Қазақстан жерінде қанша қорықша бар?
Қорықша – жануарлардың, өсімдіктердің жеке түрлері, су, орман нысандары қорғалатын және табиғи ресурстары шектеулі түрде пайдаланылатын аумақ. Қазақстан жерінде барлығы 80 қорықша бар. «Open Qazaqstan» айдарының кезекті шығарылымынан елімізде орналасқан бірнеше қорықша туралы біле аласыздар.
Атбасар зоологиялық қорықшасы.
Табиғатты қорғау орны Ақмола облысы, Атбасар ауданында етек жайған. Ұйымдастырылған уақыты: 1976 жыл. Қорықшадан қау, теріскен, қалың қараған, тобылғы және т.б. көптеген өсімдік түрлерін кездестіруге болады. Ал жануарлар әлемінен суыр, ор қоян, түлкі, қарсақ және ақ бөкенді ерекше атауға болады. Сондай-ақ қара және ақ қанатты бозторғай, дала құладыны, дуадақ, ақбас тырна және т.б. құстар тіршілік етеді. «Қазақстанның Қызыл кітабына» енген құстары: дуадақ, ақбас тырна, қалбағай, тарғақ, т.б.
Ерейментау қорықшасы.
Қорықша 1986 жылы Ақмола облысы Ерейментау ауданында құрылған. Ерекшелігі: Ерейментауда көне дәуір кезеңінен сақталып қалған реликт өсімдіктердің сан алуан түрі өседі. Қорықшада 400-ге жуық өсімдік өседі. Оның 50-ге тарта түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Арқар, елік, дала суыры, ақ қоян секілді бағалы аңдар мен 150-ге жақын құстың түрі бар. Арқар, безгелдек, қызылжемсаулы қарашақаз, сұңқылдақ аққу, дуадақ, ақбас тырна, дала қыраны, лашын және т.б. хайнаттары «Қызыл кітап» тізіміне енгізілген.
Боралдай қорықшасы.
Республикалық маңызы бар қорықша 1967 Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында ұйымдастырылған. Табиғаты көркем қорықша Батыс Тянь-Шань өңіріндегі өсімдіктер мен жануарлардың эндемик түрлерін қорғау мақсатында ашылған. Қазақстан жерінде өте сирек кездесетін өсімдіктерінен Түркістан аршасы, Согдиан шағаны, алша және т.б. түрі кездеседі.
Бұланды республикалық маңызы бар қорықшасы.
Боралдай Солтүстік Қазақстан облысы, Еңбекшілдер ауданында орналасқан. Ұйымдастырылған уақыты: 1971 жыл. Қорықшаның көркі – қарағайлы орман. Орманда қайың, көктерек және жеміс-жидек бұталары өседі. Жануарлардан бұлан, марал, елік секілді сүтқоректілер мекендейді. Білгенге – маржан: Бұланды аймағында ертеректе бұғылар тұқымдасына жататын мүйізді жануар – бұландар өте көп болған. Қорықшаның «Бұланды» аталуының басты себебі де осы.
Бударин қорықшасы.
Қорықша 1986 жылы Батыс Қазақстан облысы Ақжайық, Теректі және Зеленов аудандарында ұйымдастырылған. Бударин қорықшасы Жайықтың табиғи қорларын қорғап, молайту және аңшылық-кәсіптік маңызы бар құстарды көбейтіп, тоғайлар мен даланы мекендейтін аңдарды сақтау мақсатында құрылған. Қатаң қорғалатын жануарлары мен құстары: құндыз, бұлан, жабайы шошқа, орман сусары, бірқазан, қалбағай, сұр, аққу және т.б.
Ақтау-Бозашы республикалық маңызы бар зоологиялық қорықшасы.
Қорықша Маңғыстау облысында орналасқан. Құрылған уақыты: 1982 жыл. Жер бедері: құмды төбелі, бұйратты, сортаңды, шағылды, сорлы. Табиғаты шөлді, шөлейтті болып келеді. Өсімдіктер дүниесі: адыраспан, жантақ, көк кекіре, көкпек, сүттіген, жусан, күйреуік, изен, мортық, киікоты, бұйырғын, сораң, балықкөз, шағыр, қияқ, ақселеу, құртқашаш, тобылғы, бозжиде, ақ тұт және т.б. Жануарлары: дала тасбақасы, кәдімгі сұржылан, оқжылан, қалқантұмсық, Каспий итбалығы, құм қояны, қарсақ, дала күзені, қара кірпі, борсық, ақ бөкен, дала мысығы және т.б. Сонымен қатар қорықшада 300-ге жуық құстың түрі тіршілік етеді. «Қазақстанның Қызыл кітабына» енген аң-құстары: жорға дуадақ, безгелдек, қарабауыр бұлдырық, ителгі, бүркіт, жұртшы, шұбар күзен, қарақұйрық, қарақұлақ, сабаншы, шағыл мысығы, арқар, үстірт жабайы қойы – муфлон және т.б.
Аңдасай қорықшасы.
Зоологиялық қорықша 1966 жылы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының солтүстік бөлігі мен Бетпақдаланың оңтүстігінде құрылған. Құрудағы негізгі мақсат – Мойынқұм, Бетпақдала шөлдеріндегі, Шу-Іле тауларындағы арқар, құлан, таутеке, елік және т.б. пайдалы аңдар мен құстарды және ойпаң дала көлдеріндегі балықтарды қорғап, көбейту. Қорықша жерінде 10-нан астам балық пен бауырымен жорғалаушылардың түрі, 40-тан аса сүтқоректі, 200-ден аса құстың түрі кездеседі. «Қызыл кітапқа» енгізілген аң-құстары: қарақұйрық, шұбар күзен, қалбағай, жалман, арқар, аққу, Альберт қызғалдағы, Бетпақдала сылдыршөбі.
Қарақоңыз табиғи-ботаникалық қорықшасы.
Табиғатты қорғау орны Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қарақоңыз шатқалындағы мемлекеттік орманқоры жерінде етек жайған. Ұйымдастырылған уақыты: 1971 жыл. Қорықшада барлығы 500-ден аса өсімдік түрі кездеседі. «Қазақстанның Қызыл кітабына» енгізілген өсімдіктері: Кавказ таудағаны, Кәдімгі пісте, недзвецкий алмасы, жабайы жүзім, гладиолус, күшәла сасыр, жуа, рауғаш, қызғылт радиола, қызғалдақтар мен жанаргүлдердің көптеген түрлері және т.б.
Берікқара республикалық маңызы бар қорықшасы.
Кешенді мемлекеттік қорықша 1986 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Қаратаудың Билікөл маңындағы өсімдіктер мен жануарлардың реликт және эндемик түрлері көп кездесетін өңірде құрылған. Берікқара қорықшасында Семенов үйеңкісі, Сивер салмасы, согдиана шағаны және т.б. сынды сирек кездесететін бірнеше өсімдік түрі бар. Соның ішінде өзгеше мән беріліп, қорғалатын ағашы – берікқара терегі. Қорықшадағы 50-ден астам өсімдік түрі «Қазақстанның Қызыл кітабына» енгізілген. Олар: жабайы алманың сирек кездесетін түрі, тар эндемикалық түр Берікқара терегі, Грейг қызғалдағы. Сонымен бірге қаратау арқары, үнді дикообразы, қабан, қосаяқ, қоян, сұр құр, қырғауыл, қасқыр, түлкі, жұмақ шыбын аулағышы секілді жануарлары кірген.