Қазақстандағы 3D анимацияның халі қалай?
«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының «Ел рухы» деп аталатын екінші бағытында отандық анимацияны дамыту міндеттері қарастырылған.
Жақында Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі өткен брифингте Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов «Қазақфильм» жанынан Қазақ анимация бірлестігі құрылып, 40-тан астам мультфильм мен қазақша компьютерлік ойындар жасау жоспарланып отырғанын, анимациялық мектептердің ашылатынын айтқан болатын. Бұл мәселе Түркістанда өткен Халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер кинофестивалінде де кеңінен талқыланды.
Елімізде 3D анимациясын оқу-оқыту жұмыстарының кенжелеп тұрғаны – осы салада жүрген мамандардың әлі күнге көтеріп келе жатқан мәселесі. Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығының жетекшісі, Astana film жастар киностудиясының директоры Жәнібек Нұрбекұлының айтуынша, жоғары оқу орындарында 3D анимация оқытылмайды. «3D анимация оқыту бағдарламада бар, бірақ сабақ беретін мамандар жоқ. Алматыда Өнер академиясында болу керек. Бізде бұрын болған, кейін маман болмаған соң алып тастады. ЖОО-да 3D анимациядан сабақ беру үшін міндетті түрде сол мамандықтан магистрлік дипломы болуы шарт. Магситратура түгіл Қазақстанда баклаврды аяқтаған маман жоқ. Бұл ЖОО-дағы басты мәселелердің бірі. Түркістанда болған дөңгелек үстелде де осы мәселені көтердім. Осы мамандық бойынша «Болашақ» бағдарламасынан арнайы степендия тағайындалуы керек деп есептеймін. Болмағанда Ұлттық киноны қолдау орталығы мамандарды арнайы шетелге жіберіп, қысқа мерзімді курстардан өткізсе де үлкен жетістік болар еді», – дейді Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстазы.
Осы орайда аталған саланы дамытуға тамшыдай болса да үлесін қосуды мақсат етіп, студия құрып, 3D анимациясы бойынша шәкірт тәрбиелеп жатқан мультипликатор, Quantfilm киностудиясының директоры Талас Оразбайдың ой-пікірін сұрап, білдік.
Оның айтуынша, қазақ анимациясындағы кенже қалып тұрған – өндірістік механизм. «Бізде анимациялық фильм өндірудегі сценарий жазу, режиссурада идеяға, яғни «не айтамын?» дегенге жұмыс істеген. Ал «қалай айтамын?» жағы кенже қалған. Былайша айтқанда, техникалық мамандар жоқ. Оларды техниканың маманы ретінде ғана қарайды. Негізінде олар техниканы құрал еткен өнердің адамдары ғой. Бұл туралы дұрыс көзқарас та қалыптаспаған. Техникалық маман болу үшін үлкен оқудан өту керек. 5 жыл оқып менің компаниямда жұмыс істеп жатқан балалар бар. 3D анимация туралы дым сабақ алмаған. Бізге келіп шыт жаңа үйреніп жатыр. Құр теориямен келген», – дейді Талас Оразбай.
Соңғы кезде мультипликацияда 3D техникасы ерекше сұранысқа ие екенін жеткізген маман Youtube-тан шетелдің мультфильмдерін көріп өсіп келе жатқан жеткіншектердің талғамы да жоғары екенін айтады. «Бүгінде балалардың көретін фильмдері де солай бағытталып кеткен. 6 жастан кейінгі балалар көбінесе 3D фильмдер көреді. Әлемде де солай. Сол үрдісске ілесу үшін 3D өндірісін дамытуымыз керек. Мысалы, мен жарты жылдық оқу бағдарламасын жасап шықтым. Курстың мазмұны барған сайын дамып, кемелденіп келеді. Ал оған ағылшын тілін қосып тіпті де кеңейтетін болсақ бір жылдық курс болайын деп тұр. Ол кезде толыққанды маман дайындайтын деңгейге жетеміз. Бірақ бір жыл оқытуға біздің де, оқушының да жағдайы жете бермейді», – дейді ол.
4 жыл ішінде 40-қа жуық маман тәрбиелеген ұстаз ЖОО-дағы білім беру деңгейіне де көңілі тола қоймайтынын жасырмады. «Меніңше, Жүргеновта (Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы – ред.) немесе «Шабыттан» (Қазақ ұлттық өнер университеті – ред.) оқып шыққан режиссерларда мынадай қате көзқарас бар. Олар 3D өндірістік барысты бастан өткізбеген. Сурет салу, яғни 2D анимацияны ғана үйренген. Сценарий жазылып, кадрлар сызылса, аниматик жасалса фильмнің 70%-ы бітті деп есептейді. Жоқ, олай емес. Керісінше, ол жерде фильмнің 30%-ы бітіп тұр. Жалпы фильм өндірісі препродакшн, продакшн және постпродакшн деп үш үлкен сатыға бөлінеді. Жаңағы айтылғандардың барлығы препродакшн, яғни алғашқы өндіріс кезеңі. 70% фильм ортадағы өндірісте бітуі керек. Елімізде дәл осы ортадағы продакшнды ескерусіз қалдырған. Сөйтіп, продакшнда маман болмағаннан кейін әркімнің басында бір қиял жүр. «Мен мынаны жасағым келеді, ананы жасағым келеді» дейді. Оны жасайтын команда болсама, механизм болмаса кім жасайды? Команда тек теориямен емес, өндіріс барысында дамиды. Өндірісте ар қимыл-әрекеттерге дейін жаттығып, жетіледі. Шетелдерге көрсете алатындай фильм сонда ғана шығады. Ал постпродакшн деген фильмнің соңы, монтаждан кейінгі дыбыс, бояу. Бізде ол да жоқ», – дейді Талас Оразбай.
Біз маманнан Қазақстанның анимациялық фильмдерін әлемдік нарыққа шығаруға не кедергі екенін де сұрап көрдік. Көкейінде жүрген түйткілдерді таратқан мультипликатор былай деді: «Бұған Үкімет бір рет демеп жіберсе жеткілікті деп ойлаймын. Әсіресе жеке студиялардың әлемдік нарыққа өнім ұсына алуы үшін қолдау өте маңызды. Бізде фильмдерді бөлу уақыты өте қысқа, жарты жылда қаншама дүние жасап болуың керек. Сосын сапа кетеді. Сондықтан толық мүмкіндік беріліп, бір фильмді екі-үш жылға бөліп жасау үшін толық қаржыландырса, ары қарай компаниялар өзін өзі асырайтын, келесі ретте Үкіметке алақан жаймайтын деңгейге жетіп алар еді. Былайша айтқанда, «әкесінің иығына бір шығып» биіктен бір асып кетсе болғаны. Қазір көп студиялар қаржылық мәселеге тіреліп тұр. Кемінде өніміміз ТМД елдерінің кинотеатрларының кассаларынан ақша жинайтындай деңгейде жасалып, түскен пайдамен аяғынан тік тұрып кетсе әлемдік нарыққа шығу қиынға соқпайды».