Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақстанда Nickelodeon мультфильмдері мемлекеттік тілде көрсетіле бастады

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде қазақ тілінде көрсетіле бастаған NICKELODEON HD жаңа арнасы таныстырылды.

Мемлекет басшысы жариялаған биылғы балалар жылы аясында қазақстандықтар «Nickelodeon» телеарнасының мультфильмдерін мемлекеттік тілде тамашалай алады.

ҚР АҚДМ бастамасымен 2021 жылы танымал балалар арналарын қазақ тіліне аудару жобасы – өскелең ұрпақтың дамуына елеулі үлес қосады.

Брифингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров сөз алып, «Министрлік өте ауқымды жобаны іске асыруда. Қазақ тіліндегі жаңа арнаның іске қосылуы балалардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді; сондай-ақ бұл жобаның өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор», – деп атап өтті.

«Осы жоба аясында телеарналарды таңдау кезінде бірнеше іріктеу критерийлері ескерілді: қазақстандықтар арасында танымалдылық бойынша ҚҚДИ жүргізген әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері, телеарналардың өзінде осындай жобаларды іске асыру тәжірибесі, аудиторияны қамту, әлемдік рейтингтік позициялар, брендті тану, халықаралық конкурстарда алынған беделді наградалардың болуы және басқа да критерийлер . Осылайша «Nickelodeon» және «TiJi» екі телеарнасы таңдалды. Nickelodeon брендтері 180-ге жуық елде көрсетіледі, ал олардың кейіпкерлері 40-қа жуық тілде сөйлейді» -деп «Қазақстандық қоғамдық даму институтының» КеАҚ Басқарма Төрағасы Майгельдинов Қазбек атап көрсетті.

Сонымен қатар, «Nickelodeon» телеарнасының ТМД және Балтық елдеріндегі балалар мен ойын-сауық брендтерін дамыту жөніндегі вице-президенті-Мария Косарева «Nickelodeon» көрермендері арнаның қызықты бағдарламалық блоктарының арқасында эмоциялық интеллектті дамытатынын атап өтті. Бұл өз кезегінде балалардың, соның ішінде түрлі этностардың мемлекеттік тілді жылдам меңгеруіне мүмкіндік береді.

«Біз әріптестерімізге хабар таратуды іске қосуда қолдау білдіргендері үшін алғысымызды білдіреміз және абоненттерді ақпараттандыру аясында одан әрі жемісті ынтымақтастыққа үміттенеміз», – деді Мария Косарева.

Арнаның бағдарламалық блоктары анимациялық фильмдер мен телехикаялардан, ойын-сауық, спорттық және музыкалық бағдарламалардан тұрады.

Қазіргі уақытта «Nickelodeon HD» жаңа арнасы Алма ТВ және TV Commerce кабельдік операторлары арқылы эфирге шығады; қалған операторлармен өзара тығыз жұмыс жалғасуда.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button