Жаңалық

Қазақстан бойынша экспедицияға екі мыңнан астам оқушы шығады

Астанада «Менің Отаным – Қазақстан» республикалық туристік экспедициялар  және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өлкетану» базалық жобасын іске асыру аясында балалар мен жасөспірімдердің «Жалын» патриоттық қозғалысы экспедициялық іздестіру отрядтарының  қалалық  форумы өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Шараның мақсаты – Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұраларын сақтауды насихаттау, өз елінің патриоттарын тәрбиелеуге арналған кіші Отанын зерделеу бойынша экспедициялық іздестіру отрядтарының жұмыс тәжірибесімен алмасу.

«Жалын» патриоттық қозғалысы 2015 жылдан бастау алған. Астана мектептерінде 2015 жылы 12 экспедициялық топ, 2016 жылы 14 топ, 2017 жылы 17 топ құрылған. Әр топта 15 баладан, бірінші кезекте әр топ жоба таңдайды, содан жоба бойынша теориялық білімдерін жетілдіреді, екінші кезеңде балалар таңдаған жобалары бойынша экспедицияға шығады.

«Бүгінгі форумда осы үш жылдың қорытындысын шығарғалы отырмыз. Үздік экспедициялық топтарды анықтаймыз. Ал, осы жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өлкетану» базалық жобасының аясында Астананың барлық мектептері мен колледждерінде экспедициялық топтар құрылып, экспедицияға шығады. Жалпы алғанда екі мың баланы қамтимыз деп отырмыз. Жобаны «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Білім басқармасы қаржыландырады», – деді Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығының директоры Мэлс Әбенов.

Экспедицияға қатысушы Арайлым Жарылқасынның айтуынша, жоба өте қызықты. «Ескі қалалардың орындарын аралап, тарихымен таныстық. Біз Отырар және Сарайшық қалаларына бардық. Музейлерде болып сол қалаларда табылған заттарды көрдік», – дейді ол.

Шараға Білім басқармасының өкілдері, балалар мен жасөспірімдердің «Жалын» патриоттық қозғалысы экспедициялық іздестіру отрядтарының қатысушылары, білім беру ұйымдарының директорлары мен орынбасарлары қатысты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button