Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақшылдық шовинизм емес!

Қазақшыл адамның халқына құлай беріліп, оны қалтқысыз сүюін, қазақтың дамып, өркендеуі үшін жалтақсыз, аянбай беріле еңбек етуін – қазақшылдық дейміз.

Қазақшылдықтың өз ұлтына, төл мәдениетіне берілген шексіз сүйіспеншілігін шовинисттікпен де, фанаттықпен де шатыстыруға болмайды. Атам қазақ оларды «әсірешілік», «әсіреберілгіштік» дейді және «әсіре қызыл тез оңар» деп, ондайларды жаратпаған.

Қазақшылдық – өз халқын беріле жақсы көрумен бірге өзгенің де өз халқына адал берілгендігін құрметтеуге баулитын ізгі қасиет. Қазақшылдық – қазақ халқы игілігіне бағытталған бар істің қозғаушы күші. Оның бойында ұлттың ізгі сезімі, дәстүрі, тәлім-тәрбиесі бірге өріліп жатыр. Қазақшылдық тәрбиенің биік мұратын атам қазақтың өзі «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген.

Қазақшылдықты мұрат тұтқан әр қазақ өзін қазақ халқының бір перзентімін деген ұғымда болады. Ал өзін «қазақпын» деп есептейтін әр қазақ саналы түрде көкірек сарайына осы «мен де өз халқымның бір перзентімін» деген тұжырымды тұрақты қоныстандыра алса, оның жан дүниесінде сол сәттен бастап халқына, бейне баланың ата-анасына деген сүйіспеншілігіндей, аяулы бір сезім оянады да, сол сезім оны үнемі «перзентік парыз» деген ұғымның жауапкершілігі аясында ұстайды. Баланың қандай жақсылық жасаса да өз ата-анасынан оған ешқандай өтем дәметпейтіні сияқты, ол да халқына жасаған қызметі үшін ешқандай ақы тілемейді, марапат дәметпейді.

Өйткені ол не істесе де, соны барлы-жоғы халқым алдындағы перзенттік парызымды өтеуім деп қана түсінеді. Осы жолда қандайда бір жеңіске жетсе – дандайсымайды; қиындық көрсе – мұқалмайды. Солай болуын табиғи заңдылық деп біледі. Сөйтіп азаматтың халық алдындағы перзенттік парызын өтеуі – халыққа қызмет етудің мәніне айналып, биік мұратқа жол ашады. Қазақшылдықтың құдыреті де осында.

Қазақшылдықтың өрісі кеңейген сайын, қазақ мемлекетінің де, ұлтының да, халқының да шаруасы ілгерілеп, тасы өрге домалай бастайды. Өйткені ғылыми анықтамасы әртүрлі болғанымен, мемлекеттің де, ұлттың да, халықтың да түпкі мүдделерінің тоғысар арнасы бір. Ал қазақшылдық – сол бір арнада тоғысқан мүдделердің берілген адал жанашыры. Сонда «қазақшылдық» дегеннің мәні, түптеп келгенде, қазақ ұлтын көркейту, биіктету болып шығады.

Қазақшылдық ұлттық дәстүрдің құрсағында жаратылып, ұлттық мәдениет аясында ер жетіп, ұлттық санада өмір сүреді, ұлтқа адал қызмет етеді. Бұл – қазақшылдықтың кіндігі ұлтқа байланған деген сөз. Қазақшылық мұратының кеңеюі мәдениеті, тілі, діні ортақтас жалпы түрік халықтарының мүддесіне қызмет ететін түрікшілдік өрісіне қосылып, одан әрі Абай айтатын: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым дебіне», яғни адамзатшылдыққа жалғасады.

Қойшығара Салғараұлы

«Елдік негіздері» кітабынан

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button