Жаңалық

Қазақстанда 2021 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеу басталды

Еліміздің барлық өңірінде бүгін басталған Ұлттық бірыңғай тестілеу 5 ақпанға дейін жалғасады. Жалпылай алғанда, республикамызда барлығы 143 тестілеу өткізу пунктінде 1 230 аудитория жұмыс істейді, деп хабарлайды Ruh.kz ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаңтар айындағы ҰБТ коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның келісімімен өтіп, карантинге байланысты түлектер тестілеуді 15 лек бойынша тапсырады. ҰБТ-ны 120 мыңнан астам адам тапсырады деп жоспарланып отыр.

«Олар – 11 (12) сынып оқушылары, өткен жылы ҰБТ нәтижелері жойылған талапкерлер және шығармашылық білім беру бағдарламалары бойынша басқасына ауысқысы келетін студенттер қатысады. Тестілеу 5 пән бойынша өтеді: 3 міндетті және таңдаған мамандығына байланысты 2 бейінді пән. ҰБТ қатысушыларына барлығы 120 тест тапсырмасы беріледі. Оның 15-сі – Қазақстан тарихы бойынша, 15-сі – математикалық сауаттылық бойынша, 20-сы – оқу сауаттылығы бойынша және 70-сі – бейінді пәндер бойынша сұрақтар. Тестілеу тапсыруға 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ-ға қатысушылар барлығы 140 балл жинай алады», – делінген хабарламада.

Өңірлерде ҰБТ өткізу ережелерінің сақталуын жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері бақылайтын болады. Сондай-ақ өңірлердегі тестілеу барысын Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің қызметкерлері қадағалайтын болады. Тестілеу үрдісін арнайы мониторингтік топтың және «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің 403 өкілі бақылауда ұстайды. Коронавирустық инфекцияның таралу қаупін азайту мақсатында ҰБТ өткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен әлеуметтік арақашықтық қатаң сақталатын болады. Сондай-ақ, санитарлық нормаларға сәйкес ата-аналар мен мұғалімдерге ҰБТ өткізу пунктінің аумағында болуға тыйым салынады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button