Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе рейстерінің саны көбейеді
ҚР Президентінің 2022 жылғы мамырдағы Түркияға мемлекеттік сапарының қорытындылары бойынша тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылғы 27 шілдеде Қазақстан мен Түркияның авиациялық билік органдары арасында ресми келіссөздер жүргізілді.
Қазақстандық делегацияны ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, түрік делегациясын Түркияның авиациялық билігінің бас директоры Кемал Юкшек басқарды. Келіссөздерге қазақстандық Air Astana және SCAT әуе компанияларының өкілдері, сондай-ақ түрік әуе компанияларының Turkish Airlines, Pegasus Airlines, Tailwind Airlines, Freebird Airlines өкілдері қатысты.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы рұқсат етілген рейстердің санын 2 еседен артық, әр тарап бойынша аптасына 40-тан 93 рейске дейін, оның ішінде
Нұр-Сұлтан – Ыстамбұл бағыты бойынша рейстер санын 7-ден 14-ке дейін, Алматы – Ыстамбұл бағыты бойынша аптасына 13-тен 21-ге дейін арттыру, сондай-ақ екі ел аумағындағы рейстерге арналған жаңа қалалар қосу туралы келісімге қол жеткізілді.
Бәсекелестікті дамыту және әуе билеттерінің құнын төмендету мақсатында қазақстандық тараптың бастамасымен Нұр-Сұлтан, Алматы және Ыстамбұл қалалар аралығындағы бағыттарда баламалы екінші әуе тасымалдаушыларын міндетті түрде белгілеу бекітілген, бұл жолаушылар үшін әуе компаниялары арасындағы таңдауды кеңейтеді.
Елдер арасындағы рейстер санының айтарлықтай артуы ТМД елдерінен Түркияға Қазақстанның әуе тораптары арқылы өсіп келе жатқан транзиттік жолаушылар ағынын қамтамасыз етуге де ықпал етеді.