Қазақстандағы үздік 5 университет
Алдымызда – жаңа оқу жылы. Мектепті бітірген жас түлектер өздерінің болашағы жарқын болуы үшін үздік жоғары оқу орындарына түсуді қалайды. Еліміздегі маңдайалды оқу ордаларын зерттеп, сапалы білім беретін орынды таңдайды. Осы ретте жас түлектер Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында міндеттеген прагматистік көзқараста болуы шарт. Ал біз өз кезегімізде оларға жоғары оқу орынын таңдауда көмек бермекке шешім қабылдадық. Қазақстандағы үздік жоғары оқу орындарының тізімін ұсынып, таңдауды жеңілдете түспекпіз. Ендеше әрі қарай оқыңыз.
Еліміздегі жоғары білім беретін оқу ордаларының дәрежесі жыл санап өсіп келеді. Жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары да жаңарып, әлемдік стандарттармен сәйкестендірілуде. Тарихы терең, мәртебесі жоғары университеттер аталған жүйеге әлдеқашан өтіп, студенттерге осы жүйе бойынша білім беруде. Биылғы жылдан бастап, мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты аясында аударылған алғашқы 18 кітаптың барлығы елдегі жоғары оқу орындарының кітапханаларына таратылды. Енді мемлекеттің білім саласына тың серпіліс келері сөзсіз.
Сонымен ең үздік 5 жоғары оқу орынының қатарына қандай университет, академиялар кіреді?
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Іргетасы өткен ғасырдың 30-жылдарында құрылған іргелі оқу ордасының абыройы асқақ бүгінде. Қазір ҚазҰУ – ТМД көлемінен әлемнің 250 үздік университетінің қатарына кірген екі жоғары оқу орынының бірі. Екіншісі – М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу гуманитарлық университеті.
Осындай биік дәрежеге көтерілген университеттің білім базасы да кең, білім беру бағдарламасы да әлемдік озық жүйелерге сәйкестендірілген. Отыз мыңнан астам студент оқитын білім ордасында шетелден келіп, білім алып жатқан жастардың да үлес салмағы басым.
ҚазҰУ-ды таңдау неге пайдалы? Өйткені, еліміздегі білім саласына енгізілген оң өзгерістердің барлығы осы оқу ордасында тәжірибеден өтеді. Демек, студенттерге білім алу барысында мол мүмкіндіктер туындайды.
Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлемдегі бірнеше озық университеттермен өзара келісімшарты бар. Бұл келісімшарттар академиялық ұтқырлық арқылы қазақ жастарының шетелде білім алуына мүмкіндік береді.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті
1996 жылы Елбасының арнайы бұйрығымен құрылған Астана қаласындағы Еуразия Ұлттық университеті бүгінде еліміздің жетекші оқу орындарының қатарында. ЕҰУ да маңдайалды университеттердің бірі болғандықтан, әлемдегі биік дәрежелі жоғары оқу орындары қолданысқа енгізіп отырған білім беру жүйесіне көшкен.
Л.Н.Гумилев атындағы жоғары оқу орыны әлемдегі озық университеттердің рейтингінде 336 орынға жайғасқан. Университет жыл сайын дамып, өз студенттеріне барлық жағдайды жасап отыр. Бүгінде университет көлемінде 28 ғылыми мекеме мен 13 факультет бар.
Ғылыми мекемелердің қатарына зертханалар, институттар, түрлі ғылыми-зерттеу орталықтары кіреді. Сондай-ақ, біліктілікті арттыру орталықтары мен әскери кафедра жұмыс жасауда.
М. Әуезов атындағы мемлекеттік университет
1943 жылы негізі қаланған Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік университет бүгінде 76 техникалық және гуманитарлық сала бойынша мамандар даярлаумен айналысып келеді. Құрамында 14 факультет пен әскери кафедра бар.
Гуманитарлық және техникалық білім алғысы келген студенттердің көпшілігі Шымкент қаласындағы осы жоғары оқу орынына бет бұратыны белгілі. Қазір университетте жаңа білім беру бағдарламасын толыққанды енгізген. Жаңа оқу жылынан бастап өзге де оң өзгерістердің болары анық.
Сондай-ақ, университеттің студенттерге қажетті тиімділігі – оқу ақысының төмендеу болуы.
С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті
С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің іргетасы 1931 жылы қаланған. Бұл білім ордасы еліміздегі ақ халатты абзал жандар даярлау ісіндегі жетекші университетке айналған. Медицинаның барлық саласы бойынша маман даярлау ісінде әлемдегі озық жүйелерді пайдаланады. Сондай-ақ, оқу ордасында барлық техникалық жабдықтармен жарақталған зертханалар қарастырылған және еліміздегі медицина саласының үздік ұстаздары да осы оқу ордасына шоғырланған.
Жыл сайын медицина қызметкері болуды көздеген талапкерлер осы университетке түсуді армандайды. Алматы қаласының орталығында орналасқан оқу ғимаратының да тарихы тереңде.
Қазір Қазақ Ұлттық медициналық университеті Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын қарқынды қолдап, білім беру жүйесін толық латын қарпіне көшіру жұмыстарын жүргізуде. Айтуларынша, бұл бастама арқылы медицина саласында біліктілікті арттыру деңгейі жоғарыламақ.
Қазақ Ұлттық аграрлық университеті
Қазақ Ұлттық аграрлық университеті – еліміздің ауыл шаруашылық саласына сапалы маман тәрбиелеп беріп отырған жетекші оқу орыны.
Бүгінде елімізде ауыл шаруашылығына, әсіресе, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына үлкен көңіл бөлініп отырғанын білеміз. Осы тұста ауыл шаруашылығының нағыз мамандарын даярлау ісінде аталған білім ошағының еңбегі зор.
Университетте қазір алты факультет пен жүздеген білікті мамандар жұмыс жасайды. Жыл сайын ауыл шаруашылығына деген талапкерлердің де қызығушылығы артып келеді.