Жаңалық

Қазақстанда алғаш рет ерекше балаларға арналған анимация мектебі жұмысын бастады

Тегін оқу курсы жеке анимациялық студиялардың атсалысуымен қайырымдылық жоба ретінде жүзеге асырылады деп хабарлайды Ruh.kz порталы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Balapan» телеарнасының жанынан «Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған әлеуметтік анимация мектебі» өз жұмысын бастады.

Арнайы жоба Орталық Азияда алғаш рет жүзеге асырылуда. Мектеп оқушыларына Қазақстанның, Жапонияның, Оңтүстік Кореяның үздік мультипликаторлары дәріс оқиды.

Мектеп ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтік бейімделуіне ықпал ететін жаңа дағдыларды үйренуге және қабілеттерін арттыруға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар әлеуметтік қолдаудан басқа, телевизиялық дизайн саласында сұранысқа ие мамандарды оқытуды және үздік түлектердің болашақта жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасауды көздейді.

«Balapan» телеарнасы жанындағы мектептің тағы бір ерекшелігі, жасөспірімдер оқудан кейін ересек мамандардан кеңес пен қолдау ала алады.

Жобаға қатысу үшін 14-16 жас аралығындағы 30 бала іріктеліп алынды, олар наурыз бен тамыз айларының аралығында онлайн-форматта оқудан өтетін болады.

Оқудың бірінші айында балалар анимация негіздері бойынша жалпы дәріс алады деп жоспарлануда. Әрі қарай қызығушылығы мен бейіміне қарай бірнеше топқа бөлініп оқытылады.

Оқу курсы тегін және жеке анимациялық студиялардың атсалысуымен қайырымдылық жоба ретінде жүзеге асырылады.

Балалар оқуға қажетті арнайы планшеттермен, басқа да техникалық құралдармен қамтамасыз етілетін болады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button