Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақстан-Қытай: визасыз режим пайдасы қандай – сарапшы пікірі

Бүгіннен бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим күшіне енді. Осы тұста, халықаралық қатынастар сарапшысы Ернар Кушалиев, бұл – экономикалық және мәдени байланыстарды нығайту тұрғысынан өте маңызды қадам екенін атап өтті, деп хабарлайды Ruh.kz тілшісі.

Бұл шешім азаматтар мен бизнестің қозғалысын жеңілдетіп қана қоймайды, сонымен қатар экономикалық өсім мен өзара ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қытай қазірдің өзінде Қазақстанның негізгі сауда серіктесі екенін, сыртқы саудасында 19,2% үлесімен Ресейді басып озғанын ескерсек, визасыз режим сауда қатынастарын одан әрі кеңейтетінін көрсетеді. Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы жариялаған 2022 жылғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстан Республикасы мен Қытай арасындағы тауар айналымы 31,2 миллиард долларды құрап, рекордтық көрсеткішке жеткен. Бұл өсім Қазақстаннан Қытайға өнімдерді жеткізудің ұлғаюымен байланысты. Атап айтқанда, ауылшаруашылық өнімдері – 133,7%-ға, шикі энергетикалық өнімдері – 58%-ға, химия өнімдері – 25,2%-ға артты, – дейді сарапшы.

Бұған жауап ретінде Қазақстан қытайлық өнім импортын арттырған.

Пластик пен резеңке импортын 45%-ға, тоқыма бұйымдарын 23,4%-ға, көліктер мен олардың жабдықтарын 21,4%-ға арттырды, – дейді Ернар Кушалиев.

Оның айтуынша, өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасында теміржол арқылы 23 миллион тонна жүк тасымалданса, 2023 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш бір жылмен салыстырғанда 35 пайызға артып, 7 миллион тоннадан асқан. Екі ел арасындағы тасымалдау көлемінің бұл көрсеткішіне өзара тиімділік пен экономикалық қатынастарын нығайта отырып, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың арқасында қол жеткізгенін атап өтті.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің (ASPiR) мәліметтері қытайлықтардың Қазақстанға қызығушылығы айтарлықтай артқанын көрсетеді: 2022 жылғы қаңтар–желтоқсанда Қазақстанға келген қытай азаматтарының саны 45,2 мың адамды құрады, бұл 2021 жылғы (17,7 мың келуші тіркелген) осы кезеңдегі көрсеткіштен 2,5 есе артық. Осы ретте, екі ел арасында визасыз режимнің енгізілуінен туристік ағынның  бұдан да жоғарғы көрсеткіші болатынын айта аламыз. Бұл – туризмнен түсетін кірісті арттыратыны сөзсіз. Визалық талаптарды жеңілдету нарықтар мен серіктестерге қол жеткізуді оңтайландырады, бұл өз кезегінде екі ел арасындағы сауда мен инвестицияны ынталандыруға ықпал етуі мүмкін, – дейді.

Сондай-ақ сарапшы Қазақстан мен Қытай арасында қолайлы іскерлік ахуал туғызу және елдер арасындағы саяхатты жеңілдету, олардың экономикалық байланыстарын нығайта отырып, негізгі салаларына, әсіресе, инфрақұрылым мен технологияларға инвестиция тартуға мүмкіндік беретінін айтты.

Іскерлік байланыстарды нығайтуда және мәмілелер жасасуда маңызды рөл атқаратын кездесулер мен келіссөздерді ұйымдастыру едәуір жеңілдемек. Бұл – кәсіпкерлердің бизнес желілерін кеңейтуіне және жаңа байланыстар орнатуына мүмкіндік ашады. Сондай-ақ Қазақстанда Қытай инвестициясы арқылы іске қосылған кәсіпорындардың саны айтарлықтай өседі,- дейді Ернар Кушалиев.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ұлттық экономиканың түрлі салаларында Қытай инвестициясымен іске қосылған 3300 кәсіпорын бар, ал визасыз режимді енгізу Қазақстанға инвестиция ағынының динамикасын күшейтпек.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл байланыстардың маңыздылығына тоқталып, Қазақстан мен Қытай жан-жақты стратегиялық әріптестік рухында нығайып келе жатқан мемлекетаралық қатынастардың үлгілі моделін құрастырғанын айтты. Ол өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруға екі жақтың да мүдделі екенін және жақын арада екі ел арасындағы тауар айналымы 40 миллиард долларға жететінін айтты. Бұл деректер Қытайдың Орталық Азия елдерімен тауар айналымында Қазақстанның айтарлықтай үлесі бар екенін көрсетеді, – деді сарапшы Ернар Кушалиев.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button