тәжірибеге енгізу механизмдері жайлы пікірлер ортаға салынды.
Онлайн іс-шарада Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жауынбай Қараев, «Білім беру технопаркі» ғылыми енгізу орталығының директоры, «Биоақпарат және синергетика» педагогикалық технологиясының авторы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Федор Вассерман, қазақ тілі пәнінің оқытушысы Гүлмира Амандықова қатысып, авторлық әдістемелері және оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісті.
Семинарға республикалық Тілдерді дамыту басқармасының мамандары, облыстық, қалалық, аудандық тілдерді оқыту орталықтарының директорлары, оқытушылары мен әдіскерлері қатысты.
Онлайн іс-шара Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының фейсбук, инстаграм желісіндегі парақшаларында көрсетілді.