Қазақстандағы интернет-алаяқтық
Бүгінгі таңда өзге адамның әлеуметтік желідегі аккаунтын пайдаланып, қаржылай көмек сұрайтындар, жеке мәліметтерін алдап алу арқылы картадағы ақшасын иемденетін алаяқтардың әрекеті күшейіп кетті. Жеңіл жол арқылы табысқа кенелгісі келетіндердің жасаған қылмысы төрт жыл бедерінде он есеге дейін артқаны ойландырмай қоймайды.
Пандемия кезінде шектеулерге байланысты адамдар көптеген қызмет түрлерін ғаламтор арқылы алуға мәжбүр болды. Сол кезде интернет алаяқтық саны артты. Интернет алаяқтардың жәбірленушілері Қазақстанның әр аймағында. Қылмыскерлер әлеуметтік желідегі инженерингті тиімді пайдаланып, қолданушыларға ақша аудартады немесе олар туралы жеке ақпараттарды алып, сол арқылы жеке шоттардағы ақшаны аударып алады. Олар уақыт өткен сайын әлеуметтік желілер арқылы оңай табыс табудың жолдарын жетілдіріп отыр.
Ішкі істер министрлігі криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының басшысы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, 2017 жылы республика бойынша интернат-алаяқтық жолдары арқылы тіркелген қылмыс түрлері 2 мыңмен шектелсе, өткен жылы бұл сан 20 мыңнан асып кеткен екен. Содан да болса керек, интернет арқылы елдің ақшасын иемденіп кетуге ниетті алаяқтармен күрес жұмыстары күрт күшейген.
«ІІМ жедел қабылдаған іс-қимыл шараларының нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда биыл интернет алаяқтық 18 пайызға төмендеген. Оның ішінде 1,5 мыңнан астам қылмыс жедел уәкілдердің жанкешті еңбегінің арқасында ізі суымай ашылды. Осы жылдың мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласындағы Полиция департаментінің жедел тергеу тобының қызметкерлері астаналық тұрғынның есепшотынан 137 млн теңге қаржы ұрлаған 7 адамнан тұратын қылмыстық топты әшкереледі. Тексеру барысында бұл топтың құрамында Қазақстан мен шетел азаматтарының бар екені анықталған.
Тінту кезінде олардан 8 миллионнан аса қаржы, қалта телефондары, SIM карталар, 20-дан астам төлем картасы, сондай-ақ банк карталарының атаулары мен парольдерінің жазбалары табылды. Қазіргі уақытта топ мүшелерінің алаяқтықтың екі эпизодына қатысты болуы мүмкін екені айтылуда. Олардың шығыны 170 миллион теңгеден асады.
Бүгінде басты айыпталушыларға бұлтартпау шарасы қабылданып, өзге күдіктілер, сыбайластары мен басқа да жасалған қылмыстарын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – деді ведомство өкілі «Интернет алаяқтықпен күрес шаралары» тақырыбында өткен брифингте сөйлеген сөзінде.
Министрлік өкілінің айтуынша, интернет-алаяқтардың арбауына түскен азаматтар ойланбастан үлкен сомадағы қаражатты әлгілердің есепшотына аударып жіберуден еш тайынбайды екен. Жуырда ғана Алматы қаласының тұрғыны пәтерін сатқан. Нәтижесінде қалтасына түскен 23 миллион теңге көлеміндегі қаражатты алаяқтардың есепшоттарына бірнеше траншпен аударып жіберген. Алаяқтардың арбауына түскенін түсінген жәбірленуші құқық қорғау органдарына 24 маусым күні ғана шағымданған екен. Бүгінде аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
«Жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары барысында алаяқтық мақсатпен Қазақстанның әртүрлі қалаларында тұратын жалған тұлғаларға ресімделген 10-ға жуық банк карталары пайдаланылғаны анықталды. Қазақстан Республикасы ІІМ киберқылмысқа қарсы күрес бөлімшелерінің жедел қызметкерлері Павлодар облысы мен Алматы қаласындағы әріптестерімен бірлесіп, Қазақстан мен Ресей азаматтарынан құралған, 15 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады.
Олар интернет арқылы жаппай алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. 5 қатысушыға қатысты «қамауға алу» бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта топ қатысушыларының интернет-алаяқтықтың алты эпизодына қатыстылығы анықталды, олардың шығыны 106 миллион теңгеден астам болып отыр», дейді Жандос Сүйінбай мәселенің мәнісіне үңіліп.
Әдетте, мұндай қылмыстарды жасауда үшінші тұлғаларға ресімделген банктік шоттар мен карталар қолданылады. Қоңыраулар үшін алаяқтар абоненттік нөмірлерді ауыстыру бойынша бағдарламаларды пайдаланады. Бұл әрекеттердің барлығы ықтимал құрбандардың банктік карталары мен депозиттеріне қол жеткізуге, одан әрі олардан ақша аударуға немесе несие алуға бағытталған.
«Алаяқтық схемаларға қатысу үшін азаматтарды тарту тәсілдеріне жеке- жеке тоқталғым келеді. Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жеңіл табыс туралы хабарландырулар белсенді жарияланады. Өз атыңызға картаны, абоненттік нөмірді ашу, оның ішінде осындай әрекеттерге басқа адамдарды тарту ұсынылады. Кейбір жағдайларда телефонға банкинг орнатуды немесе карталарды басқа адамдарға беруді сұрайды. Кейіннен көрсетілген карталар мен абоненттік нөмірлерді алаяқтар ақшаны алу үшін пайдаланады.
Телефон арқылы банктік мекемелерден келетін кез келген ақпаратты қайта тексеру қажеттіне ерекше назар аударғым келеді. Рұқсат етілмеген операцияларды бұғаттау үшін телефон арқылы бейтаныс адамдардың бірінші талабы немесе ұсынысы бойынша банктік деректемелерді немесе SMS-хабарламалардан кодтарды жазып алудың, сондай-ақ өз жинақтарын банктің қандай да бір шотына аударудың қажеті жоқ», дейді министрлік өкілі жағдайды түсіндіріп.
Ведомство өкілі келтірген деректерге зер салсақ, интернет-алаяқтық 2017-2021 жылдар аралығында күрт көбейгенін байқай түсеміз. Құзырлы орган өкілдері жылдар бойы сан мәрте дабыл қағып, түсіндіру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілсе де, аңқау халық арам ниеттілердің айтқанына сеніп, айдауына көнгені жаға ұстатпай қоймайды. Әйтеуір осы жылдың есепті мерзімінде қылмыстың 18 пайызға болсын азайғаны көңілге медеу.
Түйіп айтсақ, интернет алаяқтықтың жолын кесу үшін алдымен халық сауатты болуы керек. Әйтпесе, алаяқтардың сан түрлі айласына алданатындардың саны жыл өткен сайын кемігенімен, толықтай жойылып кетуі екіталай секілді.