Қазақстан туризмінің онлайн академиясы құрылмақ
«Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ туризм бойынша онлайн академия ашады, – деп хабарлайды Ruh.kz «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» баспасөз бөліміне сілтеме жасай отырып.
Соңғы жылдары ел тұрғындары арасында Қазақстанның туристік объектілеріне деген қызығушылық өсуде, бұл қарқын әсіресе пандемия кезінде халықаралық шекаралар жабылуына орай ерекше байқалды. Қазақстандықтар экологиялық, этнографиялық, шипажайлық-курорттық және туризмнің басқа да бағыттары бойынша саяхаттау мүмкіндіктерін қарастыруда. Ал бұның есесіне аталмыш орындарда көрсетілетін қызмет сапасына деген талап та өсе бастады.
Ішкі туризмді дамыту мақсатында «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы саланың осы түрін таңдаған кәсіпкерлерге белсенді қолдау көрсетуде. Нарықты талдай келе, ондағы көкейтесті мәселелерді айқындап, «Kazakh Tourism» жаңа жобаға кірісіп отыр. Бұл – турбизнес субъектілері тәжірибе алмасып, ақпарат және білім алатын виртуалды алаң – Қазақстан туризмінің онлайн академиясы.
Жобаның мақсаты – сала мамандарының тәжірибесін біріктіріп, барлық стейкхолдерлерге Қазақстандағы туризмді дамытуға бағытталған күнделікті жұмыстарына қажет болатын өзекті ақпарат пен білім көзіне бірдей қол жеткізу мүмкіндігін беру, әрі кез келген уақытта білімдерін жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасау.
Онлайн академияның тыңдаушылары – туризм саласындағы барлық бизнес өкілдері: туроператорлардан бастап, турагенттер, экскурсия жетекшілері, аудармашылар, этнокешендер, кемпингтер, ауылшаруашылық фермалар мен отельерлер, сондай-ақ салада қызмет етуге ынталы жоғары оқу орындары түлектері. Академиядағы оқу тегін жүргізіледі.
Заман талабына сай жаңа форматта ұйымдастырылған онлайн академия COVID-19 пандемиясы жағдайындағы адам санын шектеу мәселесін шешіп, тыңдаушыларға кәсіби оқудың қауіпсіз түрін ұсынып отыр.
«Онлайн форматта ішкі туризм академиясын құру – жаңа уақыт талабы ғана емес, туристік нарықты кәсіби бастамада толығымен біріктіріп, әріптестерімізге туризмнің ардагерлері мен білікті тренерлерінің білімдері мен тәжірибелерін ұсыну алаңы. Бұл жобаны бастаған кезімізде ең алдымен әлемдегі және елдегі орын тауып отырған эпидемиалогиялық жағдайды ескердік. COVID-19 бір жағынан халықаралық туризмді шектесе, екінші жағынан ішкі туризмді дамытуға жол ашты. Өйткені қазақстандықтар өз елінің әсем жерлері жайлы ақпарат іздеп, ішкі туризмге қызығушылық таныта бастады. Ал бұл аталмыш сала үшін дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Осы ретте біз Онлайн академияның ішкі туризмді дамытудағы, жалпы туризм бизнесін жаңғыртудағы керемет мүмкіндік екеніне сенім артамыз», – дейді «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев.
«Қазақстан туристік қауымдастығы Қазақстан туризмінің онлайн академиясының ашылуын қуана қолдайды. Бұл – қазіргі күрделі жағдай талабында интелектуалды деңгейді дамытудың, білім алудың тамаша мүмкіндігі. Онлайн академия саланың жаңалықтарын білуге, бүгінгі күн трендтерінен хабардар болуға, жаңа талапқа сай өз бизнесіңді қалай дамыту керек екенін түсінуге, әрі біліктілікті шыңдауға көмектеседі. Қазақстан туризмінің онлайн академиясы аясында өткізілетін онлайн семинарлар арқасында кәсіпкерлер сала бойынша білімдерін тереңдете түседі, әрі біліктіліктерін арттырады», – дейді Қазақстан туристік қауымдастық (ҚТА) директоры, Қазақстан қонақ үйлер және мейрамханалар қауымдастығының (ҚҚжМҚ) президенті Рашида Шәйкенова.
Биыл тыңдаушылар 6 курсты:
1. «Қарапайым сөзбен туризм жайлы» – кіріспе курсы;
2. «Өз салаңызды табу және тиімді турөнім ұсыну»;
3. «Туристік өнімдерді сату және жарнамалау»;
4. «Қонақ қабылдайтын үйлер немесе шағын отель. Толық нұсқаулық»;
5. «Қызықты турөнім жасаудың 5 идеясы. Үздік мысалдар»;
6. «Гид-экскурсия жетекшісі мамандығы» оқып шыға алады.
Әр курс үй тапсырмасы бар 5-6 модульден тұрады. Оқылған материал бойынша тыңдаушыларға қосымша әдебиеттер жинақталған электронды кітапхана ұсынылады.
Академия курстары туризм бизнесінің өкілдеріне және болашақта жұмыс істеуге ынталы жас мамандарға кәсіби деңгейлерін дамытып, өрістерін кеңейтуге, тәжірибе жинастыруға және әріптестерімен байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Оқу бағдарламасымен танысу үшін және курстарға тіркелу үшін мына сілтемеден өтіңіз.