Қазақстандық кәсіпкерлер Германия кәсіпорындарында тағылымдамадан өтті
Берлин қаласында ҚР ҰЭМ мен Германияның Федералдық экономика және климатты қорғау министрлігі өкілдерінің кездесуі өтті, деп хабарлайды Ruh.kz.

Фото: ҚР ҰЭМ
Тараптар басқарушы кадрлардың біліктілігін арттыру бағдарламасын іске асыру барысын талқылады. Бағдарлама мемлекеттік қолдаудың қаржылық емес шаралары шеңберінде «Іскерлік байланыстар» жобасына енгізілген және отандық кәсіпкерлердің неміс компанияларында тағылымдамадан өтуін көздейді. Келісім бойынша шығындардың басым бөлігін Германия алды.
Тағылымдама барысында қатысушылар нақты мәселелерді зерделеуге, атап айтқанда, технологиялар трансферті, жабдықтар сатып алу, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді өзара жеткізу, франшизалар сатып алу, бірлескен кәсіпорындар құру мәселелері бойынша жеке іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік алады.
ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің директоры Нұрбол Жаңабеков өз сөзінде бағдарламаның тиімділігі туралы айтты.
Болашақта машина жасау, медицина, логистика, сондай-ақ энергия тиімділігі, кәсіпорындарды цифрландыру және жаңартылатын энергия көздері секілді салаларға назар аударып, осы бағдарламаға қатысушылар (отандық кәсіпкерлер) санын арттыру қажет. Сондай-ақ тағылымдамадан өткен азаматтарға қолдау көрсетіп, жан-жақты жәрдемдесу керек, – деді ол.
Еске сала кетейік, 2016-2022 жылдар аралығында «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша 206 ШОБ (шағын және орта бизнес) субъектісі тағылымдамадан өтті. 18,6 млн. еуро сомасында 31 келісімшартқа қол қойылды және 546,5 мың еуроға жабдық сатып алынды.