Қазақстанда ұлттық кино комиссиясы құрылады
Елімізде ұлттық кино комиссиясы құрылмақ. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова мәлім етті.
![](/storage/storage/element/2022/10/04/mainphoto/HBkRmM7dXNViPq2kZtyGiabRqUdimoW03B0b0VZz.jpg?time=1700957284)
«Күні кеше Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. «Кинематография туралы» заң 2019 жылы қабылданды. Небәрі 3 жыл өтсе де, әлемдегі кинематография саласының қарқынды дамуын назарға алсақ, кинематография және мәдениет туралы заңды жетілдірудің қажеттілігі туындады», – деді Күміс Сейітова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ министрлік өкілі отандық кинематографияға қатысты соңғы жаңалықпен бөлісті.
«Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырудың тағы бірі – елімізде ұлттық кино комиссиясын құру. Мақсат – халықаралық кино өндірісі үшін фильмдер түсіру алаңы ретінде Қазақстанның мүмкіндігін арттыру. Осы орайда халықаралық кинематография ұйымдарына қойылатын талаптар жеңілдетілді. Яғни еліміздің аумағын фильм түсіру локациясы ретінде қолдану қолжетімді бола түсті», – дейді ол.