Қазақстандағы ең жас рекордсмен
«Қазақстанның рекордтар кітабы» айдарының бүгінгі санында 8 жастағы Мұстафа Ерғалидың орнатқан рекорды туралы бөлісеміз.
2021 жылы Қостанай қаласында 8 жастағы Мұстафа Ерғали әуесқой спорт түрі – шынтақ тіреп төрттағандап тұрудан 16 жасқа дейінгі балалар арасында әлем рекордын жаңартты. Шынтақ пен аяқ саусақтарын тіреп, төрттағандап 1 сағат 2 минут бойы денесін еденге параллель ұстап тұрды.
Спортшылар тілінде классикалық планка ұстау деп аталатын спорттың бұл түрі бойынша 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы ең жоғары әлемдік көрсеткіш бұған дейін 1 сағат 2 секунд болған екен.
Бір мезетте Мұстафа екі рекорд орнатқан. Біріншісі – қазақстандық ең үздік нәтижені жаңартса, кейінгісі – ең жас әуесқой спортшы ретінде есімін КИнЭС-тің рекордтар кітабына енгізді.
Ал планкада тұрудан Гиннестің рекордтар кітабына Ингушетиялық мектеп оқушысы Абдул-Рахим Гетагазов енген. Оның рекорды 11 сағат 11 минут.