Жаңалық

Қазақстанда «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасы әзірленіп жатыр

жобасы әзірленіп жатыр

«Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасы жастарды мазалайтын барлық өзекті мәселелерді қамтитын болады деп хабарлайды Ruh.kz порталы.

Бүгін Павлодар облысындағы мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесу, этносаралық және конфессияаралық келісім, жастар және отбасы, сондай-ақ БАҚ салаларын дамыту мәселелерін талқылауға арналған стратегиялық сессия өтті. Шара аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы саясаты комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов елімізде «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасының әзірленіп жатқанын мәлім етті. Оның айтуына қарағанда, жаңа жоба жастар және отбасы саясаты саласындағы нормативті-құқықтық базаны жетілдіруге бағытталған.

«2021 жылы біздің алдымызға қойылған басты міндеттеріміздің бірі – жастар мен отбасы саясатын жетілдіруге бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасын әзірлеу. Бұл бағытта жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Қазір біз аталмыш жобаның толық нұсқасын сіздердің назарларыңызға ұсына алмаймыз. Себебі жоба дайындалу үстінде. Министрлік жұмыс тобын құрып, ұсыныстарды қабылдап жатыр. Барлық облыстардың белсенділерімен өткізіп жүрген стратегиялық сессияларымыздың мақсаты да сол. Бүгінгі кездесуімізді өңірлермен орнатылатын кері байланыс деп білеміз. Біз өңірлердегі жастарды не мазалайтынын білгіміз келеді, бәлкім, аймақтардағы жобаларды республикалық деңгейдегі ұлттық жобаға қосармыз.  

«Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы тұрғын үй, жұмыспен қамту, білім беру, жастардың даму индексі сияқты жас азаматтарды мазалайтын барлық өзекті мәселелерді ескермек. Жобаны әзірлеу жұмыстарына жастар саясатын жүзеге асыратын барлық мемлекеттік органдарды тартатын боламыз», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов.

Ол ұлттық жоба аясында жастарды баспанамен қамту мәселесін шешу жолдарының қарастырылып жатқандығына да тоқталып өтті.

«Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жастар үшін «Жалға берілетін баспана» бағдарламалары табысты іске асырылып жатыр. 2020 жылға дейін бұл шаһарларда 6000 пәтер берілсе, биыл тағы да 3000 пәтердің кілті табысталады деп күтілуде. Осы бағдарламаны басқа өңірлерде де жүзеге асырғымыз келеді. Қазіргі таңда «Отбасы» банкімен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Ұйымдастыру жөніндегі басқа да мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен келіссөздерді жүргізудеміз», – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы.

Айта кетейік, ҚР  Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қазіргі таңда ел өңірлері белсенділерінің қатысуымен азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесу, этносаралық және конфессияаралық келісім, жастар және отбасы, сондай-ақ БАҚ салаларын дамыту мәселелерін талқылау мақсатында стратегиялық сессияларды өткізуде. Бүгінге дейін мұндай жиындар Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау және Павлодар облыстарының мемлекеттік органдары мен жастар ұйымдарының қатысуымен өтті. Жоспар бойынша аталмыш кездесулердің қорытындысы Нұр-Сұлтан қаласында оффлайн форматта өтетін сессияда шығарылады деп күтілуде.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button