Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақстан экономикасы 3 жылда 4%-ға өседі – S&P

Standard&Poor's халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB-/А-3» деңгейінде растады, болжам «Тұрақты», деп хабарлады ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстанның рейтингін қолдайтын негізгі факторлар – ел экономикасының тұрақты фискалдық және сыртқы теңгерімдері. Бұл ретте таза мемлекеттік қарыз төмен деңгейде, ал елдің өтімді сыртқы активтері сыртқы күйзелістерден қорғауды қамтамасыз етеді.

S&P өз есебінде елдің фискалдық және сыртқы баланстары тәуекелдерді басқару үшін жеткілікті екендігін атап көрсеткен.

Агенттік сарапшыларының пікірінше, шоғырландырылған бюджет тапшылығы 2023-2026 жылдар кезеңінде орта есеппен ЖІӨ-ден (жалпы ішкі өнім) 1,6%-ға дейін қысқарады. Мемлекеттік кірістердің өсуіне салық саясаты мен әкімшілендіруді реформалау жөніндегі шаралар ықпал ететін болады.

Сондай-ақ сарапшылар ҚР Үкіметі жүргізіп жатқан тиімді макроэкономикалық саясатты атап өтті. Нақтылай айтқанда, Үкіметтің макроэкономикалық саясаты инвестициялық бағдарламалар арқылы экономиканы әртараптандыруға, мемлекеттің қатысуын қысқартуға, бәсекелестікті дамытуға, салық саясатын жетілдіруге бағытталған.

Жалпы, S&P Қазақстан экономикасының 2023-2026 жылдары 4% деңгейінде өсуін болжайды.

ҚР Үкіметі инвестициялық сенімділік деңгейінде дербес рейтингті сақтау бойынша қарқынды жұмысты жалғастырады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button