Қазақстандық ең жас композитордың 200-ден астам шығармасы бар
Скрипка мен фортепианоның хас шебері, небәрі 9 жасында «Қазақстанның ең жас композиторы» атағын алған Нұрали Бейсеқожамен сұқбаттасып, шығармашылығы туралы аз-кем ақпар алдық.
«Туған жерім – Алматы қаласы. Фортепианоны төрт жасымнан бастап тарттым. Ал скрипканы мектепке барғанда, 1-ші сыныптан бастап үйрене бастадым», – дейді ерекше талант иесі.
Композиторға асқан дарындылық отбасынан дарыса керек. Оның алғашқы туындысы 5 жасында жарық көрген:
«Композитор ретінде жазған бірінші шығармамды анама арнадым. 5 жасымда жарыққа шыққан туынды «Анашым» деп аталады. Бұл дарын Алланың маған берген үлкен сыйы. Отбасымызда үш композитормыз. Нұрсат Бейсеқожа, Ғаламат Бейсеқожа есімді бауырларым – күйші-композиторлар», – дейді Нұрали.
Көбіне классикалық жанрда ән жазатын жас композитор мәнерлеп сырғанаудан спорт шебері, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тенге арнап ән шығарған:
«Мен классикалық әндер жазамын. Қазіргі уақытта 200-ден астам шығармам бар. «Аққан жұлдыз» деп аталатын туындымды Денис Тенге арнадым. Денис Тен – еліміздің мақтанышы. Бұл ән әлемге танымал спортшы кенеттен қаза тапқан кезде дүниеге келді».
Шығармашылық жолдағы жоспары мен арманын сұрағанымызда ол:
«Армандарым өте көп. Солардың бірі – әлемге танымал композитор болу, елімізді бүкіл дүние жүзіне таныту, сондай-ақ әлемнің ең үлкен сахналарында концерт беру», – деп жауап берді.
Ал біз Нұралидің болашағына зор сеніммен қарап, өзі арман еткендей, төрткіл әлемге әйгілі композитор атанып, Қазақстанның атын әлемге әйгілейтін азамат болсын деп тілейміз.