Қазақстанда жас ғалымдар үшін қандай мүмкіндіктер бар?
Мемлекеттің ғылымды, технологиялар мен инновацияларды дамыту саласындағы міндеттерінің бірі – ғылымдағы кадрлар әлеуетін нығайту, тиісінше, әсіресе жастар арасында ғалымдар мен зерттеушілер санын көбейту.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша 1990 жылдары Қазақстанда 289 ғылыми мекеме, негізгі ғылыми-техникалық қызметпен айналысатын қызметкерлердің жалпы саны 50,6 мың адам болған. Қазір 384 ұйым ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер жүргізіп отыр, 22 378 адам, оның ішінде 17 454 зерттеуші маман қызмет атқарып жүр. Ғылымға келетін жастар ағыны артып, 35 жасқа толмаған ғалымдар саны 2011 жылғы 6,4 мың адамнан 2020 жылы 8,1 мың адамға дейін көбейді.
Тәуелсіздік жылдары ғылым қызметкерлерінің, атап айтқанда, жас ғалымдардың құқықтық жағдайын реттейтін заңнамалық база қалыптасты. Осылайша, 2011 жылғы 18 ақпандағы «Ғылым туралы» және 2015 жылғы 9 ақпандағы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңдар қабылданды, ҚР Білім мен ғылымды дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді және іске асырылды.
«Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заң жаңа мүмкіндіктер ашты және бүгінде елімізде ғылымды басқарудың түбегейлі жаңа моделі құрылды:
– ғылыми зерттеулерді қаржыландыру тетіктері базалық, гранттық және бағдарламалықмақсатты болып анықталды;
– ғылымның кадрлық әлеуеті нығайып келеді;
– ғылым мен инновация саласында жүргізіліп жатқан саясаттың нәтижесінде ғылымдағы
қазақстандық жастар саны артуы байқалады.
ЖОО кейінгі білімге әсер еткен өзгерістер туралы бөлек айту керек. 2019 жылы Қазақстан Республикасында магистратураға, ал 2021 жылы докторантураға түсуге кешенді тестілеу жүйесі (Ұлттық бірыңғай тестілеудің баламасы) енгізілді, бұл, әрине, осы білім беру сатыларына оқуға түсу кезінде болуы мүмкін сыбайлас жемқорлық қатерін азайтты.
Жас ғалымдарды ынталандыруға арналған мемлекеттік сыйлықтар, ҚР БҒМ атаулы сыйлықтары, мемлекеттік ғылыми стипендиялар айтарлықтай көбейді. Олардың қатарына дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия және атаулы стипендиялар, мәселен, жас ғалымдарға арналған М. Әуезов стипендиясы және жас ғалымдарға арналған Д. Қонаев стипендиясы кіреді. Сонымен қатар жыл сайынғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын жас ғалымдарды қолдау мақсатында «Ғылым» санатында беру де қарастырылған. Жастарға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры да қолдау көрсетіп келеді: ғылым мен техника саласындағы үздік зерттеулерге жыл сайынғы сыйақы тағайындалған, ғылыми конференцияға немесе ғылыми тағылымдамаға қатысу үшін жол жүру гранттары, ғылыми-зерттеу жұмыстарына гранттар беріледі, «Болашақ ғалымдары» немесе «Жас ғалымдардың үздік кеңесі» конкурстары өткізіледі және басқа да шаралар атқарылады.
Ғылым мен жастар саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіру және жетілдіру мақсатында ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес, ЖОО жанындағы Жас ғалымдар кеңесі жұмыс істейді, еліміздің жоғары оқу орындарында жас ғалымдардың жыл сайынғы Халықаралық ғылыми-практикалық конференциялары өткізіледі (мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Фараби әлемі», Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да өткен конференциялар және т.б.). Бүгінгі таңда Назарбаев Университеті жанынан жаңа құрылған Young Researchers Alliance жұмысы қарқын алып келеді.
2020 жылдан көптеген перспективалы ғылыми идеяларға мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік берген жас ғалымдарға арналған жаңа грант түрлері бөліне бастады. Атап айтқанда, жас ғалымдарға арналған гранттар (2020–2022 жылдарға арналған көлемі – 80 млн теңгеге дейін, 2021–2023 жылдарға арналғаны – 54 млн теңге) жас зерттеушілердің жаңа машық пен компетенция алуына, топ құрамында басшылық ету және жұмыс істеу тәжірибесіне, олардың жарияланым белсенділігін арттыруға және жалпы шығармашылық әлеуетін өсіруге бағытталған.
Жастардың пікірі бойынша, жастар арасында әсіресе ерте кезеңде зерттеулерге және ғылыми жобаларға әуестенуді дамыту үшін оқу орындары ең алдымен іске асырылып жатқан жобалар мен өнертабыстағы жетістіктері үшін марапаттарды көздеуі (31,6%), оқушылардың ғылыми жұмыстарына берілетін жеке гранттар санын арттыруы (31,0%), сондай-ақ оқушыларды кафедралар мен ғылыми орталықтардың жобалық қызметіне жиі араластыруы (29,8%) қажет.
Қазір отандық ғылым мен ғылыми кадрлар бәсекеге қабілетсіз, ашық ақпарат көздерінде
қазақстандық ғалымдар, жас ғалымдар және олардың ғылыми әзірлемелері туралы толық ақпарат жоқ, ғалымдарды іздеуге мүмкіндік беретін бірыңғай база жоқ. Магистратура мен докторантура тәмамдаған жас ғалымдар мен зерттеушілер арасында бірнешеуі ғана өзінің ғылыми және ғылымитехникалық қызметінің нәтижелерін коммерцияландырады. Патент алудағы белсенділіктің төмен деңгейі байқалады. Ғылыми әзірлемелерді енгізу мен коммерцияландыруды ұйымдастыруға қабілетті мамандар мен компаниялар іс жүзінде жоқ.
Отандық ғылым саласының инвестициялық тартымдылығы әлсіз, республикада ғылыми
зерттеулерді бірлесіп қаржыландыру тәжірибесі және жеңілдіктер мен преференциялар беру арқылы бизнесті күшейту практикасы жетіспейді. Яғни, индустрия мен бизнес тарапынан ғылыми нәтижелерге сұраныс жоқ. Сонымен қатар елде ғылыми жетістіктерді пайдалана отырып, өндірісті дамыту бойынша жеке сектор үшін тиімді ынталандырушы тетіктер жоқ. Нәтижесінде, ғылым ұйымдарының өндірістік кәсіпорындармен өзара әрекеттесуінің қолданыстағы формасының тиімділігі төмен және осы бағытты дамытуға мүдде болмай тұр. Қазақстандық ғылым ұйымдары мен зертханалардың материалдық-техникалық жарақтануын жаңарту қажет, өйткені негізгі құралдар 40%-ға, ал жабдықтың белсенді қолданылатын бөлігі 50%-ға тозған. Бұдан бөлек, Қазақстанда халықаралық дерекқорларға кіретін журналдар өте аз жарияланады.
ҚР Президенті Қ. Тоқаев халыққа жолдауында осы жылдың аяғына дейін ғылым туралы заңнамаға өзгерістер енгізуді тапсырды. Осылайша, ҚР Білім және ғылым министрлігіне іргелі зерттеулермен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын іріктеу мен қаржыландырудың нақты әрі ашық қағидаларын әзірлеу тапсырылды. Алдағы уақытта жетекші ғалымдардың жалақысын базалық қаржыландыруға қосу, тікелей қаржыландыруды енгізу, гранттық қаржыландыру мерзімін қазіргі қабылданған үш жылдан бес жылға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Дереккөз: «Қазақстан жастары – 2021: Тәуелсіздікке – 30 жыл» ұлттық баяндамасы.