Қазақстандық кино әлемдік табысқа жету жолында

Қазақстанныңкино нарығы - ұлттық және халықаралық аудиторияның назарын белсенді түрде аударатын мәдениет пен өнердің қарқынды дамып келе жатқан секторы.1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бері қазақстандық кино қиын жолдан өтіп, жергілікті құбылыстан жаһандық амбициясы бар индустрияға айналды.
Республикамызда кино өнері кеңестік кезеңнен бастау алған. 1934 жылы Қазақфильм - республикадағы алғашқы киностудия құрылды. Кеңестік кино өнері көбінесе насихаттық сипатта болды. Осыған қарамастан, осы кезеңде «Жамбыл» (1952) және «Қыз Жібек» (1970) сияқты көрнекті туындылар жарық көрді, олар қазақ киносының классикасына айналды.
1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бері қазақстандық киноиндустрия бірқатар сын-қатерлерге тап болды. Экономикалық дағдарыс пен қаржыландырудың жетіспеушілігі фильм өндірісінің қысқаруына әкеліп соқты. Алайда, 1990 жылдардың ортасынан бастап біртіндеп өрлеу басталды: бұл ретте мемлекеттік киноны қолдау бағдарламалары мен жеке инвестициялар маңызды рөл атқарған еді.
2000 жылдардың басы - қазақстандық кино үшін бетбұрыс кезеңі. Жаңа режиссерлер мен продюсерлер дәстүрлі кинематографиядан асып түсіп, өз жұмыстарын жарыққа шығара бастады. Осы кезеңнің айқын мысалдарының бірі - халықаралық кинофестивальдерде танымал болған режиссер Гүлшад Омарованың «Шизо» (2004) фильмі.
Отандық фильмдер халықаралық кинофестивальдерге белсенді қатыса бастады, марапаттарға ие болып, сыншылардың назарын аударды. Ең маңызды жетістіктердің бірі Ермек Тұрсыновтың «Келін» (2009) фильмінің Канн кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысуы болды. Бұл оқиға қазақстандық кино тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болып есептеледі.
Киноиндустрияны дамытудың маңызды факторы инфрақұрылымды жақсарту және заманауи технологияларды пайдалану болып табылады. Қазақстанда заманауи жабдықталған жаңа киностудиялар салынуда, бұл жоғары сапалы фильмдер жасауға мүмкіндік береді. Осындай студиялардың бірі - ұлттық фильмдер шығаруда осы уақытқа дейін шешуші рөл атқарып келе жатқан «Қазақфильм».
Мемлекеттік қолдау киноиндустрияны дамытудың маңызды аспектісі болып қала береді. Қазақстан Үкіметі түрлі гранттар мен бағдарламалар арқылы кино саласына белсенді түрде инвестициялар салуда. 2018 жылы ұлттық киноны қолдауға және оны шетелде ілгерілетуге бағытталған «Қазақстан киносы» атты жаңа бағдарлама қабылданған еді.
Қазақстандық кино ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Тарихи оқиғаларды, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды бейнелейтін фильмдер көрермендерге өздерінің мәдениеті мен тарихын жақсы түсінуге көмектеседі. Тарихи тұлғалар мен оқиғаларға толы Ақан Сатаевтің «Томирис» (2019) сияқты фильмдері ұлттық тарихқа деген қызығушылықтың артуына ықпалын тигізуде.
Отандық киноиндустрия қайта өрлеу мен өсу кезеңін бастан өткеруде,алайда оның дамуына кедергі келтіретін бірқатар елеулі мәселелер бар.Бұл қиыншылықтарға қаржыландырудың жеткіліксіздігі, инфрақұрылымның шектеулілігі, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, маркетинг мәселелері, мәдени және тілдік кедергілер жатады.
Қазақстандық киноиндустрияның басты мәселелерінің бірі - жеткіліксіз қаржыландыру. Мемлекеттік қолдау бар болса да, көбінесе кино түсірудің барлық қажеттіліктерін қамтымайды. Жеке инвестициялар да шектеулі, бұл фильм түсіру процесін қиындата түседі.
Киностудияларды, жабдықтарды және постөндірісті қоса алғанда, инфрақұрылымның дамымауы жоғары сапалы фильмдер түсіру мүмкіндіктерін шектейді. Көптеген фильмдер ескірген жабдықты пайдаланып түсіріледі, бұл олардың сапасына әсер етеді.
Мемлекетіміздің киноиндустриясында режиссерлерді, сценаристерді, операторларды және басқа да мамандарды қоса алғанда, білікті кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. Бұл бәсекеге қабілетті фильмдер түсіруді қиындатады және жалпы өндіріс деңгейін төмендетеді.
Қазақстандық фильмдердің шектеулі дистрибуциясы мен әлсіз маркетингі олардың кеңінен таралуына және танымал болуына кедергі келтіреді. Көптеген фильмдер жергілікті нарықтан шыға алмайды, бұл олардың коммерциялық әлеуетін төмендетеді.
Алайда, қазақстандық кино соңғы жылдары нағыз ренессансты бастан өткеруде, ал комедиялық жанр бұл үдерісте маңызды рөл атқарады. Комедиялар көрермендер арасында хитке айналуда, кең аудиторияны тартып, ұлттық киноның өсуіне ықпал етеді. Заманауи қазақстандық комедиялардың маңызды ерекшелігі жас режиссерлер мен сценаристердің қатысуы болып табылады. Киноиндустриядағы бұл жаңа дауыстар комедиялық фильмдердің тақырыбы мен стиліне әртүрлілік әкеледі, бұл оларды жастар аудиториясы үшін өзекті және қызықты етеді. Осындай комедияларға «Бизнес по-казахски», «Брат или брак» (2017), «Маған назар аудар» (2022), «Хотя бы кинода 2» (2023) секілді танымал фильмдерді жатқызуға болады.
Ал 2024 жылы комедия жанры өзгеріске ұшырап, қазір экрандарда қорқынышты, экшн немесе тарихи драмалық фильмдерді көруге болады. Тарихи драмаларға мысал ретінде осы жылы шыққан «Жамбыл. Жаңа Дәуір» немесе «Соңғы үкім» фильмдерін жатқызуға болады.
Отандық кинонарықтың болашағы перспективалы болып көрінеді. Халықаралық копродукциялар санының өсуі, халықаралық кинофестивальдерге қатысу және инфрақұрылымды жақсарту одан әрі даму үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Ұлттық кинематографияны дамытуға және ілгерілетуге бағытталған мемлекеттік қолдауды жалғастыру да киноиндустрияның дамуында маңызды рөл атқаратын болады.
Халықаралық ынтымақтастық қазақстандық киноны дамытудың маңызды аспектісіне айналуда. Басқа елдермен бірлескен өнімдер, халықаралық кинофестивальдерге қатысу және шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу қазақстандық фильмдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне ықпал етеді. Табысты халықаралық ынтымақтастықтың мысалы - Канн кинофестивалінде танылған Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы – «Айка» (2018) фильмі.
Сонымен қатар 2024 жылы 77-ші Канн кинофестивалінде Қазақстан-Түрік «София» фильмінің әлемдік премьерасы өтті. Авторлар атап өткендей, картинаның негізі - адамның жан дүниесін көруге, уақытына, жасына, әлеуметтік жағдайына және орнына қарамастан барлығын біріктіретін эмоциялар мен қарым-қатынастарды көрсетуге тырысу.
Лентадағы басты рөлдерді түрік актрисасы Яна Рай және қоюшы-режиссер қазақстандық Төлепберген Байсақалов сомдады. Фильмнің түсірілімі екі елде өтті – бастысы - Стамбулдағы Қара теңіз жағасында, тағы бір бөлігі қазақ ауылында түсірілді. Күзде таспа Қазақстанда кең прокатқа шығады деп жоспарлануда.
Жақында «Nomad Stunts» қазақстандық командасының каскадері Ғалымбек Қаратурик Үндістандағы кинофестивальде бірінші орынды иеленді. «Атвикваруни» халықаралық байқауына әлемнің түкпір-түкпірінен 240-тан астам жұмыс қатысқан болатын, ал біздің отандасымыздың лентасы «үздік шетелдік фильм» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Ал қазіргі уақытта Астанада туристік әлеуетті және шығармашылық индустрияны дамытуға ықпал ететін «Дивомира» халықаралық туристік кинофестивалінің қорытынды кезеңі өтуде. Іс-шараға Қазақстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Беларусь, Иран және Қырғыз Республикаларынан жүзден астам бейне операторлар жиналды.Олардың міндеті - өз жұмыстарында өз Отанының табиғи сұлулығымен пейзаждарын түсіру.
Сондай-ақ осы жылдың маусым айында режиссер Камила Сағынтқанның «Happy Independence Day» қазақстандық картинасы Лондондағы алтыншы Халықаралық Еуразиялық кинофестивальде үздік деп танылды. Ұлыбританиядағы Еуразия елдерінің кинематографиясын ілгерілетуге арналған жалғыз платформа биыл 22 елден 100-ге жуық фильмді тартты. Таспа «Үздік қысқаметражды фильм» номинациясында жеңіске жетті.
Қазақстанның киноиндустриясы кеңес дәуіріндегі алғашқы қадамдарынан бастап қазіргі кезеңге дейін ұзақ жолдан өтті. Қазіргі мәселелер мен сын-тегеуріндерге қарамастан, қазақстандық кино дамуын жалғастыруда және бүкіл әлем бойынша көрермендердің назарын аударуда. Мемлекеттік қолдау, инфрақұрылымды жақсарту және халықаралық ынтымақтастық - осы саланың одан әрі өсуі мен өркендеуіне ықпал ететін негізгі факторлар.