Жаңалық

Қазақстанда студенттер мен оқушыларға қандай жағдай жасалған?

Жастар – болашақтың тұтқасын ұстайтын буын. Мемлекет басшысы жастарға қолдау көрсетуді әрдайым бірінші жолға қойып келе жатқанын білеміз. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының да астарына терең үңілсек, игіліктердің барлығы болашақ үшін, болашақ иелері – жастар үшіне жасалып, бағытталып жатқанына куә боламыз. Елімізде студенттер мен оқушылар үшін қажет деп саналатын түгелге жуық дерлік жағдайдың барлығы жасалған.

Жыл сайын елімізде мектеп бітірген оқушылардың жоғары оқу орынына тапсыратыны белгілі. Әркім жан қалауын жүзеге асырып, өзінің болашақ кәсібіне бет алады. Бұл арада мемлекет тарапынан аса зор мүмкіндіктер қарастырылған. Жыл санап, мемлекеттік грант саны да қарқынды түрде артып келеді. Биыл 110 мыңға жуық оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуден өткенін ескерсек, мемлекеттен бөлінген 50894 гранттың сынақтан өткен түлектердің жартысын қамтитынын байқау қиын емес. Бұл әрбір екінші талапкер мемлекеттік грантпен жоғары оқу орынында білім алады деген сөз. Осыған орай еліміздегі жоғары оқу орындары да өз біліктіліктерін артырып, мұғалімдер мен білім сапасын арттырудың түрлі жобаларын қолға алып, жүзеге асырып келеді.

Білім және ғылым министрлігі жыл сайын еліміздің білім беру жүйесіне оң өзгерістер енгізіп, дамыған мемлекеттердегі уақытпен дәлелденген озық әдістерді қолданысқа енгізумен тыңғылықты айналысып жатыр.

Биыл жоғары оқу орындарының да білім беру жүйесі өте құнды оқулықтармен толықты. Түрлі сала бойынша әлемдік деңгейде өзінің оң бағасын алып қойған оқулықтар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты бойынша аударылып, еліміздегі жоғары оқу орындарының кітапханаларына жөнелтілді. Ұлттық аударма бюросының мамандары тәржімалаған алғашқы 18 оқулық алдағы оқу жылдан бастап толық қолданысқа енгізілмек.

Бұдан бөлек қазақстандық студенттердің шетелде білім алуға мүмкіндігі мол. Еліміздегі маңдайалды университеттер әлемдегі тарихы терең, білім беру ісі арқылы аты шыққан университеттермен келісімшарт жасасып, тәжірибе алмасу бағытын жолға қойған-ды. Егер жастар жағының құлшынысы болса, сабағын үздік оқыса, шетелде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейлерінде білім алуға ешбір кедергі жоқ.

Қазақстандық жастардың да деңгейі жыл санап қарқынды түрде өсіп келеді. Қазіргі уақытта жас буынның тіл игеруге, білімге деген құштарлығы, құлшынысы өте зор. Өйткені, жастардың көзі ашық, заман талабын түсінеді. Университеттер де осыған орай жастардың сұранысын, талабын қанағаттандыру үшін тынбай еңбек етуде.

Түрлі олимпиадалар, білімді сынайтын бәсекелер, ғылыми жобалар байқауы – жастардың бәсекеге қабілеттілік деңгейін шыңдайтын бәйгелер. Бұл ретте жастар арасынан технологиялық тұрғыда түрлі ғылыми жаңалықтар ашып, роботтық технология саласына үлкен қызығушылық танытылып жатқанын айт кеткен жөн.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының қоғамға осындай серпіліс әкелгені көз қуантады. Мемлекеттің жастарға қолдау көрсетуі, демеушілік жасауы – болашақтың іргетасын қалағаны. Болашақ жарқын болуы үшін жастардың деңгейі артып, елге қызмет жасайтын азаматтардың көбеюі шарт. Мемлекет тарапынан осындай қолдау көрген жастардың ертеңгі күні ел дамуына сүбелі үлес қосары сөзсіз. Бұл – олардың азаматтық міндеті, парызы.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button