Қазақстан жастары туралы жылдық ұлттық баяндама таныстырылды
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ағымдағы жылдың 29 қарашасында «Қазақстан жастары – 2023» ұлттық баяндамасының презентациясын өткізді. Презентация барысында жастардың әл-ауқаты мен жағдайын анықтау бойынша жүргізілген зерттеулердің нәтижелері таныстырылды, деп хабарлайды Ruh.kz.
«Жастар» ҒЗО директоры Айсұлу Ерниязова Ұлттық баяндаманы дайындау бойынша жұмыстың негізгі қорытындыларын ұсынды және биыл алғаш рет жастар 35 жасқа дейінгі ұлғайтылған жас көрсеткішімен зерттелгенін атап өтті. Ол жастардың қазіргі жағдайын талдау аясында еліміздің барлық өңірлерінде 6000 респондентті қамтитын әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелері пайдаланылғанын атап өтті.
Өз кезегінде экономика ғылымдарының докторы Айгүл Кошербаева «жастар шоқысы» деп аталатын мәселеге назар аударды. Оның айтуынша «соңғы 13 жылдағы 16 жасқа дейінгі ел халқының құрылымын талдау әрбір келесі жастағы халықтың орташа өсу қарқыны 2-ден 4%-ға дейін екендігін көрсетеді. Сонымен қатар 2011 жылы туған ұрпақ жастар шоқысының қоздырғышы бола алады, яғни олар қазір 11-12 жастағы балалар».
PhD философия докторы, қауымдастырылған профессор Ербол Омаров жастар ортасындағы қауіпсіздік мәселелеріне қатысты «Қазақстанда жастар арасында қылмыстың пайда болуына әлеуметтік теңсіздік, білім алуға және жұмысқа орналасуға қолжетімділіктің болмауы, сондай-ақ құқық қорғау органдарына сенімсіздік сияқты бірқатар факторлар ықпал етеді. Сонымен қатар ғаламтор мен әлеуметтік медианың әсері қылмыстық мінез-құлыққа әкелетін жағымсыз тенденцияларды күшейтуі мүмкін» екендігін сөз етті.
Кездесу барысында Amanat, Ауыл және Respublica партиялары жастар қанаттарының өкілдері сөз сөйледі. Олар жастардың саяси белсенді бөлігі арасында жастар саясатын іске асыру тәжірибесімен бөлісті және жұмыс барысында ғылыми негізделген тәсілдерді қолданудың маңыздылығы туралы айтты.
Сондай-ақ сарапшылар жастар өмірінің әртүрлі аспектілері бойынша пікір алмасты және жастар саясатын жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын енгізді. Қатысушылар ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен әсіресе жастар арасында алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Тұсаукесерге ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндеттін атқарушы Роллан Құспан, сондай-ақ ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жалпы «Қазақстан жастары – 2023» ұлттық баяндамасы жастар арасындағы әлеуметтік дамудың ағымдағы трендтерін, олардың қажеттіліктері мен мүдделерін айқындауға бағытталғаны атап өтілді. Баяндама жас ұрпақтың әлеуетін барынша іске асыру мақсатында мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері, қоғамдық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты арттыруды қажет екендігін көрсетеді.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңға сәйкес 2013 жылдан бері жыл сайын қазақстандық жастар өмірінің негізгі салаларындағы жағдайы туралы ұлттық баяндама дайындайтынын атап өткен маңызды.