Жаңалық

Қазақстанда алтын өндіретін кәсіпорынның құрылысы басталды

Жамбыл облысы Қордай ауданы Ноғайбай ауылында уақыт капсуласы салынып, «MONTERRA QASAQSTAN» ЖШС жаңа тау-кен металлургия комбинатының құрылысы басталды деп хабарлайды Ruh.kz порталы өңір әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жамбыл облысында «ТМК құрылысы және КМП алтын кен орындарын игеру» жобасы таныстырылды. Салтанатты шарада сөз алған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жоба Жамбыл облысының экономикалық, экологиялық және әлеуметтік өсіміне ықпал ететіндігін атап өтті.

«Жоба өңірде 2800-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл ретте жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылмақ. Бұл Қордай ауданының ғана емес, жалпы облыстың дамуына да серпін берері сөзсіз. Сондай-ақ, жас мамандарды даярлау бағдарламасы бойынша оқыту жүргізіледі», – деді аймақ басшысы.

Шараға қатысқан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жобаның инженерлер мен металлургтер сияқты мамандардың жаңа буынын дайындауға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

«Егер бұған дейін Қордай ауданы негізінен ауыл шаруашылығы шалқыған аймақ атанса, қазір аудан индустрияландырудың жаңа кезеңін кешуде. Тау-кен металлургия комбинаты экология мен сапаның жоғары стандарттарына сай болады. Ең маңыздысы, бұл кешен елімізде инженерлер мен металлургтердің жаңа буынының қалыптасуына ықпал етеді. Бізге жаңа құзыреттіліктерді меңгерген жастарды тәрбиелеп өсіру қажет», – деді Бейбіт Атамқұлов.

Жоба үш кезеңде жүзеге асырылмақ. Қуаттылығы жылына Доре қорытпасында 10 тоннаға дейін алтын өндіруге жетпек.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button