Жаңалық

Қазақ тілінің байлығына қалай мақтанбайсың

“Бала-шаға” сөз тіркесіндегі шаға сөзі нені білдіреді? Әлемдегі ең ұзын сөз қазақтікі ме? Ана тілін білмейтін адамды орыс жазушылары не деп атаған? Керек дерек….

Қазақтың сөздік қорында сөз арасында қосарланып жазылатын «бала-шаға», «темір-терсек», «қыз-қырқын» сияқты бірқатар қос сөздер бар. Мәслене, бала-шаға сөзіндегі шаға сөзін алсақ.

«Қазақтың тілі бай, сөздік қоры мол» деп жатамыз. Бұл – шындық. Дегенмен, кейде қаншама ғасырлардан бері қолданылып келе жатқан сөздердің негізгі мағынасын білмей жатамыз. Ғылыми тұрғыдан дәлелдей алмасақ та, естіген, көкейге түйген деректермен бөліскенді жөн санадық.

Сонымен, шаға – сөзін, бала – сөзінің мағыналас жалғасы деп ұғамыз, алыс емес әйтеуір. Түркімен, Әзербайжан сияқты бауырлас елдер шаға – сөзін, бала – сөзінің орнына да қолдана беретін көрінеді. Ал, бізде міндетті түрде бала-шаға болып қолданылады. «Көне түркі тілінде шаға– сөзі, бала деген мағынаны білдірсе, тіліміздегі шақалақ – сөзі де, шаға сөзінен – шыққан», –  дейді дерек көздері.

Түркістан қаласы аумағында «Шаға» деген ауыл бар екен. Сол ауылға қатысты ел аузында мынадай аңыз бар.

Бір кездері сол маңда бір хан билік құрыпты. Оның бірнеше әйелі болыпты. Өзі сондай сұңғыла, дәстүрге берік болса керек, бәйбішеден туған балаларын сарайда ұстап, бағып-қағып ер жеткізіпті. Ал, тоқалдарынан  өрбіген ұрпақтарын Шаға ауылында асырапты. Барлығын өзі қадағалап отырған. Өйткені ел басқаруға нағыз лайықты мұрагер тоқалдан да тууы мүмкін ғой… Оның үстіне ұрпақтарын тасбауырлықтан, өзара араздықтан сақтағысы келген болса керек. Содан бастап әлгі ханның бәйбішеден туған сарайда тұратын балалары – бала, ал, тоқалдарынан  өрбіген Шаға ауылында жасайтын ұрпақтары – шаға деп аталып кетіпті. Бұл әрине «әркім өз тегін, өз орнын білсін» деген, патшаның көрегендігі болар. Содан бастап бала – сөзіне, шаға – сөзі қосарлана, бала-шаға болып қолданысқа еніп кеткен екен. Өйткені, бөлек жерде өссе де, түбі бір ғой, яғни, әкесі бір. Ал, халық осыдан бастап, бала – кім, шаға – кім біліп отыратын болыпты. Бұл әрине біздің ақтарып тауып, көкірекке түйгеніміз ғана. Алдияр оқырманның айтар пікірі болса, тыңдауға әзірміз…

Қазақ тілінің байлығы талайдың таңдайын қақтырып, шет ел жазушыларының қызығушылығын оятқаны рас.

Ғасырлар бойы дамып жетілген, қолдану аясы кең, бай тілдердің бірі — қазақ тілі. Өйткені қазақ тілінің құрамындағы сөздердің саны ұлан ғайыр көп. Қазақ тілі – ең алдымен, түп төркінін сақтаған, түркі тілдерінің ішіндегі таза тілдердің бірі. Олай дейтін себебіміз, қазақ тілінің негізгі лексикалық қорын көне түркі сөздері құрайды. Мұны түркітанушы басқа елдің ғалымдары да ерекше айтып отыр. Бүгінгі күні, мысалы, түрік тілінде араб тілінен енген көп сөздер бар. Солардың орнын қалай алмастырамыз дегенде, олар қазақ тілін донор тіл ретінде пайдаланғылары келеді. Екіншіден, қазақ тілі – кемел тілдердің бірі. Кемел дейтініміз стильдік тармақтары сараланған, әдеби нормасы қалпына келген, қандай жанр, қандай қоғамдық өмірдің саласы болмасын, қолдануға болатын, қолдану әлеуеті өте жоғары тіл. Одан кейін тағы да «Қандай тіл?» дейтін болсақ, қазақ тілі – өте бай тіл. Бір қызығы, қазақ тілінің байлығы оның лексикалық қорының көптігімен көрінбейді, қазақ тілінің байлығы грамматикалық формалардың көптігімен де көрінеді. Бұл грамматикалық формалар әртүрлі мақсатты, сөйлеушінің дітін, әртүрлі оның эмоциялық реңктерін түгел, толық жеткізе алады.

Мысалы, есікті жап, есікті жапшы, есікті жаба қойшы, есікті жаба салшы, есікті жаба сала қойшы, есікті жауып жіберіңізші, есікті жауып жіберсеңіз болмас па еді, есікті жауып жіберсеңіз игі еді, есікті жапсаң болар еді, есікті жауып шыға қойшы, есікті жауып жібере салсаң игі болар еді деп осылай тоқтамай жалғастыра беруге болады. Бұл форма байлығы сөйлеп тұрған адамның сөйлеушіге деген әртүрлі қарым-қатынасын, эмоциясын, сөйлеушінің мәртебесін, тыңдаушының мәртебесін, осының барлығын ажыратып тұрады. Сондықтан қазақ тілі қандай тіл? деген кезде, біз осы жағынан да ойлануымыз керек. Енді ең маңызды нәрсе қазақ тілінде біздің ұлтымыздың жаны, рухы сақталған. Рух дегенде біз көбінесе оны бір дерексіз дүние деп ұғамыз. Бірақ шын мәніне келгенде, Абайда да бар, рух деген ол – ақыл, ақыл деген – білімдер. Мысалы, талай ғасыр өмір сүрген қазақ ұлтының бүкіл тарихи кезеңдерде жинақтаған білімдері, осы  біздің қазақ тілімізде сақталып тұр. Тек қана білімдері ғана емес, моральдық-этикеттік нормалары, сұлулықтың эталоны, әділдіктің эталоны, жақсылық, жамандықтың эталоны. Осындай сияқты толып жатқан бізге өмір сүруді үйрететін, ортада өзін ұстауды үйрететін, тағы да басқа көп білімдерді үйрететін құнды деректер осы тілімізде сақтаулы.

Сондықтан біз сол білімдерден айырылып, ажырап, қалмауымыз керек, егер біз ол білімдерден ажырап, айырылсақ, біз өзіміздің  ұлттық келбетімізден, ұлттық мәдениетімізден айырыламыз.

Сөздің аса мол кені көркем әдебиетте жинақталған. Мысалы,Мұхтар Әуезовтің 20 томдық шығармаларында сөздің саны 30 мыңнан астам. Қара сөздің қас шебері М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында 16983 сөз қолданған. А.Пушкин өз шығармаларында 21197, У. Шекспир 15000 сөз қолданған. «Абай жолы» эпопеясында 1-2 рет қолданылған сөз саны – 8698, Пушкин шығармаларында мұндай жиіліктегі сөздің саны – 9301. Әрбір тіл сөзге бай. Сөздердің санын математикалық тұрғыдан санап, санын дәл айту мүмкін емес.  Тіл байлығын  сөз саны емес, олардың қолданысы анықтайды.

Қызық дерек.

Теңгенің құнсыздануынан кейін айналысқа енген «девальвацияландырылғандықтарыңыздан» деген күрделі сөзде 35 әріп бар. Осыншалықты ұзын сөзді ғаламторға фэйсбук қолданушы жастар шығарыпты. Алайда, әлемдік тәжірибеге қарасақ, сөз ұзындығы жағынан басқа тілдер озып тұр. Мысалы, орыс тіліндегі «ең ұзын» сөздердің тартысында әзірге бірінші орында  48 әріптен тұратын «кокамидопропилпропиленгликольдимонийхлоридфосфат» деген химиялық қосынды тұр екен. Орыс тілінің «тазалығы» үшін күресіп жүргендердің пайымдауынша, орыс тіліндегі ең «ұзын сөз» атағына 35 әріптен тұратын «превысокомногорассмотрительствующий» деген сөз  ие. Неміс тіліндегі «ең ұзын» сөз ретінде көпке дейін бірінші орынды «Donaudampfschiffahrtselektrizitдtenhauptbetriebswerkbauunterbeamtengesellschaft» атты 80 әріптен тұратын сөз иеленіп тұрыпты. Оны қазақ тіліне аударсақ «Дунай пароходтығының бас офисінің электр коммуникациялары басқармаларының шенеуніктерінің клубы» деген ұғымды береді екен. Ағылшын тіліндегі «ең ұзын» сөз ретінде 45 әріптен тұратын силикоз атты аурудың түрінің аты болып табылатын «pneumonoultramicroscopicsilicovolcanokoniosis» атты сөз көрсетілген.

Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан –ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Азаматтың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі. Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев: “Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады” – деген. Тіл байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тілін, көзінің қарашығындай қарауы және ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті.

Амал не, туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндерді жиі кездестіреміз. Басқа халықты айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазақ қылатын кез болды. Бүгінде де кейбіреулердің қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі – қазақ тілін жақсартып, биік белестерге көтермеуіміздің қатерлі дерті. Туған тілден безінген азаматтарды көргенде Паустовскийдің “Туған тіліне жаны ашымаған адам жәндік” – деп ашына айтқаны ойға оралады. Елінің болашағын ойлаған әр азамат ана тілінің болашағын да қолынан келген көмегін    аямауы тиіс. Өкінішке орай, соңғы кезде көптеген қазақ жастары өз ана тілін бұрмалап сөйлеуді әдетке айналдырған. Ата-ананы қадірлеу қалай керек болса, өз ана тілімізді қадірлеуді, қастерлеуді, аялауды қолға алайық. Төл тілінде сөйлеуден безу – ана сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен бірдей.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button