Жаңалық

Қазақстанда жаңа оқу жылы басталды

1 қыркүйек – білім күні. Карантин шектеулері басталғалы бері алғаш рет мектептер мен оқу орындары дәстүрлі форматта білім беруге көшеді.

10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа оқу жылында оқушылар мен студенттердің дәстүрлі оқу жүйесіне оралуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Білім және ғылым министрлігі білім беру мекемелерін дәстүрлі форматқа көшіре отырып, жаңа оқу жылын қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып штаттық форматта бастады. Осы орйда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазақстандықтарды Білім күнімен құттықтап, жаңа оқу жылына жетістік тіледі.

«Құрметті ұстаздар, оқытушылар, оқушылар, студенттер және ата-аналар!

Сіздерді 1 қыркүйек — жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Білім беру ұйымдарында оқу жылы қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі форматта басталады.

Балалар өз мектептерін, достары мен сыныптастарын, ал мұғалімдеріміз оқушыларын сағынды. Барлығы мектептердің ашылуын асыға күтті.

Әлемдік пандемия білім беру үрдісіндегі мұғалімнің баға жетпес рөлін айқындай түсті. Атап айтсақ, мұғалімнің кәсібилігі, тәжірибесі, балаға деген сүйіспеншілігі мен оқушының өміріндегі атқаратын рөлі айқындалды. Әлбетте, мұғалімдер гаджет экрандары арқылы емес, балалармен тікелей байланыста бола отырып беретін білімді заманауи технологиялармен салыстыру қиын.

1 қыркүйек — бірінші сынып оқушылары үшін ерекше мереке. Биыл 394 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Осы салтанатты күні «Әліппе» мен «Букварь» оқулықтарын қолдарына алатын бірінші сынып оқушыларын құттықтағым келеді. Бүлдіршіндерімізге мықты денсаулық тілеп, ашық және білімқұмар болуға шақырамын.

Жаңа оқу жылы әрбір оқушы, студент, мұғалім және оқытушы, жалпы білім беру саласына қатысы бар әрбір адам үшін қызықты әрі пайдалы болуын тілеймін.

Құрметті әріптестер! Көптен күткен дәстүрлі форматқа оралып, мектеп қабырғасында балалардың жарқын күлкілерін есту сіздерді қуанышқа бөлейтінін білемін. Жоғары оқу орындарындағы аудиториялар да қызықты әңгімелер мен зияткерлік пікірталастарға толы болары сөзсіз.

Қымбатты білім алушылар, мұғалімдер мен ата-аналар! Сіздерді Білім күнімен құттықтай отырып, баршаңызға мықты денсаулық тілеймін!», деді министр.

Мектепке дейінгі ұйымдар да түгелдей штаттық жұмыс режиміне оралды. Осы оқу жылында 7 мыңнан астам мектеп шамамен 3,6 млн оқушыны, оның ішінде 380 мыңға жуық оқушыны бірінші сыныпқа қабылдамақшы.Ұлттық білім беру деректері бойынша, мектептердің 95 пайызының жобалық қуаты мен оқушылар саны барлық талаптарды сақтай отырып, оқытуды толық штаттық форматта бастауға мүмкіндік береді. Оқушылардың 81 пайызы осындай мектептерде білім алады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button