Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақстан-Грузия: Ғылыми саладағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды

Фото: СІМ

Қазақстанның Грузиядағы Елшісі Мәлік Мырзалин Грузияның Ұлттық ғылым академиясында болып, оның президенті, академик Роин Метревелимен, сондай-ақ грузин ғалымдарымен кездеcу өткізді, деп хабарлайды Ruh.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елші ғылым саласындағы байланыстарды дамыту екіжақты қатынастардың ажырамас бөлігі атап өтіп, Қазақстан мен Грузия Ұлттық ғылым академиялары арасында байланыстар орнату жөнінде ұсыныс жасады.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының отандық ғылымның дамуына ерекше көңіл бөліп, ҰҒА-ға мемлекеттік мәртебе бергенін, енді оның Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы болып өзгергені жөнінде ақпарат берді.

М.Мырзалин грузин тарапына биыл Қазақстанда әлемдік ауқымда өтетін бірқатар іс-шаралар, соның ішінде Астана Халықаралық форумы, Көшпенділердің V дүниежүзілік ойындары, Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаған Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы мерейтойы жөнінде айтып берді.

Академик Р.Метревели қазақтар мен грузиндердің терең тарихи байланысына тоқталып, қыпшақтардың Грузиядағы тарихы жөнінде жан-жақты әңгімеледі. Сонымен қатар Грузия  Ұлттық ғылым академиясының ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясымен ынтымақтастық орнатуға және тиісті меморандумға қол қоюға дайын екенін білдірді.

Кездесу соңында тараптар ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, тәжірибе алмасуға, елдерінде ұйымдастырылып жатқан халықаралық іс-шараларға ғалымдарының қатысуына ықпал жасау жөнінде уағдаласты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button