Жаңалық Редакция таңдауы Сұхбат

Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге үлкені де, кішісі де атсалысуы керек - тіл жанашыры

Тіл – жеке адам ойлап тапқан туынды емес. Ол – барша ұлтқа ортақ құрал. Халықтың мәдени-әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар, атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра.

Фото: El.kz (Равиль Ашығали)

Ұлы ағартушы, ақын Ахмет Байтұрсынов «сөзі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» деп бекер айтпаса керек. Өйткені тіл ұлттың бар құндылығын, мұң-зарын, қуанышын жеткізеді. Осы орайда, қазақ тілінің дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жүрген «Көрнекі» жобасының мониторинг менеджері Нұртай Мәжитпен сұхбаттасқан едік.

– Әңгімемізді бастамас бұрын «Көрнекі» жобасы туралы айтып кетсеңіз?

– «Көрнекі» жобасы  – мекемелер мен нысандарда көрнекі ақпарат туралы заңның орындалуын  қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі. Былайша айтқанда, мейрамхана, дәріхана немесе сауда үйлері секілді нысандарда халыққа қазақша қызмет көрсетуді насихаттаймыз және сонымен жұмыс істейміз. Біздің жобамыздың жетекшісі – Лариса Алдабергенқызы.  Бұл қозғалыс 2021 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалидың бастамасымен көрнекі ақпарат туралы заңды толықтырып, түзетілген соң басталды.

Жоба басталғалы бері қанша нысанға мониторинг жүргізіп, қанша нысанға аударма жасауға көмектестіңіздер?

Жоба басталғалы бері 3000-нан астам нысанға мониторинг және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Егер қазақ тілінде қызмет көрсету барысында кәсіп иелері қателіктер жіберген болса, ескерту жасалынды. Ал аудармаға келетін болсақ, шамамен 400-ге жуық нысанға тегін аударма қызметі көрсетіліп, көрнекі ақпаратқа байланысты заңбұзушылықтар да реттеліп жатыр.

Халыққа қызмет көрсету нысандары қандай қателікті жиі жібереді?

– Бұрыннан бері бізге орысша қызмет көрсетіліп келді. Оны жасыра алмаймыз. Дәмханаға кірсек орыс тілді мәзір ұсынады. Ал қазақ тіліндегі нұсқасы мүлдем болмайды. Бұған біздің де етіміз үйреніп кеткеннен кейін, көп жағдайда оны байқай бермейміз. Сол үшін мониторинг жұмыстарын жүргіземіз. Соның арқасында заң бұзушылықтарды анықтап отырамыз. Мысалы, жұмыс тәртібінің, маңдайшалардағы жазулардың, жарнамалардың өзге тілде болуы және мәзірде, бағалар тізімінде қазақша ақпарат болмауы жиі кездеседі.

Жоба қазақ тілінің дамуын қолдайтын қозғалыс екенін білеміз. Бүгінгі жастардың қазақ тіліне деген құлшынысы қандай? Бұл жобаға атсалысатын ерікті жастар көп пе?

Жобамызда жастар көп. Ерікті ретінде келіп, әркезде көмек қолын созуға дайын тұрады. Алайда қазақ тілінің мәселесі баршамызға ортақ емес пе?! Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге үлкені де, кішісі де атсалысуы керек деп ойлаймын. Тәжірбиелі тіл жанашырларының, қазақ тілін қолдаушы жастардың ерік-жігерінің арқасында, біздің жобамыз жақсы нәтижелерге жетіп келеді.

Нұртай мырза, көрнекі ақпараттағы аудармадан бөлек, қазақ тілінің дамуы жолында тағы қандай жұмыстармен айналысасыздар?

–  Қазір ХҚТҚ Астана қалалық филиалының кеңесшісі, тіл маманы, аудармашы Болат Жексенғалиев және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Әлеуметтік лингвистика бөлімінің ғылыми қызметкері Қуатбек Дүйсеннің көмегімен мейрамхана, дәмхана, жанар-жағар май бекеттері, сұлулық салондарына арналған қазақ тіліндегі сөздер жиынтығы жасалып жатыр. Одан бөлек, көрнекі ақпараттардың қателігін анықтайтын «Көрнекі bot» қосымшасы іске қосылды. Осы орайда, қазақ тілі мәселесіне тек белгілі бір қауымдастық немесе бірлестіктер ғана емес, жалпы әрбір қазақ жауапты деп санаймын. Өйткені тіл – халықтың қазынасы. Жазушы Ғабит Мүсірепов айтпақшы, «ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді». Әрбір адам өзінен бастап, халыққа қызмет көрсету нысандарында қазақша мәзірді және қазақ тілінде қызмет көрсетуді міндетті түрде талап ету керек. Осылайша, бұл – қоғам үшін қалыпты жағдайға айналып, қазақ тілінде қызмет көрсету деңгейі өседі.

– «Көрнекі» жобасы аясында қанша қызметкер жұмыс істейді? Бұл жоба тек Астана қаласында ғана ма, әлде басқа да қалаларда жалғасын тауып жатыр ма?

– Жобамызда 20-ға жуық қызметкер жұмыс істейді. Жауапты координатор, заңгер, мониторинг менеджері, аудармашы, дизайнер секілді орындарда біздің топ жұмыла қызмет атқарып отыр. Бүгінде елордадан бөлек, Атырау қаласында да көрнекі топ құрылды. Қазір мұнайлы астананың еріктілері жұмылдырылып, оларға оқыту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button