Жаңалық

Қазақстанда неге Нобель сыйлығының лауреаттары жоқ?

Ғылым мен технология қарыштап дамып жатқан заманда біз де өз қадамымызды жасап келеміз деп айтудан шаршамаймыз. Дегенмен, кез-келген істе бір нәтиже болуы шарт қой?! Ғылым мен технологияның, өнердің, спорттың, барлық саланың өз алдына халықаралық дәрежедегі сыйлықтары, атақ-дәрежелері, марапаттары бар. Ел спортының, өнерінің саңлақтары бірқатар алтынмен апталып, күміспен қапталған кубоктарты уыстарына қысып жүр. Бірақ елімізде әлі күнге дейін бірде-бір Нобель сыйлығының лауреаты жоқ. Сонда біздің топырақта данышпан тумағанының белгісі ме бұл?

Нобель сыйлығына құмарлық дәрежесі неге тым жоғары?

Нобель сыйлығы – жер-жаһанның бетіндегі ең құнды әрі атақ-абыройы үлкен сыйлық. Әрбір жылдың күзінде әлем елдерінің басшылары мен әдебиетшілердің, ғалымдардың назары Норвегия мен Швецияға ауысады. Стокгольм және Осло қалаларында өтетін Нобель сыйлығын тапсыру салтанатының құдіреті – бұл.

Нобельді кім көрінген қанжығасына байлай бермейді. Физика саласынан атақты сыйлықты алғаш болып алған ғалым – рентген сәулесін ойлап тапқан Вильгельм Конрад Рентген. Әдебиеттен лауреат атанған алғашқы адам – австриялық әйел жазушы Берта фон Зутнер.

117 жылдық тарихы бар сыйлықтың құны уақыт өткен сайын артып келе жатыр. Ол жыл сайын ғылым, технология, медицина, бейбітшілікті сақтау бағыттары бойынша беріліп келе жатыр.

Лауреаттардың қатарында Нельсон Манделла, Барак Обама, Эрнест Хемингуэй сынды алыптар бар. Сондықтан, бәсекелестіктің жоғары болу себебін түсіндірудің де қажеті шамалы болар.

Қазақ ұлы неге Нобель сыйлығын иемдене алмай жүр?

«Қазақ даласы – данышпандар туғызатын топырақ» деп атан салғанда, алдымызға қара салмаймыз-ау, шіркін! Десек те, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қазақ ерлігінің, қазақтың жасампаздығының, қазақтың данышпандығының, алдағы дәуірін ғасырлар алдын болжаған көріпкелдігінің, өнерінің, әр парағында зіл батпан тарих жатқан әдебиетінің әлемге паш етілмеуі – көңіл түсірерлік жайт.

«Қазақстан деген мемлекет бар ма?», «Қазақ деген кім?» дейтін еуропалықтар мен америкалықтардың таң қалысы ұлттық һәм мемлекеттік дәрежемізге нұқсан келтірері анық.

Кем-кетігіміз түзелмейтін тұсымыз емесі анық. Бұл сөздердің Нобель турасындағы жазбаға не қатысы бар деп отырған боларсыз, бәлкім?! Ендеше, назар салыңыз.

Жыл сайын Нобель сыйлығының лауреаты аталар тұста әлем халқының назары Стокгольм мен Ослоға ауатынын айтып өттік. Сол уақытта атақты сыйдың лауреаты болып, сахнаға қазақ ұлы көтерілсе, төтркүл дүние дүр сілкінбей ме?

Әлде тартысатын жөніміз жоқ па?

«Біз, мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз», – деп Қазыбек толғағандай, жаз жайлауын, қыс қыстауын жағалап жүрген қазақ емеспіз бүгінде. Жаһандық өзгерістер мен ғылымның дамуымен қатар тыныстап келе жатырмыз. Осы бағыттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жылына миллиардтаған қаражаттар да бөлінуде. Қаншама зертхана, қаншама институт бекерге жұмыс жасап тұр ма сонда?

Әрине, жоқ. Демек, «Қазақстандықтар неге Нобель сыйлығы жарысында бәйгесіз қалып жүр?» деп сұрақ қоюымыздың жөні бар.

Нобельді қанжығалағандардың бәрі осы дәрежеге сай ма?

Атақты сыйды жекелеген тұлғалар мен ұйымдарға беретіні туралы жоғарыда айтып өттік. Бейбітшілікті сақтау мақсатындағы қызметке де Нобель берілетінін ескерттік.

2017 жылы атақты сыйлық ICAN-ға (Ядрорлық қаруға қарсы халықаралық ұйым) бұйырды. Оның бұл сыйлықты иелену үшін жасаған ең үлкен қызметі – «Ядролық қаруды жою туралы келісім». Бірақ бұл келісім ұйымның сыйлық иеленген тұсынды әлі күшіне енбеген еді.

Сол уақытта бұл ұйымның лауреат атанғанына қарсы даулы пікір білдіргендердің қарасы көп болды. Өйткені, дәл осы бағытта бірнеше онжылдықтар бойы қарқынды жұмыс жасап келе жатқан ұйымдар мен жеке тұлғалар бар еді.

КСРО кезеңінде-ақ ядролық қаруды жойып, бейбіт тіршілік етуді көксеген көшбасшылардың бірі әрі бірегейі – ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ядролық қаруды жою ісіне 30 жыл бойы атсалысқан Елбасы жеті рет Нобель сыйлығын алуға ұмтылыс жасады. Бірақ әлі күнге көшбасшымыздың бұл арманы орындалмай келеді.

Сыйлық турасында туған даулар

2016 жылғы Нобель сыйлығы елу жылға жуық уақыт бойы жалғасып келе жатқан азаматтық соғысты тоқтатқаны үшін Колумбия президенті Хуан Мануэль Сантосқа берілді. Рас, ол осы аралықта 220 мыңнан аса адамның жанын жалмаған қақтығыстарға нүкте қойып, бейбітшілік жолын насихаттады. Дегенмен, әлемдік басылымдар мен белсенділер Сантостың сыйлық алуына қарсы пікірлер білдіріп, қоғамда біршама толқулар тудырып жатты.

Барак Обаманың да жеңімпаздар мінберіне көтерілуі көптің және сыйлық иесінің таңданысын туғызды. Америкалық көшбасшыға ол уақытта Нобель сыйлығы «халыққа жақсы үміт сыйлағаны үшін» деген желеумен берілген еді. Бұл туралы да атағы айға жетіп тұрған басылымдар сынап жазды.

Әдебиет саласында жүріп, Нобель сыйлығын алған, бірақ сол сыйлық шарадай басын шақашадай етіп, дау тудырған жазушылардың бірі – ұлты түрік Орхан Памук. Оның әдебиет әлеміне қосқан үлесінен гөрі саясатпен ойнап, айқай-шу төңірегінде қалам тербеп, қолдан жасаған атағы бір қарыс алдыда жүреді. Шығыс пен Батыс елдерінің қарым-қатынасы, Түркияның күрдтер мен армяндарға қатысты саясатына ашықтан-ашық қарсы шыққан адам болса, ол – Орхан Памук. Сондықтан, әдебиеттің мүйізі қарағайдай өкілдері бұл шешімге түбегейлі қарсы болды. Ал Орханның ұпайы түгел. Нобель мұражайда, 1,1 миллион доллар қалтада.

Нобельдің аты Нобель ғой, шіркін, қашан да…

«Қазақстанның дамуы Нобельге түйінделіп тұрған жоқ. Былай да көштен кейін жүрген жоқпыз» деп қолді бір-ақ сілтеуге әбден болады. Бірақ, бірақ…

Нобельдің аты, Нобель ғой…

Нобель сыйлығы – елдің, ұйымның, жеке тұлғаның мерейін үстем ететін, дәрежеңді күллі әлемге жарқ еткізетін құдіретке ие дүние. Ол үшін қаншама талас, қаншама дау тууы мүмкін. бірақ қазақ ешкімнің табанында тапталып жатқан жоқ. Демек, күресуге, бәсекеде белдеске түсуге, жеңіске жетуге мүмкіндік бар.

Кез-келген саладан нобель сыйлығының лауреатын шығаруға болады. Әлде бізге иек бұрмай жүрген Швеция мен Норвегиядағы Нобель комитетінің сұрқия саясаты ма? Ол жағы бізге беймәлім.

Нобель тарихынан бір үзік…

Бес тіл біліп, алты елде жұмыс жасап, өнертабыстарын бес елде патенттеп кеткен Альфред нобельден бақытты адам жоқ шығар, сірә?!

1833 жылы Стокгольм қаласында туып, 63 жыл өмір сүрген Альфред саналы ғұмырын жарылғыш заттар жасап шығаруға арнаған. Капсюль-детонатор, динамит, түтінсіз дәрі жарылғыштардан бөлек 355 өнертабысты дүниеге әкелген ғалымның атындағы сыйлық – қазір әлемнің ең құдіретті сыйлығы. Нобель кім? Нобель – инженер-химик, өнертапқыш ғалым, ірі өнеркәсіп иесі.

Ол өзінің барлық байлығын осы сыйлықты жасау үшін аманаттап кеткен.

Сыйлықты таратуға жауапты кім?

Альфредтің аманатына сәйкес, сыйлық табыстауға Швеция мен Норвегия еліндегі төрт ұйым құқылы һәм жауапты. Олар: Швед ғылым академиясы, Стокгольмдегі Каролин институты, Стокгольм академиясы, сондай-ақ, бес мүшеден тұратын Норвегия парламенті сайлаған комитет.

Міне, Нобель жыры осылай әлі жалғасуда. Біз атақты сыйдан үміт үзбейміз. Қазақ топырағында туға қарадомалақ та бір күні Нобель сыйлығын табыстау рәсіміндегі сахнадан бой көрсетер.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button