Жаңалық

«Елбасы медалі» мен «Ел мақтанышы» сыйлығы табысталды

«Ел үміті» және «Қамқорлық» бастамалары аясында ұйымдастырылған қабілетті балалар мен жастарды қолдауға және инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты онлайн-форум өтті. 

Форумға «Ел үміті» бастамасының «Елбасы медалі» жобасы, «Ел мақтанышы» сыйлығы, ауыл оқушылары арасында өткен «Мың бала» олимпиадасының жеңімпаздары қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев форумға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекет бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуге әрқашан баса назар аударып келе жатқанын атап өтті.

«Жастар жылы аясында дарынды балаларды қолдау мақсатында «Ел үміті» бастамасын ұсындым. Сонымен қатар, біз «Қамқорлық» атты маңызды жобаны іске асыра бастадық», – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев «Ел үміті» жобасы елдің белсенді жастарын интеллектуалды және шығармашылық даму, ұлттық мәдениет пен дәстүрді түсіну, мұқтаж жандарға көмек көрсету жолында біріктіргенін айтып, «Қамқорлық» бастамасын іске асырудың маңыздылығына назар аударды.

«Бүгін еліміздің сегіз аймағында ашылған ауруханалар жанындағы оңалту орталықтары және мектептердегі инклюзияны қолдау бөлмелері жыл сайын 5 мың бала үшін ең жақсы жабдықты қолдана отырып, әлемдік әдістер бойынша ақысыз кешенді оңалтуды қамтамасыз етеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Форум аясында «Елбасы медалі» жобасының қатысушыларына қола медальдар, халықаралық олимпиада жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларына «Ел мақтанышы» сыйлығы, сондай-ақ ауыл оқушылары арасында өткен «Мың бала» олимпиадасының жеңімпаздарына сыйлықтар табысталды.

«Ел Үміті» және «Қамқорлық» бастамаларының жобалары іс жүзінде қоғамымыздың қажеттіліктеріне толық сәйкес келетіндігін дәлелдеді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button