Қазақстанда нан бағасы қымбаттауы мүмкін бе?
Қазақстанда әлеуметтік нанның бағасы тұрақты және оны қымбаттатуға еш негіз жоқ. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің директоры Азат Сұлтанов айтты.
«Нан туралы сөз қозғағанымызда оның екі түрі барын ескерейік: біріншісі – әлеуметтік нан. Оның бағасы мемлекет тарапынан бекітіліп, мониторинг жасалады. Яғни әлеуметтік нан дегеніміз – бірінші сұрыптағы ұннан жасалатын қалыпты нан. Оған ерекше назар аудару керек. Оның бағасы өңірлерде тұрақты. Бағасы өзгермейді. Егер ұн өндірістерінде тапшылық не басқа да қымбаттау болса, бұл жағдайда субсидиялау бойынша бағдарлама іске қосылады. Өңірлерде нанды қазіргі баға бойынша өндіру белгіленеді. Айырмашылығы мемлекет тарапынан субсидиялау бойынша төленеді. Яғни әлеуметтік нанның қымбаттауына негіз жоқ», – деді Сұлтанов ОКҚ брифингінде.
Өз кезегінде Айдарбек Сапаров елде ешқандай астық тапшылығы жоқ екенін хабарлады. 1 сәуірдегі жағдай бойынша республикада 6,4 млн тонна астық болған.
Ішкі нарықта тапшылық тудырмау үшін және ұн тартатын кәсіпорындарға жүктемені азайту мақсатында Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 15 сәуір мен 15 маусым аралығында бидай мен ұн экспортын квоталау шешімін қабылдады.
Бидай квотасының көлемі – 1 млн тонна, ұн – 300 мың тонна.
7 сәуірдегі жағдай бойынша елдегі ұн қоры 118 мың тоннаға жетеді.
Оның ішінде: тұрақтандыру қорларында – 10,4 мың тонна, «айналым схемасы» аясында – 22 мың тонна, өндірушілерде – 48,6 мың тонна, қоймаларда – шамамен 20 мың тонна және сауда объектілерінде – 18 мың тонна бар.