Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақстанда жастар апталығы аяқталды

7-12 тамыз аралығында еліміздің бүкіл алаңдарында «Жастармен бірге!» тақырыбында қайырымдылық, волонтерлік, экологиялық акциялар, бос орындар жәрмеңкелері, фестивальдар, семинарлар, концерттер және т. б. іс-шаралар кешені өткізілді, деп хабарлады ҚР АҚДМ баспасөз қызметі.

Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын іске асыру және жастар арасында мемлекеттік қолдау шараларын ілгерілету, жастармен жұмыс принциптерін, тетіктерін, форматтарын, мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңінен хабардар ету, сондай-ақ әртүрлі салаларда жетістікке жеткен қазақстандық жастардың көшбасшылық әлеуетін атап өту.

Жастар апталығы аясында, 7-9 тамыз аралығында «Жастар Елге!» атты жоғары рухани және адамгершілік құндылықтарды, сондай-ақ жастардың көшбасшылық әлеуетін көрсету мақсатында іс-шаралар кешені өткізілді.

Сондай-ақ, «12 игі іс» акциясы басталып, оның аясында Қазақстан жастары игі істер жасап, әлеуметтік желілерде бірыңғай хэштегпен бөлісті.

Барлық қалаларда, аудандарда және ауылдық елді мекендерде белсенді жастардың, волонтерлердің, өңірдің жастар ұйымдары басшыларының қатысуымен қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды. Аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік, қаржылық көмек көрсетілді.

Бүкіл ел бойынша қоршаған ортаны қорғауға, табиғатқа ұқыпты қарауға бағытталған: экологиялық акциялар, сенбіліктер, қоқыс жинау, ағаштарды күту акциялары өткізілді.

Сонымен қатар, барлық қалаларда, аудандарда және ауылдық елді мекендерде «Bilim», «Sabaqtastyq», «Saýlyq», «Qamqor», «Taza Álem», «Úmit», «Asyl mura» бағыттары бойынша волонтерлер іс-шаралары ұйымдастырылды.

Бұған қоса, 9-11 тамыз аралығында «Жастар – ел дамуының басты драйвері!» іс-шаралар кешені өткізілді, оның шеңберінде 232 жастар ресурстық орталығы базасында мемлекеттік қолдау шаралары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және жастарға: «Дипломмен ауылға!», «Жастар практикасы», «Жас отбасы», «Жалға берілетін тұрғын үй», «Жастарға арналған тұрғын үй», «Жасыл ел», «Жас кәсіпкер», «Серпін», «Дарын», «Тәуелсіздік ұрпақтары», «Болашақ», «Кәсіпкерлікке 2,5% жеңілдікпен кредит беру» және т.б. бағдарламалар мен жобалар бойынша арнайы консультациялар өткізілді.

NEET санатындағы жұмыссыз жастар үшін ЖОО мен колледж түлектерін жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мақсатында барлық қалаларда, аудандарда және ауылдық елді мекендерде кең ауқымды бос орындар жәрмеңкесі өтті.

Өңірде жастарға арналған нысандарды (мектептер, колледждер, спорттық-мәдени орталықтар, жатақханалар және т.б.) ашылды, street workout бойынша жастар арасында жарыстар, сондай-ақ 12 шақырымдық марафон өткізілді; түрлі салаларда ерекшеленген ең белсенді жастар облыс басшылығының алғыс хаттарымен және естелік сыйлықтарымен марапатталды.

Жастар апталығы шеңберінде барлығы 14-35 жас аралығындағы 1,5 млн-нан астам жастардың қатысуымен 1000-нан астам іс-шаралар ұйымдастырылды және өткізілді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button