Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл
Алматыда Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл және корей театрына 90 жыл толуына байланысты мерекелік концерт өтті.

«Достық пен сенімге 30 жыл» атты шара Корея Республикасының Алматыдағы Бас консулдығымен бірлесіп ұйымдастырылды. Шара Бас консул Пак Нэчхонның театр алдындағы алаңқайға ағаш отырғызуынан басталды. Ол екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 30 жыл толуымен құттықтады.
«Бүгін Республикалық мемлекеттік академиялық корей театрына 90 жыл толды. Осы айтулы датаға орай біз консулдық тарапынан мына ағашты тарту етіп отырмыз. Бұл ағаш корей тілінде мугунха деп аталады. Аударғанда «мәңгілік даму» дегенді білдіреді. Сондықтан корей театры қарыштап дами берсін деген тілегім бар», — деді Пак Нэчхон.
Мерекелік кешке Оңтүстік Кореядан сыйлы қонақтар мен өнер саңлақтары келді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға, өзара мәдениет алмасуға тигізетін пайдасы зор.
Айта кетейік, Алматыдағы корей театры — әлемдегі ең көне және Корей түбегінен тыс жерде жұмыс істейтін жалғыз мемлекеттік өнер ордасы.