Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орай жиын өтті
Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орай Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жиында бас қосты, деп хабарлайды Ruh.kz.
Жиын Алаш көсемі, аса көрнекті ғалым, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырылған атаулы күн аясында тарихи тұлғаның ғылыми және рухани мұрасын насихаттау, халықтың мемлекеттік тілге деген құрметі мен сүйіспеншілігін арттыру, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеру мақсатында өтті.
Мерекелік іс-шарада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы әзірлеген қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «Абай» кітабының тұсауы кесілді. Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлының «baitursynuly.kz» сайты таныстырылды. Мерекелік басқосуда Ахмет Байтұрсынұлының, жалпы Алаш қайраткерлерінің шығармашылық мұрасы және мемлекеттік тілдің өзекті қырлары, ғылым тілі, жаңа инновациялар және т.б. мәселелер талқыланды.
Жиында қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары Нұртөре Жүсіп, Иса Қазыбек, Болат Керімбек, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы,
ҚР ҰҒА академиктері Шерубай Құрманбайұлы, Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы өз ойларын ортаға салды.
Басқосуға еліміздің жоғары оқу орындары ғалымдары, Республикалық терминология комиссия мүшелері, «Qyr balasy» қоғамдық қорының өкілдері, ҚР Бас прокуратурасы, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «KEGOK» АҚ, «Қазақстан Теміржолы» АҚ, т.б. қатысты.