Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақстандық арнайы жасақ шабуылы әлемді мойындатты

Фото: ҚР Мемлекеттік күзет қызметі

ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің  «САРДАР» командасы 3-7 ақпан аралығында Дубайда Әл-Рувай базасында өткен UAE SWAT Challenge 2024 халықаралық сайысында қола жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды Ruh.kz.

Бұл халықаралық арнайы күштер сайысындағы «САРДАР» командасының нәтижесі – Қазақстан тарихындағы алғашқы жүлде. Осылайша, еліміздің арнаулы бөлімшесінің жасағы 50-ге жуық әлем елдерінен жиналған 70 қоманданы басып озып, қазақстандықтарды ғана емес, сондай-ақ әлем халқын таңғалдырды. Осы ретте атап өту керек, UAE SWAT Challenge 2023 жеңімпазы Ресей Федерациясының «Ахмат» командасын да шаң қаптырған.

5 күндік әлем чемпионатында 5 түрлі сайыстан үздік нәтиже көрсеткен «САРДАР» командасы тактикалық дайындық, шабуылдау, офицерді құтқару, мұнараға шабуыл және кедергілер алабын еңсеруде елінің биік рухын әлемге таныта білді. ҚР Мемлекеттік күзет қызметі де командасының жарқын жеңісі – еліміздің арнаулы мемлекеттік органы жеке құрамының күшейтілген үздіксіз дайындығының, мемлекеттің өркендеуіне және оның қауіпсіздігін сақтауға бағытталған патриоттық тәрбиесінің жемісі екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар Қазақстанның атынан бұл жарысқа – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағының «А» тобы, ІІМ ішкі әскерилері тобынан құралған «Бүркіт» және «Сұңқар» арнайы жасағы да қатысты.

Сайыс қорытындысы бойынша, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің  «САРДАР» командасы 302 ұпаймен үшінші орынға ие болса, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағының «А» тобы 286 ұпаймен 6-орыннан бой көрсетіп, ІІМ ішкі әскерилері тобынан құралған «Сұңқар» арнайы жасағы 275 ұпаймен 7-орынды алып тұр. Сондай-ақ ІІМ ішкі әскерилері тобынан құралған «Бүркіт» жасағы да 217 ұпаймен ТОП-20-ға кірді.

Айта кетейік, UAE SWAT Challenge – арнайы жасақтар арасындағы бейресми әлем чемпионаты. Оны «Арнайы жасақ олимпиадасы» деп те атайды. Қатысушылардың физикалық төзімділігі мен тактикалық дайындығы маңызды рөл атқарады. Бұл жарыстардың негізгі мақсаты – арнайы жасақ бөлімшелерінің бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру. 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button