Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақстанда Мемлекеттік кеңесші лауазымы пайда болды

Президент жарлығымен Мемлекеттік хатшы деген лауазым жойылды. Оның орнына мемлекеттік кеңесші лауазымы пайда болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қаринді мемлекеттік хатшы қызметтінен алып, мемлекеттік кеңесші лауазымына тағайындады, деп хабарлады Ақорда.

Президент жарлығымен мемлекеттік хатшы лауазымы жойылып, оның орнына мемлекеттік кеңесші лауазымы пайда болды.

Жарлық мәтіні:

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 19) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі (бұдан әрі – Мемлекеттік кеңесші) Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Қазақстан Республикасының лауазымды адамы болып табылады.

2. Мемлекеттік кеңесші өзінің қызметін Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей басшылығымен жүзеге асырады, оған есеп береді және бақылауында болады.

3. Мемлекеттік кеңесші қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңдары, осы Жарлық және Қазақстан Республикасы Президентінің өзге де актілері құрайды.

4. Мемлекеттік кеңесші мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:

1) Қазақстан Республикасының Президентіне ішкі саясат саласы бойынша стратегиялық ұсыныстарды тұжырымдайды;

2) Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес:

Қазақстан Республикасының Парламентімен және оның Палаталарымен, басқа да мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен және қоғамдық бірлестіктермен қарым-қатынастарда;

халықаралық қарым-қатынастарда өкілдік етеді;

3) мыналарды:

әлеуметтік-гуманитарлық сала: білім, ғылым, мәдениет және спорт мәселелері бойынша қызметті үйлестіреді;

Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның; Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның; Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның; Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы жөніндегі республикалық комиссияның; Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның; Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның; Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның; Ұлттық құрылтайдың және Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметін үйлестіреді;

4) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік етеді, қоғамдық даму саласындағы мемлекеттік талдамалық құрылымдардың жұмысын үйлестіреді;

5) «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау жөніндегі жұмысты үйлестіреді;

6) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

5.  Осы Жарлықта белгіленген өкілеттіктерді іске асыру мақсатында Мемлекеттік кеңесші:

1) өкімдер шығаруға;

2) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырмалар беруге;

3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатысуға;

4) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан қажетті ақпаратты, құжаттар мен басқа да материалдарды сұратуға және алуға;

5) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларын әзірлеу, сондай-ақ Мемлекет басшысы алға қойған өзге де міндеттерді шешу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға құқылы.

6. Мемлекеттік кеңесшінің қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзгедей қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.

7. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер бекітілсін.

8. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы осы Жарлықтан туындайтын шараларды белгіленген тәртіппен қабылдасын.

9. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.

10. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі» делінген хабарламада.

Бұл лауазымға Ерлан Қарин тағайындалды.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 19) тармақшасына сәйкес Ерлан Тынымбайұлы Қарын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі лауазымына тағайындалсын» делінген хабарламада.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button