Қазақбай Әжібекұлының «Өнер шыңына ұмтылыс» атты жеке көрмесі өтті
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жаңа ғимаратында (Бөкейхан көш., 1) белгілі кескіндемеші, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Қазақбай Әжібекұлының «Өнер шыңына ұмтылыс» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Елбасы кітапханасының Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздік күнін мерекелеуге арналған бейнелеу өнерінің іс-шаралар бағдарламасы Елбасы кітапханасының музей жинағында жұмыстары орналасқан автордың жеке көрмесімен ашылды. Көрерменге отандық және шетелдік авторлардың вернисаждарын камералық форматта өткізуге мүмкіндік беретін жаңа көрме кеңістігі ұсынылды.
Көрмеге 1997–2020 жылдар аралығында жасалған суретшінің отызға жуық жұмысы қойылды. Шығармашылығының алғашқы кезеңін ХХ ғасырдың 90-шы жылдары соңындағы туындылары бейнелейді. Соңғы онжылдықтағы жұмыстар автордың шығармашылық және жеке эволюциясын көрсетеді. Суретшінің шығармашылығына тән кемелділікке, өнер шыңына деген ұмтылыс көрменің атауын анықтады.
Қазақбай Әжібекұлы қылқалам шеберлерінің шығармашылық ізденістерінің басты желісін – қазақ халқының дәстүрлі бастаулары мен рухани мұрасының жандануын бейнелейді. Тәуелсіздіктің әрбір жылдығы Еліміздің, Қазақстан азаматтарының болашағына серпінді қозғалыстың шарты ретінде өткенді талдауға ұйытқы болып табылады. Бұл колористикада, Қазақбай қылқаламының ұшқырлығында айқын сезіледі, ерте кезеңдегі жұмыс тәсілінен айтарлықтай ерекшеленеді.
Қазақбай Әжібекұлы 1966 жылы Целиноград облысының Бестамақ ауылында дүниеге келген. 1981 жылы Н. В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде оқып, содан соң 1993 жылы Т. Жүргенов атындағы театр және өнер институтын бітіреді. (қазіргі Т. Жүргенов Қазақ Ұлттық өнер Академиясы). Кенжебай Дүйсенбаевтың және Әлібай Бапановтың шәкірті Қ.Әжібекұлы қазақстандық көркемсурет мектебінің үздік кескіндеме дәстүрін ұстанады. Суретшінің өзіндік стилін қалыптастыруда С.Мәмбеев, Қ. Телжанов, Ш. Сариев, С. Айтбаев, Т. Тоғызбаев және басқа да көрнекті қазақстандық шеберлердің шығармашылығымен танысу үлкен рөл атқарды.
Қ.Әжібекұлының шығармашылық өмірбаянында көптеген даңқты жетістіктер бар. 1986 жылдан бастап суретшінің жұмыстары республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қатысады. 1996 жылы ҚР Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, 1998 жылы республикалық «Шабыт» шығармашылық фестивалінің Гран-при иегері, Президенттік стипендия иегері және халықаралық «Жігер» жас суретшілер фестивалінің лауреаты атанды.
Бүгінгі таңда Қ.Әжібекұлы – қалыптасқан автор, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, көптеген сыйлықтардың, соның ішінде арнайы сыйлықтың лауреаты. Ә.Қастеевтің (1999 ж.), ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының (2001 ж.) иегері. Көптеген конкурстардың жеңімпазы: «Астана-Бәйтерек», «Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі»; Президенттік (2009 ж.) және Мемлекеттік (2010 ж.) стипендияларының лауреаты. 2012 жылы Қ.Әжібекұлы «Қазақтың халық эпосы. Қазақ халқының тарихы мен дәстүрлері» деп аталатын республикалық байқауының жеңімпаздарының бірі болды. Сол арқылы өзінің шығармашылық кредосына деген адалдығын растайды.
2016 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын алды. Суретшінің жұмыстары «Ақорда» резиденциясында, Елбасы кітапханасының музей коллекциясында, Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік бейнелеу өнері музейінің коллекцияларында, Г. Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық бейнелеу өнері музейлерінде және әлемнің әртүрлі елдерінің жеке коллекцияларында сақтаулы. Қазақбай Әжібекұлының шығармашылығы туралы «Дала пасторалі», «Кескіндемеші» атты телевизиялық фильмдер түсірілді. Қазіргі уақытта суретші профессор, Астана Халықаралық университетінің жоғары өнер мектебінің оқытушысы, сонымен қатар «Астана Опера» КЕАҚ Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры болып табылады.
«Өнер шыңына ұмтылыс» көрмесі 2020 жылдың 1 қарашасына дейін жалғасады.